Ауыл дүкені
Жетікөл ауылында тұрғындарға қызмет көрсетіп тұрған бірнеше дүкен бар. Соның бірі – Баян Бұрханованың «Бекболат» аралас сауда дүкені. Бұл дүкеннен ауыл тұрғындары әлеуметтік маңызы бар азық-түліктен бастап, тұрмыстық заттарды да табады. Өзі шағын дүкенге бас сұққанымызда, дүкен иесі қонақжайлылық танытып, шағын кәсібі туралы айтып берді. Бір таң қалғанымыз дүкен атын марқұм болған қайнысының есімімен атағаны.Міне, нағыз адамшылық, ағайындық, бауырмалдық. О дүниелік болып кеткен қайын інісінің есімінің құрметіне атын берген дүкен осы күні берекелі болып, ауыл тұрғындарының іздеген затын табатын сауда орнына айналғанына дән риза болдық.
Дүкен иесі Баян Бұрханова негізінен дүкенді осыдан он жыл бұрын марқұм болып кеткен жұбайы Нұрғали ағамен бірге ашқан. Өздерінің үйінен алыстау орналасқан бос жерді заңдастырып, кәсіпкерлікке негіздеп, шағын ғана азық-түлік дүкенін салған. Шағын болса да сұранысқа сай қызмет көрсетіп отырған дүкен иесі осы күні өз қолынан шыққан сүт, ет өнімдерін де сатуға шығарады. Арнайы тапсырыспен қазы-қартаны да дайындап береді. Бір ерекшелігі бұл өнімдер өзі асырап, бағып отырған төрт-түліктің өнімдері.
– Негізінен журналист мамандығын алу үшін жоғары оқу орнына оқуға түсіп, алғашқы курсын аяқтадым. Тағдыр туған ауылымның азаматына жар болуды бұйырыпты. Отбасын құрған соң түрлі салада жұмыс істедім. Қиын-қыстау кезеңді бастан өткердік. Бала-шағаның қамымен ауылдан дүкен ашып, кәсібімізді дөңгелетіп кеттік, – дейді сөзі де, ісі де мығым кәсіпкер ана.
Бес баланың анасы биылғы жылы үлкен жобаны қолға алып, шағын дүкенін кеңейту мақсатында қосымша ғимарат құрылысын жүргізген. Құрылысы аяқталмаған ғимаратты үлкен етіп салудағы мақсаты бір жағынан дәмхана, екінші жағын дүкен етіп кеңею. Ол үшін «Ауыл аманаты» жобасына құжаттарын тапсырып, шешімін күтуде. Қаражат қолға тигеннен соң жаңа жобаны аяқтап, тұрғындар игілігіне деген қызметі кеңейе түспек.
Кәсіпкер осы күнге дейін өз күшімен бизнесін жасап отырғаны үлкен жетістік. Десе де, бейнеткеш жан мал шаруашылығынан да қол үзбеген. Қайта жандандырып, дамытып, асыл тұқымды ешкі төлін асырап, одан сүт өнімін алып, ел-жұртқа пайдасы мол өнімді ұсынып келеді.
– Осыдан 2-3 жыл бұрын асыл тұқымды ешкі сатып алып, өнімін алдық. Бір ерекшелігі бұл ешкілердің жүні қырқылмайды, тұқымы ірі келеді. Жылына бірнеше рет төлдейді. Бір төлдегенде кемі 2-3-тен лақтайды. Ең көп көбейетін ешкінің бабын жасасаң, оның сүті де мол болады. Бір сауғанда 3 литрге дейін сүт береді. Оның құртын сиырдың сүтімен араластырып жасаймыз, әйтпесе тым майлы болады. Ал тек ешкі сүтінен құрт жасатуға сұраныс беретіндерге арнайы дайындап береміз. Дүкенімнен кез келген уақытта сары май мен ағарғанның түр-түрін таба аласыз. Болашақта қосымша ғимараттың құрылысын аяқтағанымызда ауылдан дәмхана ашу жоспарлап отырмыз. Мемлекеттен берілетін кәсіпкерлерді қолдау аясындағы қаржыға қол жеткізуге ниеттіміз, – дейді кәсіпкер ағынан жарылған кейіпкеріміз.
Әрине, алғашқыда оңай болмаған. Ауыл тұрғындары азық-түлікті ақшаның болмауынан қарызға алып, кәсіп иесіне қиындық туғызған. Десе де ауыл тұрғындарының «қалаға сабылмай керегін ауылдан табуы керек» деген оймен дүкенін жаппай, саудасын әрі қарай жүргізген. Өзі сатушы, әрі зат әкелуші, әрі өз өнімін өндіруші болып қаншама жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Баян Бұрханованы нағыз еңбек иесі дерсіз. Кәсіпкер анаға әрдайым қолдау білдіретін ер жеткен балалары бар. Қыздардың үшеуі де жоғары білімді мамандар. Олар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлектері. Ұлдың үлкені жеке жүк тасымалымен айналысса, кенже ұлдың өз кәсібі бар. Бейнетінің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты ана бүгінде ұрпағынан немерелер сүйіп отырған бақытты әже.
– Осы дүкен арқылы керегімізді алып отырмыз. Баянның дүкенінен азық-түліктің барлығын табасыз. Мұнда керектінің бәрі бар. Ет-сүт өнімдерінің дәмі бал үйіреді. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасап отырған кәсіпкерге айтар алғысымыз мол. Дүкенге ауыл тұрғындары да үйренген. Сұранысымыз бойынша бәрі дүкеннен табылады, – дейді тұрақты сатып алушы Жанболат Асанов.
Иә, Жетікөл – шын мәнінде шағын ғана ауыл. Мұнда тұрғындар үшін бар-жоғы 2-3 дүкен жұмыс істейді. Ауыл адамдары керек-жарағын осы дүкендерден табады. Кәсіпкердің одан әрі кеңею, даму туралы мақсаты іске асатын уақыты да алыс емес. Алдағы жылы шағын дүкен ауылдағы ең үлкен сауда орнына айналмақ.
Бибісара ЖАНӘЛІ











