Алтын жүректі аға мейірбике

Жаңақорған ауданының тумасы Болсынай Қожанбердиева осыдан 34 жыл бұрын Бесарық ауылына келін болып түседі. Оның жолдасы Жамбыл Сейтмұратов – білікті тіс дәрігері. Алғаш қолдарына диплом алған тұста ерлі-зайыпты жастарды Қоғалыкөл ауылындағы емдеу мекемесіне жолдамамен жібереді. Мұнда 1 жыл жұмыс жасаған олар кейіннен өз ауылдарына қайта қоныс аударады.
– Еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдары біз жас маман иесі атандық. Жамбыл екеуміз Қоғалыкөл ауылындағы емдеу мекемесінде жүріп, жергілікті халықтың тісін емдеп, ең бірінші табысымызға қол жеткіздік. Сол күннен бастап, жұбымыз жазылмаған бақытты отбасы санатындамыз. Екеуміз күрделі мамандық иесі атана жүріп, өмірден түйгеніміз көп. Бүгінде дәрігерлік амбулаторияда аға мейірбике ретінде барлық жұмысты үйлестіремін. Аудан орталығымен байланыс орнатып, көпшілікті тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге атсалысамын. 2017 жылдан бері аға мейірбикелік қызметте шыңдалып, жұмыстың жүйелі болуына атсалысып келемін. Аға буыннан білгенімізді ауыл медицинасының өрлеуіне пайдаланып келеміз, – деді Болсынай Тұрсынқұлқызы.
Негізінен, Болсынай Тұрсынұлқызы күн сайын таңғы 8.00-ден бастап, дәрігер Гүлайым Жәнібекқызының жанынан табылады. Бір күндік жоспар құрылғаннан кейін аға мейірбике жергілікті халыққа сапалы қызмет көрсетілуін назарда ұстайды. Мейірбикелерге науқасқа ем-шара жасар алдында ұқыпты, тиянақты, жан-жақты болуды тапсырады. Тұрғын үйлерге шақырту түскенде уақытылы мамандардың баруына көңіл бөледі. Химизатор қызметінде жасай жүріп, туберкулез дертінің алдын алуға күш салады.
– Дәрігерлік амбулаторияда туберкулез дертіне шалдыққан жанның денсаулығын қадағалайтын арнайы бөлме қарастырылған. Дерттен емделіп шыққан тұрғындарға дәрі-дәрмегін беріп, жағдайына қанығамын. 2024 жылы туберкулез дертімен ауырған науқас ауылымызда тіркелмеді. Мекеменің санитарлық тазалығына аса мән беремін. Әрине ауру тудыратын лас дүниелерді тазалау – басты орында. Жинақылықты талап ететін медицина қызметі олқылықты кешірмейді. 1337 ауыл тұрғынының уақытылы флюрадан өтуіне, балалардың манту сынамасын алуына жауапты саналамын, – дейді аға мейірбике.
Бүгінде үйдегі отағасы Жәкең ауыл тіс емханасын ашып, көпке сапалы қызмет үлгісін көрсетуде. Ерлі-зайыпты 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп, оларға жоғарғы мамандық алып беруге күш салған. Ұл-қызына тағылымды тәрбие берген медицина саласының майталмандары әлі талай тұрғындардың денсаулығын түзеуге аянып қалмасы анық.
Б.АЯБЕКҰЛЫ