Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№3 газет

13 қаңтар 2026 ж.

№2 газет

10 қаңтар 2026 ж.

№ 1 газет

06 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Боранда да тоқтамаған дәрігер борышы

Боранда да тоқтамаған дәрігер борышы

Ышқынған қасқырдай желді, моншақтай төгілген жаңбырлы, қылыштай қарып өтетін аязды күні дамылсыз жұмыс жасайтын ауыл дәрігерінің бейнеті орасан. Көп қырлы алмас тастай болған әмбебап маманның біліктілігі көпшіліктің көңілінен шығады. Расында, соңғы отыз жылын ауыл медицинасына арнаған Гүлмира Аяшева әрбір қоғалы­көлдік тұрғынның денсау­лығындағы кінәратты жақсы біледі. Сабыры таудай, білімі теңіздей ауыл дәрігерінің әр күні қарбалассыз өтпейді. Жұртшылыққа жасаған еңбегі – инемен құдық қазғандай көрінеді.

«Ауыл дәрігерінің талай жылғы жұмысы бір мақала аясына сыймайды», деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз Гүлмира Аяшева – Аманкелді ауы­лының тумасы. Ауыл баласына сапалы білім берген тәжірибелі мұғалім Қапан Аяшев пен медицина саласының маманы Жұмазия Үмбетованың отба­сындағы 6 баланың ішінен білікті дәрігер анасының жолын қуған. Ата-анасының саналы тәрбиесін алған аяулы жан мектеп бітіргеннен кейін Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнынан педиатр мамандығын мең­геріп шығады. Алғашқы еңбек жолын осыдан 33 жыл бұрын облыстық балалар ауруханасынан бастаған дәрігер өз ісінің білгір маманы атануға талпынады.

– Қоғалыкөл ауылындағы алғаш­қы жұмыс күнім әлі есімде. Бас дәрігердің бұйрығымен 1996 жылы емдеу мекемесіне келгенімде 25 жас­тан енді асқан кезім еді. Жүктелген міндетті абыроймен атқару үшін барымызды салдық. Ойлаңызшы, тұр­мыс құрғанына енді 3 жыл болған жас келіншек үшін кішкентай баласымен күні-түні науқастарға бару қиын­дыққа соққанын жасырмаймын. Жал­пы ауыл медицинасында мен балалар дәрігерімін деп қарап отыра алмайсың. Барлығына жауаптысың. Ауыл дәрігері – саланың жан-жақты ұйым­дастырушысы, терапевт, кардио­лог, жедел жәрдем дәрігері, керек болған жағдайда психолог. Қапелімде жаны қысылған науқастың өмірін аман алып қалу үшін жедел шешім шы­ғаруға ұмтыламыз. Созылмалы дерті бар жандарды үнемі бақылауда ұстаймыз. Шарасыздықтан дәрменсіз күйге түскен науқасқа жігер береміз. Ана мен бала денсаулығына жауаптымыз. Төсек тартып жатқан науқастың аяқтан тұруына сәулелі үміт сыйлауға тырысамыз. Мұның барлығы – бір күнде өтуі ықтимал, – дейді Гүлмира Қапанқызы.

Ақ халатты абзал жанды күнделік­ті жанына дәру іздеген жергілікті халық іздейтін болса, отбасында арқасүйер азаматы мен 3 перзенті күтеді. Оның жары – Ғани Ботабаев бұрыннан жеке кәсіппен айналысады. Ауыл дәрі­гері ер азаматының қолдауы және де­меу­шілігімен жаңа мамандықты мең­­­герген. Қазіргі уақытта жаңа заманауи УДЗ аппаратын сатып алып, диаг­ностикалық талдау жасайды. Ау­дан­нан шалғайда орналасқан елді ме­кендердің тұрғындарына меди­ци­налық көмек көрсетеді.

– Жауапкершілігі мол, күрделі салада қызмет еткен жылдарымда ер аза­матымның қолдауы ерекше. Күн сайын өзгеріске енетін медицина саласында білімді жетілдіріп отырған жөн. Қашанда сапалы қызмет үлгісін көрсете отырып, халық алғысын арқа­лаған жақсы. Бір жағынан елдің берген бағасы жұмысқа серпін беріп, айрықша шабыттандырады. Дамылсыз әрбір күннің артында ауылдастардың артқан сенімі жатыр, – дейді ауыл дәрігері.

Шын мәнінде, кейіпкеріміз жөнінде қалам тербеген сәтте дәрігердің дамылсыз күнде ауылдың аманатын ар­қалауы асқан жауапкершілік екенін сезіндік.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ

13 қаңтар 2026 ж. 52 0