Сегіз жасында канал қазған
Киіз кітапқа жүк болатындай тағылымы мол әңгіме өрбітетін қазыналы қарт жүрген жерімізде кезіксе, тыңдауға дайын тұрамыз. Қоғалыкөл ауылында нағыз еңбекпен шыныққан 91 жастағы қария тұрады. Балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, ашаршылықтың да зардабын көрген Әлиакбар Жұмаділдаев жөнінде біраз ой түйдік.Қазіргі уақытта сегіз жастағы бала жыламай тамақ ішпейтіні рас. Сол кездегі 8 жастағы кейіпкеріміз канал қазу ісіне араласқан. Қолында кетпені бар үлкендердің жанына ерген ол қазылған құмды сыртқа шығаруға көмектесті. Өзі секілді балалар бейнеттен қашпады. Қайта қара жұмысқа ерте араласып, ауылға аяқсу келтіруге жұдырықтай жұмылды.
– Мықшыңдап әрең жүрген бізге каналдың ішіндегі құмды қолдап сыртқа шығару жүктелді. Қарбаласқа толы жұмыс күнінің бірінде ауылдастарымызбен бірге адам басының қаңқасын тауып алдық. Мұндайда естияр азаматтар жөн-жоралғы жасап, адамның басын қайта көмді. Қазіргі «Жаңаарық» каналының қазылу тарихы 1942 жылдан басталады. Біз де елден қалмай, білім алғымыз келеді. Бірақ жасымыз сәйкес келмейді. Сражаддин Әбибуллаев ағамыз бригадир ретінде аудан орталығымен байланыс орнатып, қол жеткізе бермейтін техниканы алып келді. Егін егуге машықтанған халық үшін Қарақұмның маңынан канал қазып, тіршілікке жан бітіру – басты мақсатымыз болды, – дейді Әлиакбар Жұмаділдаұлы.
Отбасында жалғыз інісінен айырылып, анасына болысқан Әлиакбар ақсақалдың әкесі ұста болған. Анасы Кенжегүл үйдегі отағасының жолын тосып, баласын жалғыз жеткізген. Күнделікті жұмыста берілетін ас-ауқаттың жартысын баласына әкелетін. Кеудесінде намыс кернейтін Әлиакбар жұмыс жасауға асығатын. Тек жеті сыныптық білімі бар оны бірнеше мәрте талпыныстан кейін Қызылорда қаласындағы механизаторларды оқытатын білім ордасына қабылдайды. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін ауылға келіп, кәнігі механизатор атанады. Техниканың тілін біліп, ауыр жүк көлігінің бұзылмауына жауапты болады. Сапалы әрі ұқыпты жұмыс істейтін механизаторға қашанда жаңадан келген автокөліктің басым бөлігі сеніп тапсырылады.
– Трактор, комбайн тізгіндеген сәтте ақауды дыбысынан аңғаратын едік. Жылда үздік механизатор атанып, үздіктер қатарынан көріндім. Әбілқасым Ешпанов, Рахат Сасиқов, Қыстаубай Кәрібаев замандастарыммен бірге ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек ете білдім. Кеудемде ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені мен қола медаль жарқырай түсті. Бұның барлығы – табандылық пен жауапкершілікті сезіне білгеннің арқасы. Еш уақытта орден алғанымызға мастанбай, аграрлық саланың белді өкіліне айналдық, – дейді қазыналы қарт.
Өткен күннің тарихына көз жүгірте қарайтын қария ұсталық қызметті де атқарған. Темірден түйін түйіп, шаруаға қажетті бұйым жасаған. Әлі де ұстахананың орнынан келген еңбек адамы басшылық қойған үдеден шығады. 1955 жылы өмірлік жары Ақбаламен бірге отау құрып, 10 баланың ата-анасы атанады. Қазіргі уақытта олардан тараған ұрпақтары үлкен әулетке айналды. Қазіргі уақытта әкесінің күтіміне бейжай қарамайтын ұлы Исабек те ұсталық кәсіпті жанына серік еткен.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










