Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті маман дайындау шеберханасының жетекшісі

Білікті маман дайындау шеберханасының жетекшісі

«Жұмысшы мамандықтар жылында» еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және нарыққа қажетті мамандық иесін дайындау – негізгі мәселенің бірі саналады. Сан салаға бөлінген қызмет сатысында әрбір маман иесі өзінің кәсіби біліктігін шыңдауға бейімделеді. Бүгінде Сырдария аграрлы-техникалық колледжінде бірнеше бағытта білім алушы кәсіби бағдар алып, қоғамның бір белді мүшесіне айналуда. Білікті, білімді маман дайындау­да ұстаздық етіп келе жатқан Алтын Қожақова мол тәжірибесі арқылы шәкіртіне бағыт-бағдар беруде.

Қашанда теория мен тәжірибені қатар ұш­тастыратын ұлағатты ұстаз­дың бұған дейінгі өмір жолына көпшілік жақсы таныс. Сондықтан біз мақаланың өзегін ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі әдіс-тәсіліне ар­на­мақ­пыз.

Инженер-технолог маман­дығының иесі педагогика сала­сын­дағы бірнеше жылдық жұмыс өтілінде 9 топтың студентін үлкен өмірге қанат қақтырған. Осы оқу жылында жаңа топтың жетекшісі атанған Алтын Астраханқызы 12 жасты «Тігін өндірісі мен киімдерді үлгілеу» бағыты бо­йынша оқытуда.

– «Жұмысшы мамандықтар жылында» жастарға көптеген қолдау көрсетілуде. Әрине, кадр дайындау мәселесі еш уақытта өзектілігін жоймайды. Сырдария аграрлы-техникалық колледжінде 1996 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келемін. Әрине, еңбекке ерте араласқан әрбір студентім мамандықтың шыңына жетуге ұмтыла білді. Қазіргі уақытта Айжан Әбілова, Әлия Пірімбетова, Райхан Рышманова, Жанар Ашықбаева, Құралай Досмағанбетова, Салтанат Жұмабаева сынды шәкіртім саланың қыр-сырын меңгеріп, жеке кәсіп ашып немесе арнайы мамандық иесі атануда. Өзім шәкіртімнің икеміне қарай өндірістік тәжірибеден өту үшін арнайы жұмыс орнына жолдап отырамын. Өзінің кәсіби шеберлігін көрсете білген олар тұрақты жұмыспен қамтылады. Тігін тігуге ең алғаш әжем арқылы қызығушылығым оянған. Өз мамандығым арқылы қаншама жастың болашағын қалып­тастырғаныма қуа­ныштымын, – дейді ұлағатты ұстаз.

Негізінен, білім берудің жаңа бағ­дарламасына сәйкес, студентке екінші курстан бастап, тігін өндірісіне қатысты дәріс беріледі. Яғни тігін тігу өнері, қауіпсіздік ережесі, технологиямен жұмыс жасау бағытында кешенді бағдарлама құрылған. Алтын Астраханқызы қашанда білім мен практиканы қатар ұштастырады.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» мен Байқоңыр кешенінің 70 жылдығы аясында өткізілетін халықаралық бай­қауға ұстаздың шәкірті Ақерке Ерма­ған­бет бақ сынады. Байқоңыр жоғары колледжінде жүзеге асқан байқауда ұстаз бен шәкірт тігін өнерін кеңінен насихаттады. Өз кезегінде Ақерке Ермағанбет аталған байқауда ІІ орынды жеңіп алды.

Шәкірт тәбиелей жүріп, көптеген же­тіс­тікке қол жеткізген аяулы ұстаз ір­гелі ұжымның мәртебесін көтере бермек.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
18 наурыз 2025 ж. 148 0