Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 100 газет

31 желтоқсан 2025 ж.

№ 99 газет

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 газет

23 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Бірлік – ұйымшылдықта, табыс – еңбекте

Бірлік – ұйымшылдықта, табыс – еңбекте

Аудан медицинасы сан түрлі құрылымнан тұратын үлкен ұжымның еңбегінің арқасында орасан жетістікке қол жеткізіп келеді. Қырық мыңға жуық аудан халқына 800-ге жуық медицина маманы қалтқысыз қызмет етуде. Сырқат жанына араша бола білген ақ халаттылар жылды қорытындылап, мерекелік кеш аясында бас қосты. Жақында аудандық емхананың базасында «Ақ халаттағы ақ тілек – 2025» жаңа жылдық кеші шымылдығын түрді.

Мерекелік кешті ашқан аудандық ауруха­наның бас дәрігері Жанар Жұмабаева сөз сөй­леп, әріптестерін жаңа жылмен құт­тықтады.

– Өткен жыл аудан медицинасы үшін толағай табыстармен есте қалды. Мәселен, Аманкелді және Шаған елді мекенінде орна­ласқан дәрігерлік амбулатория ғимара­тына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Жыл басын­да облыстық деңгейде науқастарды қабыл­дайтын «Паллиативтік көмек» және «Медициналық оңалту» бөлімшесі бар жаңа емдеу мекемесі пайдалануға берілді. Жаңадан алынған медициналық құрылғылардың қа­тарында ота жасауға арналған үстел, рентген аппараты, көпфункциялы төсек-орын, спорт­тық жаттығуларға арналған құрылғылар, гине­­кологиялық кресло, науқас мониторы, диагностикалық ультрадыбыстық аппарат секіл­ді көптеген құрал-жабдық бар. Аудандық емхананың «Стоматология» кабинетіне арнайы тіс емдеуге арналған, бірнеше бағытта қызмет көрсететін кресло алынып, табыс­талды. Массаж жасауға және науқастарға физиотерапиялық ем тағайындау үшін бір­неше аппарат сатып алынды. Су мұнарасы жаңартылды. Аудандық аурухананың жедел сатысы да жаңғыртылды. Тынымсыз еңбек­тің нәтижесінде сала мамандары жоғары жетіс­тікке қол жеткізе алды. Алдағы жылдан зор үміт күтеміз. Халық денсаулығын жақсарту бағы­тында бірлесіп жұмыс атқара береміз. Жаңа жылда тек жақсылық пен бақ-береке тілеймін, – деді Жанар Әшімқызы.

Өз кезегінде бас дәрігер әріптестерімен бірге талай жыл аудандық ауруханада еңбек еткен сала маманы мен қызметкерлерін зейнет демалысына шығарып салды. Ең алдымен ел-халықтың ыстық ықыласына бөленіп, табандылығы мен адал қызметі үшін алғыс арқалаған «Жалпы тәжірибелік» бөлімнің мейірбикесі Рабиға Құлмахановаға лайықты құрмет көрсетілді. Ал Қоғалыкөл ауылдық дәрі­герлік амбулаториясының кіші буын қыз­меткері Қайыркүл Талпақова мен аудандық аурухананың шаруашылық бөлімінің ағаш ұстасы Абдуахит Жүсіпов зейнет жасына жетіп, ұжым ортасында мәртебесі биіктей түсті. Құрмет төріндегі жандарға әріптестері жылы лебіздерін білдіріп, өмір жолындағы маңызды белесті бағындыруларымен құттықтады.

Ендігі кезекте жыл үздіктері анықталып, оларға арнайы номинациялар мен сыйлық табысталды. Айта кетейік, «Дәріхана» бөлім­шесінің меңгерушісі, провизор Бақыт Шакирова «Жылдың талапшыл бөлімше меңгерушісі», неонатолог Алтынай Ижазова «Жыл дәрігері», «Жалпы тәжірибелік» бөлімінің аға мейіргері Гүлзада Мырзабекова «Үздік аға мейіргер», «Жан сақтау» бөлімшесінің аға аяжаны Гүлзат Рахметова «Үздік мейіргер», Іңкәрдария ауылдық фельдшерлік-акушерлік бекетінің аку­шеркасы Фариза Ерімбетова «Үздік акушерка» атанды. Сондай-ақ «Зертхана» бөлім­шесінің лаборанты Гүлсім Қайранбаева «Үздік лаборант», «Функционалды диагностика» бөлім­шесінің кіші буын қызметкері Кенжегүл Дүйсенова «Үздік кіші буын қызметкері», «Шаруашылық бөлімінің» маманы Ерлан Кенбай «Үздік шаруашылық қызметкері» номинациясына ие болды. Бұл ретте «Жылдың үздік бөлімшесі» және «Үздік дәрігерлік амбу­латория» номинациялары «Кеңес беру-диагностикалық» бөлімшесінің меңгерушісі Серік Маханбетов пен Шіркейлі ауыл­дық амбула­ториясының меңгерушісі Бахыт­күл Қайбылдаға табысталды.

Жыл үздіктерін марапаттауға арналған кеште аудандық ауруханаға қарасты бөлімшелер өзара өнер көрсетіп, жарысқа түсті. Ән мен биді ұштастырып, мән-мағынасы зор көрініс қойған ақ халатты жандар үздік болуға талпынды. Әділқазылар шешімімен дара шыққан бөлімшелер анықталды.

Нәтижесінде «Ең үздік өнер көрсеткен бөлімше» номинациясымен бірге жүлделі І орынды «Жалпы тәжірибелік бөлімше», «Шығармашыл бөлімше» атағын иеленген «Жан сақтау» бөлімшесі ІІ орынды, «Көрермен көзайымына» айналған «Фтизиатрия» бөлім­шесі жүлделі ІІІ орынды еншіледі. «Ең әсем безен­дірілген бөлімше» номинациясы «Меди­цина­лық оңалту» бөлімшесіне бұйырды.

Кеш барысында бас дәрігердің ішкі аудит және пациенттерді қолдау жөніндегі орынбасары Жұлдызай Баймишова барлық жеңім­паздарды құттықтап, қазылар алқасының мүшесі, бас экономист Бердібек Тәжімұратпен бірге марапаттады. Белсенді қатысып, жүлде­гер атанған бөлімшелер мен номинация иеле­ріне аудандық аурухана жанындағы медицина қызметкерлері кәсіподақ ұйымы атынан ба­ғалы және қаржылай сыйлық берілді.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ

31 желтоқсан 2025 ж. 81 0