Еңбек түбі – береке
Кәсібі бардың – нәсібі бар. Мемлекет қолдауы артқан сайын кәсіпкерлер жұмысы да жыл санап жанданып келеді. Оның үстіне қазіргі таңда кәсіпкерлік саласы дамып, халық сұранысына сай жаңаша кәсіп түрлері пайда болуда. Атап айтар болсақ, аудан көлемінде де атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Дәл қазіргі есеп бойынша ауданда 2821 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектісінің саны 2733 болып, тіркелгендерге үлесі 96,9 пайызды құрады. Аудандық газет кәсібін дөңгеленткен еңбек адамдарына әркез ақпараттық қолдау көрсетеді.
Мемлекет басшысы еліміздің әрбір өңірін дамыту үшін инвестиция тартуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиісті шағын және орта кәсіпті қорғау мәселелерін әркез назарға алып, нақты міндеттер жүктеуде. Осы ретте аймақ басшысы бұл бағытта нақты нәтиже көрсетуге байланысты жаппай кәсіпкерлікті дамытып, инвестиция тартудың экономиканы нығайтатын басым бағыт екенін айтып, аудан әкімдеріне нақты тапсырма берді. Осыған байланысты аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Атап айтар болсақ, жыл басынан бері 106 жоба қаржылай қолдау тапқан.
– 2023 жылдың қорытындысымен шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 4774 адамды құрады. Оның ішінде заңды тұлғаларда – 980, жеке кәсіпкерлікте – 1654, шаруа қожалықтарында – 2140 адам. Сонымен қатар, 2023 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 23,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Жалпы биыл жыл басынан бері Сырдария ауданында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,3 млрд теңгені құрайтын 106 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді, – дейді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов.
Елімізде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» жоспар бойынша дұрыс жүзеге асып келеді. Аталған құжаттың негізгі міндеттемесі – қаржылай қолдау көрсету. Оның ішінде субсидиялау, кепіл болу, жеңілдікпен микрокредиттеу, мемлекеттік гранттар беру қарастырылған. Негізінен шағын елді мекендерді дамыту және экономиканы қалыптандыру мақсатында аудан, ауылдық жерлерде кәсіп бастаушыларға толық жағдай жасалуда. Тиісті сала мамандарының тарапынан түсіндірме жұмыстары да жүргізіліп келеді. Осы ретте қазіргі таңда аудан көлемінде жаңа кәсіп түрлері жанданып отыр. Бұл кәсіпкерлермен қатар тұрғындарға да өте тиімді. Себебі күнделікті қажетін іздеген жұрт бұрынғыдай қалаға сабылып жатпайды. Аудан ішінде де сапалы қызметтер қолжетімді. Есесіне аудан экономикасы да алға жылжуда. Атап айтар болсақ, аудан көлемінде ірі қалалардағыдай тамақтану орталықтары, сән салондары жұмысын жақсы жолға қойған. Сондай-ақ түрлі бағыттағы дүкендер мен цехтар да бар. Өзіміздің ауданнан шығып жатқан жеңіл өнеркәсіп өнімдерін де мақтанышпен айтуға болады.
Сондай-ақ атаулы бағдарламалар негізінде жеке кәсіпкерлер өз жұмысын жандандыруда. Мысалы, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында құны 28 млн теңгенің 7 жобасы қаржыландырылған. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша құны 793,8 млн теңгенің 16 жобасы екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылып отыр. «Ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 1 476 800 теңгеден 40 адамға 59 млн теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант берілгенін де атап өту орынды. Ал аграрлық несие корпорациясы арқылы «Іскер» бағдарламалары бойынша 198,5 млн теңгенің 25 жобасы іске асса, «Кең дала» бағдарламасы бойынша 18 млн теңгенің 3 жобасы қаржылық қолдау тапқан. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы құны 251,6 млн теңгеге 15 ауылшаруашылық техникалары мен құрал-жабдықтары алынғаны да саланың серпімді жұмысынан хабар береді.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту – еліміздің алға қойған басты міндеттерінің бірі. Себебі өзара бәсеке арқылы аймақтар дамыса, екіншіден жұмыссыздықты азайтудың бірден-бір жолы – жеке кәсіпкерлерге қолдау білдіру. Әрі халық сұранысын қамтамасыз етіп, экономиканы қуаттай түсетіні және бар. Иә, «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» дейді халық даналығы. Бұл ретте ауданда атқарылып жатқан жұмыстар тікелей аудан әкімінің және сала мамандарының бақылауында екенін айта кету орынды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Егемен Қазақстан