Тіршілікке жан бітірген «Жаңаарық»
Сырдарияның қай ауылына барсақ та, өзіне тән тіршілік ауаны байқалады. Ертеректен мал шаруашылығымен айналысып, көбіне Қамбар атаның төлін өсіруге машықтанған Қоғалыкөл ауылында жақсы мен жайсаңның басы қосылған. Бұрыннан тіршілік көзіне айналған судың сұрауы бар екенін жақсы білетін ауыл жұртшылығы канал қазып, күнкөріс қамына кіріскен. Осы жолғы Қоғалыкөлдегі сапарымыз барысында ауылдың кіреберіс бөлігінде орналасқан «Жаңаарық» каналының тарихына зер салған едік.Төрт түлігі өрісте жайылған елді мекенде берекесі тасыған жергілікті халықтың өмір сүру дағдысы өзгеше. Ауылдың басым бөлігі бақшалық жеріне дәнді-дақыл орналастырып, ризық-несібесіне қол жеткізіп келеді. Егін және мал шаруашылығына икемді елдің қажетіне жарап тұрған «Жаңаарық» каналының жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрайды. Оның негізгі сағасы – Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінен бастау алады. Ұлы Отан соғысы жылдары қолдап қазылған каналдың атауы «Октябрь» және «ЛМК-3» болып өзгеріп, кейіннен «Жаңаарық» аталған. «Майарық», «Жаманқара», «Алтайбек», «Бидайкөл», «Аңламас» сынды көлге «Жаңаарықтан» аяқсу жіберіліп, күріш алқабы толықтай қамтылған.
– Бала күнімізден құмында ойнап өскен ауылымыздың әрбір бұрышы қасиетті тарихқа толы екенін жақсы білеміз. Мемлекеттік қызмет саласында еңбек ете жүріп, ауылдың маңайында орналасқан көптеген тарихи жер жөнінде шағын мәлімет қорын жинауды негізгі жұмысыма айналдырдым. Елді мекенде «Жаңаарық» каналынан бөлек, «Қожаарық» арнасы бар. Қос каналды кезінде ел ағалары «өтелектеу» әдісімен қолдан қазғандығын көпті көрген жандар айтқан болатын. Негізінен, «өтелектеу» әдісі бойынша сол кездегі жас бала шоғырын каналды қазуға жұмсаған. Сөздің реті келгенде айта кетейін, біздің өлкеде «қырық жігіттің» табандылығын жеткізетін көнекөз қария саны азайды. Кезінде Қарақұмның бойында қырық жігіт шөл даладан келе жатып, құдық қазып су шығара алмаған көрінеді. Ақырында шөл даладан су шығара алмаған қырық жігіт жан тәсілім еткен, – дейді Қоғалыкөл ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Бақытжан Әбибуллаев.
«Әзенарық», «Астаукөл», «Абдразақ» секілді каналдың көбісі Қоғалыкөл ауылының тыныс-тіршілігімен байланысып жатыр. Барлық аяқсу жүретін арнаның өзіндік атқаратын қызметі бар. Су арнасының әрқайсысын қаздыруда, ауылға аяқсу әкелуде еңбек адамының қолтаңбасы жатыр. Әрине, ел бар жерде ешқашан қым-қуыт тіршілік ағыны таусылмайды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











