Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№6 газет

24 қаңтар 2026 ж.

№ 5 газет

21 қаңтар 2026 ж.

№4 газет

17 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Қауіптің алдын алу – басты мақсат

Қауіптің алдын алу – басты мақсат

Сырдария аудандық сотының төрағасы Қайратбек Бержановтың төрағалығымен баспасөз конференциясы өтті. Бізге мәлім болғандай, өткен 2025 жылы 119 адамға қатысты 88 қылмыстық іс қаралып, оның ішінде 67 адамға қатысты 48 іс бойынша үкім шығарылған, 22 адамға қатысты 22 іс тоқтатылған, 16 іс соттылығы бойынша жолданып, 8 тұлғаға қатысты 2 іс прокуратураға кері қайтарылған, 4 жекеше қаулы қабылданған.

Төрағаның сөзіне құлақ түрсек, қанша айтылып, жазылып жатса да алаяқтық қылмыстары әлі де көш бастап, тыйылар емес. Қылмысқа негізгі себеп – жеңіл ақша, оңай олжа.

– Біз белгілі мерзім аралығында баспасөз конференциясын өткізіп, бұқаралық ақпарат құ­ралдарымен тығыз байланыс орнатамыз. Одан бөлек, айына қаншама ақпараттық мақала жария­лаймыз. Әлеуметтік желі, көптеген іс-шара арқылы да түсіндірме жұмыстарын кеңінен насихаттап жатырмыз. «Алаяққа алданба» деп дабыл қағудамыз. Қылмыстың түбі – жаза екені бесенеден белгілі. Десек те, ауданда алаяқтық қылмыстары азаймай тұр. Бұның түбінде – жеңіл олжаға кенелу деген таяз түсінік жатыр. Бірақ қанша айтқанмен, жеңіл олжа деген болмайды. «Еңбектің наны тәтті» деп халқымыз бекер айтпаған. Біреуді алдап тапқан малдың қадірі болмасы анық. Азаматтарымыз да осындай алаяқтарға бір емес, бірнеше мәрте алданып, опық жеуде. Тиісті жұмыс жүргізілгенімен, адамдардың сана-сезімі, қабылдауы дұрыс болмауы мәселені асқындыруда, – деді сот төрағасы.

Сот төрағасының хабарына сүйене отырып, мы­сал оқиғаны ұсынғымыз келеді. Біреуге сабақ болар, бәлкім. Сырдария аудандық сотында О.-ға қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 2-бөлігінің 4) тармағы бо­йынша қылмыстық іс қаралған. Іс құжаттарына сәй­кес, сотталушы О. жәбірленуші А.-ның сеніміне кіріп, несие рәсімдеу үшін ұялы телефоны арқылы несие тарихын көріп беремін деп ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдап, оның ұялы телефоны арқылы «Kaspi Bank» қосымшасына кіріп, құны 700 000 теңге тауарға онлайн несие рәсімдеп, тауар­ды іс жүзінде алмай, оның орнына 500 000 теңгені ақшалай аударып алып, түскен ақшаны өзінің шотына аударып, жымқырған. Осылайша, сотталушы О. ақпараттық жүйені пайдаланушының сенімін теріс пайдалану, алдау жолымен жәбірленушіге жалпы 700 000 теңге мүліктік шығын келтірген. Сот­талушының кінәсі жәбірленушінің жауаптарымен және басқа да іс-құжаттарымен дәлелденген. Сот үкімімен сотталушы О. бұрынғы жасаған қыл­мысы үшін Қызылорда қаласының №2 сотының 2025 жылғы 3 наурыздағы үкімімен тағайындалған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айы­ру жазасына осы үкіммен тағайындалған 2 жыл мерзімге бас бос­тандығын шектеу жазасын ҚК-нің 58-бабының 3,6-бөліктерінің талаптарына сай онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы түпкілікті 3 жыл 6 ай мерзімге бас бос­тандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Бұл жерде нені көруге болады?! Ұялы телефонды, жеке бағдарламаны біреуге сеніп тапсыруға болмайды. Тіпті, осындай алаяқтардың жолын кесу үшін банктік карточканы екінші тұлғаға беруге де тыйым салынды. Тек ресми мамандарға жүгіну қажет. Жағдайды бағамдасақ, алаяқ өмірлік дақ болар жазаға ұшырады. Бұл бір ғана жағдай, одан бөлек үлкен көлемде қаржы жымқыру жағдайлары орын алып жүргені жасырын емес.

Айта кетейік, 2025 жыл көлемінде сотқа 832 талап қою және 171 іс түскен. Барлығы 729 азаматтық іс қаралған, оның ішінде 98 іс бойынша сот бұй­рығы, 408 шешім қабылданып, 182 іс өндірістен тоқ­татылған, 37 іс қараусыз қалдырылған. Өткен жылмен салыстырғанда түскен талап қоюлар мен іс­тердің саны 338-ге, қаралған істердің саны 328 іске көбейген. Ал алимент өндіру туралы, неке-отбасы даулары ішінара азайған. 2025 жылдың 12 айында соттың өндірісіне 405 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс түсіп, 1 іс өткен жылдан қалдыққа қалған. Түскен әкімшілік құқықбұзушылық туралы істердің ішінде 4 іс біріктіріліп 395 адамға қатысты 395 іс қаралған. 295 адамға әкімшілік жаза қолданылған және 100 адамға қатысты тоқтатылған. 18 жекеше қаулы қабылданған.

– Түптеп келгенде көп қылмысқа – ішімдіктің әсері зор болып тұр. Соны мойындау керек. Ол ащы су ешкімге опа бермеген. Бірақ оны адам өзінің санасымен түсінбесе, тоқтату қиын. Мысалы, жеке кәсіпкер Б. азық-түлік дүкенінде тауарларға арналған ілеспе жүк құжаттарсыз барлығы 841 литр болатын 1417 дана алкоголь өнімдерін сақтаған. Кей кәсіпкер алкогольді сатуда заңдылықты назар­ға алмайды. Түнімен немесе кәмелетке тол­­мағандарға сату жағдайы да әкімшілік құқық бұзушылық іске жатады. Ал қылмыстың өтеуі – жаза болмақ. Аталған кәсіпкерге қатысты да іс қозғалып, үлкен көлемде айыппұл салынды, – дейді сот төрағасы.

Сондай-ақ ауданда есірткі сақтау, сату, өсіру қылмысы да бар екенін айтып өткен Қ.Бержанов аталған мәселенің күрделеніп тұрғанын жеткізді.

– Айтылып та, жазылып та жатыр. Зардабынан бөлек қылмыстық жауапкершілік те жеңіл емес. Десе де, есірткі саудасы тыйылмайды. Бұл – үлкен індет. Жеке бау-бақшасына, жеке тұрғын үйде есірткі егіп, ұсталғандар туралы бұған дейін де айттық. «Ауруын жасырған өледі» дейді ғой. Демек, ол затқа тәуелділік, сұраныс бар. Жақында ғана Сырдария аудандық сотында есірткі затын заңсыз сақтаған азамат А.-ға қатысты қылмыстық теріс қылық ісі қаралды. Полиция қызметкерлерімен сотталушы А.-ның үйіне және онда орналасқан нысандарға тінту жүргізу кезінде жалпы салмағы 9,99 грамм «кептірілген марихуана» есірткі затын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны анықталған. Сот үкімімен сотталушы А. ҚР ҚК-тің 296-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, айыппұл салынды, – деді тағы бір істі мысалға келтірген сот төрағасы өз сөзінде.

Адам – мемлекеттің де, табиғаттың да негізгі капиталы. Жаратылыстың ішіндегі саналысы да – адам. Десе де, түрлі қылмысқа барып, азғындық жасайтын да – осы пенде екені даусыз. «Бұл ретте адамдар өз өмірін, өзгенің өмірін бәске тігіп отырғанын санасымен сезінсе, түсінсе екен дейміз» дейді сала мамандары жанашырлықпен. Расында, бұндай жиын – сандарға негізделген басқосу емес, қауіптің алдын алуды мақсат етіп, ескертуді көздейді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 қаңтар 2026 ж. 46 0