Халық игілігіне – «Сыр дәмі»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында шағын кәсіпкерлікті қолдау керегін, сондай-ақ түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Бастаушы кәсіпкердің мемлекеттен қаржылай қолдау табуы әртүрлі саланың ауылдық жерден бастап, аудан, қалаларда дамып өркендеуінің кепілі. Сырдария ауданы бойынша шағын кәсіпкерлік жолға қойылған. Соның бірі жақында аудан орталығынан халыққа есігін ашқан – «Сыр дәмі» дәмханасы.Қалалық жерде дәмхана мен ресторан саласы күн сайын даму үстінде. Сапасы мен қызмет көрсетуі сай мейрамханалардың төрінде әрдайым қонақ үзілмеген. Осындай кәсіпкерлік аудан бойынша өркендеуі қуантарлық жағдай. Кенттің орталығынан ашылған шағын «Сыр дәмі» дәмханасы өз жұмысын бастап кеткен. Ашылғанына көп уақыт өтпесе де келушілер күн санап артуы – шағын кәсіпкерліктің дамуының белгісі. Бұл дәмхананың негізін қалаушы – Сұлтан Жеңісбекұлы мен Берік Бахытбекұлы. Күнделікті ыстық тамақ пен теңіз өнімдерін ұсынатын кафе туралы кәсіп иелері айтып өтті.
– Қалаға барғанда мейрамханаларға жиі бас сұғатынымыз белгілі. Бұл дәмхана ісін бастамас бұрын тәжірибе жинадық. Сол тұста ойымызға «неге теңіз өнімдерін аудан тұрғындарына ұсынбасқа» деген ой келді. Әрине, кәсіп бастау оңай емес. Қорқыныш болды, «қалай болады екен» деген сұрақтар туындады. Бірақ тәуекел етіп, ісімізді бастадық. Жалпы теңіз өнімдерінен жасалған тағамдарды кез келген мейрамхана, дәмханадан табу қиын. Тіпті аудан тұрғындары үшін жаңашылдық болары анық. Жастар жағының хабары бары белгілі ғой. Біздің «Сыр дәмі» дәмханасынан ыстық тағамдардан бөлек, теңіз өнімдері, тез дайындалатын фаст-фуд табылады. Кафе 30 адамға шақтап жасалған. Қазіргі таңда 2 аспазымыз, 1 жеткізуші қызметін жүргізетін қызметкеріміз бар. Өзіміз де басы-қасында атсалысып, көмектесіп жүреміз, – дейді кәсіп иелері.
Теңіз өнімдерін арнайы Алматыдан алдыратын жас кәсіпкерлер дәмхананың әрі қарай өркендеп дамуы үшін жұмыс істемек. Жалпы аудан бойынша бұл теңіз өнімдерін ұсынатын дәмхананың – алғашқысы. Шағын демалыс орнында теңіз өнімдерінен бөлек, жергілікті балық өнімдері де ұсынылады. Сондай-ақ түрлі дәмдегі ыстық тағамдар мен сусындар тұтынушылардың көңілінен шығары анық. Тез дайындалатын фаст-фуд өнімдерін де бұл дәмханадан таба аласыздар.
Шағын кәсіпкерліктің өркендеп, дамуының тұралап қалмауы кәсіп иесіне тікелей байланысты. Қазіргі таңда мемлекеттік түрлі бағдарламалар ұйымдастырылып, кәсіп иелері қолдау көруде. Бұл мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, кәсіпкерлік санын арттыру керек. Халық игілігі үшін ашылған әр бизнестің қарыштап дамуы өте маңызды. Осы тұста енді ғана ашылып, тұрғындардың көңілінен шыққан «Сыр дәмі» дәмханасының халыққа ұсынар жаңа дәмі әрқашан ерекше болмақ.
Г.ТАБЫНБАЙ











