Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Әне-міне атаулы жыл да өз мәресіне таяп қалды. Әрине, еңбек адамдары мен жұмысшы мамандарға деген құрмет бір жыл аясында қалмасы анық. «Еңбек ер атандырады» дейтін халқымыз адал еңбекті қашан да жоғары бағалайды. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жұмысшы мамандықтар жылы» біздің ауданда да лайықты түрде атап өтілді.Еңбек адамының адал тірлігі мен тұшымды тұрмысын насихаттауға арналған игі іс-шараның бірі «Үздік ауыл» Нағи Ілиясовта өтті. Ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Сұхбат TIME» жобасы аясында жұмысшы мамандармен кездесу өтті. Мәні мен маңызы зор жиынға ауыл тұрғындары куә болып, «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» тақырыбын арқау етті. Іс-шараның басты қонағы ретінде Сырдария ауданының құрметті азаматы Дархан Ералиев басшылық ететін іргелі ұжым «Мағжан және К» ЖШС-нің еңбек ардагері мен еңбек озаттары сахна төріне жайғасты. Сыр тайқазанын тасытып, маңдай терімен ырыс дарытқан еңбеккерлер Күлбарам Ахмет, Төлепберген Қалиев, Серік Жаулыбаевпен сұхбат өрбіп, кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетілді. Кеш қонақтары туралы алдын ала дайындалған видеоролик көрсетіліп, еңбек адамдарының еселі еңбегі насихатталды. Өз кезегінде қонақтарға атқарып жүрген жұмыстары туралы сұрақтар қойылып, сонымен қатар кейінгі буынға айтар ақыл-кеңестері де тыңдалды.
Бұл ретте бірнеше жыл бойы адал еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласына өлшеусіз үлес қосқан еңбек ардагері Күлбарам Нұрбайқызы еңбек жолын туған ауылындағы шаруашылықтан бастап, мал фермасында зертханашы қызметін атқарғанын айтып өту орынды. Сүттің құнарлылығы мен майлылығын зерттеп, өндірістің дамуына үлес қосқан жан адал еңбегі мен жауапкершілігінің арқасында диспетчерлік қызметті де абыроймен атқарған. 30 жыл бойы аталған салада еңбек етіп, 2024 жылы зейнеткерлікке шыққан. Еңбек еткеннің еңсесі биік екенін ісімен көрсетіп жүрген Кұлбарам апай өнегелі отбасының ұйытқысы болып, жұбайымен бірге 4 бала тәрбиелеп өсірген, 6 немеренің ардақты әжесі.
Ал еңбек озаты, егіс даласында ұйымшылдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, жоғары өнімге қол жеткізген үздік күріш бригадирі Төлепберген Алмасұлы осы ауылдың тумасы. Жастайынан ауыл шаруашылығының қыры мен сырына қанық өскен ол еңбек жолын «Мағжан және К» ЖШС-де жұмысшы болып бастап, 11 жылдан бері өндірістік бригадир қызметін атқарып келеді. Аянбай еңбек етудің арқасында жыл сайын жоғары өнім көрсетіп, бірнеше мәрте дипломмен және арнайы марапатпен наградталған. Қазіргі таңда жұбайымен бірге 4 бала тәрбиелеп, 6 немеренің ардақты атасы атанған жанның кейінгі буынға айтары мол.
Күзгі науқанда күн мен түнді айырмай, даланың төсінде табандылық танытатын жандар – комбайншылар. Олар – өнімнің әрбір масағын ысырапсыз жинап, ел ырысын еселейтін мамандар. Үздік комбайншы – Серік Төлебиұлы да әсерлі кештің құрметті қонағы болды. «Абзал және К» компаниясында 16 жыл бойы комбайншы болып еңбек еткен азамат соңғы 5 жыл ішінде көзге түскен еңбегі үшін «Мағжан және К» ЖШС тарапынан бірнеше марапатқа ие болған. Отбасында 5 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған ардақты әке ұрпағына еңбектің наны тәтті екенін айтудан жалыққан емес.
Бұл кездесу кеші – адал еңбек пен елге қызмет етудің, маңдай тердің қадірін ұғындырған тағылымды басқосу болды. Еңбек адамы – елдің тірегі, қоғамның негізі. Әрбір жетістіктің артында төзім мен табандылық жатқаны аян. Бұл ретте ауылдық мәдениет үйінің директоры Нұрбол Тұранов еңбек озаттарына жылы лебізін білдіріп, ауыл әкімінің атынан Алғыс хат пен мәдениет үйі жанынан сыйлықтар тапсырды. Мәні мен маңызы жарасқан кеш ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен әрленді.
Айта кетейік, шаруасы шалқыған Нағи Ілиясов ауылы бүгінде көркіне көз тоймайтын, үлгілі ауылдар қатарында. Ауылдық округте «Мағжан және К» ЖШС-нің демеушілігімен толайым табысты істер оң нәтиже беруде. Сондай-ақ үздіктер көшін бастаған шаруашылық аудандық газеттің шынайы жанашыры екенін айта кету орынды. «Құрмет» орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы Дархан Жұмашұлы бастап, Сырдың басты дақылын егіп, тынымсыз еңбектің нәтижесінде қамбаны астыққа толтырған ұжым аудан айнасына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ










