Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№99

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 газет

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Өнерлі өрендер кеші

Өнерлі өрендер кеші

Жақында Қоғалыкөл ауылдық клуб үйінің меңгерушісі қызметіне тағайындалған Елдос Жаппасбаев хабарласып, мәдениет ошағында өткізілетін іс-шараға шақырған болатын. Берекесі тасыған ауылға өзіндік жаңалығымен келген жас басшы жұмыс жоспарына сәйкес, үйірме мүшелерінің жылдық қорытынды концертін ұйымдастырды. Оған ауыл әкімі Бақытжан Рахымбеков, ардагерлер мен жергілікті халық қатысты.

«Бір жылдық еңбек – бір кештік мереке» тақырыбында өткен кеште ауылдың өнерлі өрендері өз шығар­ма­шылығымен танылды. Іс-шара барысында ұстаз бен шәкірттің жыл бойы атқарған жұмысы көрініс тауып, әрбір жас өнерпаз ән айтып, би биледі. Домбыра шанағынан төгілген күмбірлі күй жиналған көпшілікті еліктіріп әкетті.

Өз кезегінде ауыл әкімі Бақытжан Жұмабекұлы клуб ұжымы мен өнер­паздарды алдағы Жаңа жыл мере­кесімен құттықтады.

– Қоғалыкөл ауылы – көптеген талантты тұлғалар шыққан қасиетті мекен. Есімі елге белгілі жандардың ізін жалғай білген жас жеткіншектерге әрдайым үмітпен қараймыз. Үйірме арқылы шығармашылық әлеуетін арт­тырып, жетістікке жетіп жүрген жастардың өнеріне тәнтіміз. Кәсіпорын меңгерушісі Елдос Жаппасбаев жыл­дық жоспарды бекітіп, алдағы жылы ұжыммен бірге мазмұнды әрі маңызды бірнеше іс-шара өткізуді қолға алуда. Әрине, тынымсыз еңбектің артында көңілге қуаныш сыйлайтын жеміс тұрады. Бүгін өнерімен танылған өрен­­дер ертең үлкен сахналарда ауыл мерейін тасытатынына сенемін, – деді ауыл әкімі.

Өнерлі өрендер кешінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сламбек Қаюпов сөз сөйлеп, барлық қатысушыға ақжарма тілегін жеткізді. Кеш соңында өнерлі жастар марапат төрінен көрінді.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ

27 желтоқсан 2025 ж. 19 0