Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№3 газет

13 қаңтар 2026 ж.

№2 газет

10 қаңтар 2026 ж.

№ 1 газет

06 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ауыл тұрғындарына қызмет ететін амбулатория

Ауыл тұрғындарына қызмет ететін амбулатория

Қоғалыкөл ауылындағы медициналық мекеме – дәрігерлік амбулатория. Пайдалануға 2017 жылы берілген емхана ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға, аурудың алдын алуға қызмет етеді. Типтік ыңғайластырылған ғимаратта медицина мамандарынан жанына шипа іздеген сырқат жандар күнделікті емін алады.

Емдеу мекемесінің тарихы әріден бас­талғанымен жаңа ғимараттың бе­ріл­геніне оншақты жыл болған. Амбу­латорияда осы күні 1 дәрігер, 9 медбике, 1 кіші буын медицина қызметкері, 2 жұмысшы еңбек етеді. Сондай-ақ амбулаторияда күндізгі емдеу стационары да бар.

Медицина қызметкерлеріне тұр­ғын­­дарға қызмет көрсетуге мүмкіндік жасайтын емханада өткен жылы келіп қаралғандар саны – 6405.
– Біздің негізгі міндетіміз – ауру­дың алдын алу, науқасқа диаг­ноз қойып, дер кезін­де ем-шара қол­­дану. Сонымен қа­тар тұрғын­дарды дәрігер­лік тек­­се­рістен өткі­зіп тұру, тегін дәрі-дәр­мекпен уа­қы­тылы қам­­­та­масыз ету, егу жұ­­мысын жүр­гі­зу, үй ара­лау, ша­қыр­туларға бару, – дейді дәрігер Зинаида Әбдімә­жит­қызы.

Ауылдық ам­бу­­­­ла­­­­тория жұ­мы­сымен танысуға бар­­­ға­ны­мызда күндізгі емдеу ста­­цио­нарында ауыл тұрғын­дары күн­делік­ті ем қабылдап жатқанын көрдік. Сыр­қат жандар ақ халатты абзал жан­дардың жұмысына көңілі то­латындарын, риза екенін айтты.

– Жасымыз ұлғайған кезде ауы­рып ем іздеп келетін жеріміз осы емхана. Дәрігерімізге көңіліміз толады. Медбикелер де жан-жақты. Ал­ған ем-домымыздан сауығып ке­тіп жатамыз. Әсіресе, қыс кезінде тұмау­ратып жатып қалғанымызда үйімізге шақыртуға қоңырау шаламыз. Көп жасағыр дәрігеріміз дереу келіп, жағдайымызды бақылап, ем-шара жазып кетеді. Біз секілді үлкен кісілерге медбикелер үйімізге келіп, ине салады. Жұмыстары алға баса берсін. Барлығына денсаулық тілеймін, отбастары аман болсын, – дейді ауыл тұрғыны Сламбек Каюпов.

Әрине, дертіне дауа іздеген адам үшін ең алдымен дәрігердің жылы сөзі мен тағайындаған ем-шипасын уақытылы алуына жағдай жасайтын аялы алақан – медбикелердің еңбегі екені рас. Осы ретте емхананың ақ халаттылары ауырып келген 3287 адамға, 904 баланың сауығып кетуіне жүйелі жұмыс жүргізген. Сон­дай-ақ 3118 ауыл тұрғынының, 1618 бала­ның меди­ци­налық тексеруден өтуіне жағдай жасаған.

Күн сайын таңертеңгілік басталатын қарбалас қызмет кешкі уақытқа дейін жалғасып, осы аралықта ауыл тұрғындарының медициналық көмек алуына мүмкіндігі болатындықтан дәрі­гер мен медбикелер аурудың алдын алуға күш салады. Әсіресе, туу жасындағы 308 әйелдің ден­саулығын жіті қадағалап, өмірге дені сау ұрпақ әкелуіне атсалысты. Нәтижелі еңбектің арқасында былтыр ауылдағы 30 жүкті әйелдің 26-ы аман есен босанған.

Ауыл тарихымен бірге жасап келе жатқан іргелі емдеу мекемесінде осы уақыт ішінде бірнеше буын ауысқан. Медицина ардагерлерінің қатарында дәрігер Әжібай Жүсіповтің, медбикелер Злиха Юсупова, Мағрипа Юсупова, акушерка Кеңескүл Бекжанова мен Тынымкүл Абуталипова, медбике Мәрия Жүсіпованың еңбегін ерекше бағалайды. Сонымен қатар ауыл медицинасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, денсаулық сақ­шы­сы ретінде уақытпен санас­пай ерен еңбек үлгісін көрсеткен медицина мамандары Баян Бихожаева, Күләнда Каримова, провизор Үміткүл Абжекенова, медбике Салима Сәрсенбаева, Айнаш Жүсіпова, Ибагүл Байтұяқова, Әмина Джусупова, Ғалия Тілемісова, Ибагүл Ембергенова, Үміткүл Баймағанбетова есімдерін атап өткен жөн. Ауыл медицинасының дамуында еңбегі құрметке лайық жандар аз емес. Олардың қатарында шаруашылық аяжаны Жақсыгүл Канкушеева, кіші буын медицина қызметкерлері Рабиға Ибадуллаева, Мырзакүл Шаданова, Райхан Жакипова, Ажаркүл Ташимова, Ұлбосын Құрымбаева бар. Бүгінгі буын ардагерлікке жеткен аға буынға әрдайым құрметпен қарайды. Ізгі жолын жалғастырып, ауыл тұрғындарына қалтқысыз қызмет етеді.

– Ауыл медицинасы жыл сайын даму үстінде. Медицина мамандары үнемі біліктіліктерін арттырып, аурушаңдықты азайту бағытында, аурудың алдын алуда қызмет етуде. Талап пен тәртіпке бағынған барлық маманның еңбегі мақтауға лайық, – дейді білікті дәрігер Зинаида Опабек.

Бибісара ЖАНӘЛІ
13 қаңтар 2026 ж. 60 0