Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№3 газет

13 қаңтар 2026 ж.

№2 газет

10 қаңтар 2026 ж.

№ 1 газет

06 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Қариясын қадірлеген ел ардақты

Қариясын қадірлеген ел ардақты

Қазақ халқының үлкенге құрмет көрсету, қадірлеу, кішіпейілділік таныту қасиеті ерекше. Бұл – өзге халықтан дара­лайтын, қанына сіңген қасиет. Бүгінде ел егемендігін еркін тойлауымыз – халқы үшін қасық қаны қалғанша күрескен ардагерлеріміздің ерен еңбегі мен данагөй ақсақалдарымыздың ақ тілеу, батасының арқасы.

Қазақ қоғамында қай кезеңде болсын жастар үлкенге қарап бой түзеп, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесін санасына сіңіріп өскен. Ықылым заманнан бері халқымыз көп­шілік ортада, яки отбасында әрбір бастамасын шаңырақтың шат­тығына ие қазыналы қартының батасымен бастаған. «Өнегелі қарт жоқ жерде өнерлі жас та жоқ» деген. Бала тәрбиесінде ата мен әже мектебінің, тәрбиесінің рөлі жоғары.

Халқымызда «Қартын сыйлаған ел­дің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Қазақ – қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол – ұрпақтың көрегендігі. Қазыналы қарттардың, қадірменді қариялардың басын қосып, бос уа­қытын тиімді өткізу, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында ардагерлер кеңесі жұмыс істейді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әлемде, елімізде түбегейлі өз­геріс­тер жүріп жатқанымен, осындай алмағайып кезеңде мемлекет даму­дың жаңа бағдарын айқындап, сол жолмен қадам басып келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстарды дұрыс үйлестіру үшін әділетті, таза және қауіпсіз Қазақстан құруымыз қажет. Сондықтан да біз алған бағы­тымыздан таймай өтуіміз керек, заң мен әділдік үстемдік құрып, бір­лігі бекем біртұтас ұлтқа айналу үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Мемлекет басшысы ардагерлермен кез­десуінде аға буынды Ұлттық құ­рылтайда, Жолдауында айтылған мін­деттерді жүзеге асыруға, атап айтқанда жастарды нашақорлық, лудомания секілді әлеуметтік кеселдерден сақтандыру, отбасы институтын дәріптеу ісіне белсенді ат­салысуға шақырған болатын. Бүгінгі таңда аудан ардагерлері де ел Президенті атап өткен бағыт бойын­ша жастарға ақыл-кеңесін айтып, үлгі-өнегелерін көрсетуде. «Сырдария аудандық ардагерлер ұйымы» Қоғамдық бірлестігі, оның аудандық кеңесі мен бастауыш ардагерлер ұйым­дары өздерінің күнделікті қыз­метінде республикалық арда­герлер ұйымының съезі мен пленум­дарының, облыстық ардагерлер Кеңесінің шешімдерін басшылыққа ала отырып, ұйым жарғысы негізінде жұмыс жүргізіп келеді, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.

Қазіргі таңда ауданда 4271 ардагер бар. Оның ішінде ерлердің саны – 1625, әйелдер – 2646. Аудандағы ардагерлердің 1-і ҰОС-қа қатысушы, 98-і – тылда еңбек еткендер. Және Құрметті азаматтарымыз бен мәртебелі марапат, ауқымды награда иегерлері де бар. Зейнеткерлік жасқа жетіп, еңбегінің жемісін көріп жүрген ардагерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі көлемдегі іс-шара­лар, басқосулар өткізіліп тұ­рады. «Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» демекші, қазыналы қарттарымыз қашан да кейінгі буын­ға үлгі-өнеге көрсетіп, ақ батасын арнайды.


Айта кетейік, Сырдария аудандық ардагерлер ұйымы 1987 жылы ақпан айында құрылған. Сыр­дария ауданында алғашқы төраға Тасмағанбет Батыршаев бол­са, бұрынғы Тереңөзек ауданында Уәлибек Әбдуов болған. Ардагерлер ұйымының негізгі міндеті – кезінде қоғамға еңбегін сіңіріп, қазір зейнеткерлік демалыста жүрген қарттарымыздың іздеушісі, қамқоршысы болу. Сырдария аудандық ардагерлер ұйымы басқалардан өзгеше қалыптасу жолы­мен, өзіндік тарихымен ерек­­­шеленеді. Ол дербес түтін түтет­кен Сырдария және Тереңөзек аудан­­дарының бірде қосылып, бірде бөлініп, қайта қосылған жағ­дайларына байланысты. Одан кейін­гі жылдары аудандық ардагерлер ке­ңесіне Наурыз Қартбаев, Хайролла Әбенов төрағалық етті. Бұл кісілердің өз кезегінде ауданның өсіп-өркендеуі жолында қосқан үле­сі зор.
– Ардагерлердің қоғамдағы абыройы мен беделін, белсенділігін көтеру – негізгі міндеттердің бірі. Осы орайда аудан, ауылдарда өткен іс-шаралар мен жиындарда ардагерлер белсенділігімен көзге түсуде. Оның дәлелі ретінде өзін-өзі басқару мақ­сатында құрылған қоғамдық қауымдастықтардың барлығын ардагерлер басқарса, мүшелерінің басым бөлігі зейнеткерлер екендігін айтуға болады. Бүгінде ауданда ҰОС ардагері, Сырдария ауданының Құр­метті азаматы 104 жастағы батагөй ақсақал Яхия Тасыров атамыз ортамызда жүр. Қарияларымыз кейінгі ұрпаққа ақыл-кеңестерін айтып, үлгі-өнеге көрсетуде, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Расында ардагерлерге ұдайы қолдау көрсетіліп келеді. Тірі тарих­қа айналған ардагерлермен аудан басшылығы да, жастар буын­ы да тығыз байланыс орнатып отырады. «Өткенге құрмет – келешекке міндет» демекші, өмірден озып кеткен ауданның қадірменді азаматтары да естен шыққан емес. «Парасат» алаңында ауданнан шыққан Социалистік Еңбек Ерлері­нің құрметіне бюст қойылған. Орталық саябақта «Тағзым» алаңы бар. «Еңбек даңқы» музейінде де ауданның өркендеуіне үлес қосқан, әлі де еңбегін арнап жүрген азаматтарға құрмет суреттер галлереясы орналасқан. Ардагерлерге ұдайы құрмет көрсетіліп отырады. Аудан әкімінің басшылығымен аталған орындарға сенбілік жүр­гізіліп, тазартылып тұрады. Алаң­дар, аудан көшелері жөнделіп, жаңа нысандар бой көтеруде. Бұның бәрі өткенге жасалған құрмет, келешекке салынған инвестиция деуге негіз бар.

Жалпы айтқанда, бүгінгі зейнеткер – кешегі ел дамуына сүбелі үлес қосқан қызметкер. Жұмыс барысында ұзақ жыл еңбекке араласып үйренген жандарға үйде отыру – қиынның-қиыны. Аудандық ардагерлер кеңесінің де негізгі мақсаты осы ардагерлерді ұйыстырып, басын біріктіріп, қоғам өміріне белсенді араластыру болып табылады. Осы ретте ауданда аудан әкімінің тікелей қолдауымен «Ұлағат» әкелер ан­самблі құрылып, түрлі мерекелік іс-шараларда өз өнерлерін көрсетеді. Ансамбль құрамында өнер майталмандары бар. Сондай-ақ ауылдық округтердегі мәдениет үйі жанынан құрылған әжелер ансамбльдері өз жұмысын жандандырып, кейінгі буынға үлгі болумен қатар, мәдениет пен руханиятты дамытуға үлес қосып жүр. Тіпті республикалық деңгейдегі байқауларда топ жарып, облыс атын айшықтап жүргенін де мақтанышпен айтып өту орынды. Спортты жанына серік еткен ардагерлеріміз саламатты өмір салтын кейінгі буынға насихаттаудан танған емес. Міне, аудан ардагерлері туралы сөз қозғасақ, барлығын айтып тауысу мүмкін емес. Қарттар – қоғамның қазынасы.

Тарихты тұлғалар жасайтыны рас. Бүгінгі ұрпақтың алаңсыз, қам­сыз тіршілігі мен ел егемендігін сақтау үшін жасаған еңбектеріңіз үшін мың алғыс. Қарты бардың – қазынасы бар. Ендігі жерде Тәуелсіз Қазақстанды одан әрі көркейту, Алаштың аспанкөк туын желбіретіп, атамұрасын келер буынға аманат ету – біздің парызымыз.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
13 қаңтар 2026 ж. 73 0