Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 газет

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 газет

13 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Егістікте есейген агроном

Егістікте есейген агроном

Ертеректен егін егіп, несібесін арттырған диқан қауымның нақ ізбасары атанған Нұрылда Тәутенов – Сыр салысын өсіруге машықтанған маман. Биыл демалысына қадам басқан білікті маман күріштен тау тұрғызған нағилық ағайынның ауылынан. Үнемі пайым-парасатын, білімін аграрлық саланың дамуына жұмсаған кейіпкеріміз – нағыз еңбек адамы. Әрбір дүниені бағалай білгенге бақ еселеп қонатыны анық. Ол – өз бағы мен несібесін қажырлы еңбек пен табанды қызметтің арқасында тапқан адам.

Таңертең жұмысқа шығып, егістік басынан табылатын Нұрылда Тәутеновтің әкесі Айғали да жас күнінен ауыл шаруашылығымен айналысқан. Бригадирлік қызметке дейін жеткен Айғали Тәутеновтің жолын баласы қуа білді. Қашанда байсалды болмысынан таймайтын ел ағасымен Нағи Ілиясов ауылына жасаған іссапарымыз аясында әңгімелестік. Егін егу шаруашылығының ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін Ерманның немересі отбасында 7 ағайынды болды. Анасы Кенжегүл үнемі ер азаматы мен әрбір перзентінің бабын тауып, үй шаруасымен айна­лыс­ты.

– Ауыл әкімі шақырғаннан келіп едім. Жөніңді айта отыр, балам.

– Тереңөзектен келген тілші балаңызбын, аға. Әкеммен жасты екенсіз. «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында өзіңізбен дидарласуға келдік. Өмір жолыңызға кеңінен тоқталып өтсеңіз...

– Өзің көріп тұрғандай, Нағи Ілиясов ауылының тұрғынымын. Осында мектепке барып, қаншама ұлағатты ұстаздың тәлімін алдық. Сол кездегі ауылдағы көпбалалы отбасының жағдайын білесіз. Бар мен жоққа қанағат етіп, бала кезіміз өткен болатын. Ұлдың кішісі болғандықтан, әке-шешеме көмектесіп, еңбекке ерте араластым. Он тоғыз жасымда әскер қатарына қабылданып, Польша елінде Отан алдындағы борышымды өтедім. Елге оралғаннан кейін кеңшарда жұмыс жасап, өндірістен қол үзбедім. Аға буынның жол нұсқауымен Қызылорда ауыл шаруашылық техникумының «агрономия» мамандығында оқып, күнделікті істеп жүрген тірлікті кәсіби тұрғыдан меңгеруге мүмкіндік алдым, – дейді Нұрылда Айғалиұлы.

Күнделікті жердің құнарлығы мен күріштің шығымын тереңнен зерттейтін білікті агроном жұмыстың ебін жақсы біледі. «Еңбектен қашқанның ырысы кем болады» деген Ыбырай Жақаевтан қалған тағылымды сөз бар. Қай кезде де қиындықтан тайсалмаған Нұрылда Айғалиұлы агроном, өндіріс бригадирі қызметін абыроймен атқарды. Кейіннен тәуелсіздік алған жылдары республикалық өсімдіктердің аурулар мен зиянкестерінің таралуын болжау мекемесінің Сырдария ауданындағы филиалында маман болып қызмет атқарды.

– Өсімдіктер елімізде сан түрлі. Ен далада өсетін көптеген өсімдіктің күтімі болатынын жақсы білеміз. Зиянкестің таралуына жол бермей, қоршаған ортаны қорғау басты мақсатымыз болды. Үлкен зерттеуді қажет ететін саланың өзіндік машақаты, тереңнен зерделенетін өзіндік әдіс-тәсілі кездеседі. Бұл мекемеде қызмет ете жүріп, өмірімнің бір белесін өткіздім десем, қателеспеймін, – дейді ел ағасы.

Бүгінде Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» ЖШС-нің агрономы ретінде біршама жұмысты үйлестіре білді. Негізінен, агрономның қызметтік бағыты – ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді ғылыми негізде ұйымдастыру және жоғары өнім алуды қамтамасыз ету екені мәлім. Тұқым сапасын таңдау және бақылауға жауаптылықты мойнына алып, жерді өндеу технологиясына көңіл бөледі. Суару мен тыңайтқыш беру жүйесін ұйымдастыруға барынша зер салады. Аурулар мен зиянкестердің алдын алып, олармен жан-жақты күреседі. Ауа райы мен топырақ жағдайын есепке ала отырып, басшылыққа өнімді арттыру жолын ұсынады. Мұндай жауапкершіліктің барлық сатысынан өткен кейіпкеріміз ең бастысы – дала еңбеккеріне бағыт-бағдар беруден жалықпайды.

– Жас кезімнен егін егуге дағдыланған мен үшін әрбір атыздың жай-күйі белгілі. Жылдың үш мезгілінде егістік басынан табылып, мол өнім алуға әріптестеріммен жұмыс жасаймын. Дархан Жұмашұлы бастаған ұжымның бір мүшесі атанып, Сыр салысының шығымын арттыра білдім. Осыдан 36 жыл бұрын үйдегі отанасы Жанат Қайнарбаевамен отау құрып, 5 баланың ата-анасы атандық. Қазіргі уақытта перзенттеріміз жоғары білімді жандар. Ендігі жерде бейнеттің зейнетін көріп, немеренің тәрбиесіне көңіл бөліп, салиқалы қарттықты өткізгім келеді, – дейді білікті агроном.

Б.ОРДАБЕКОВ

20 желтоқсан 2025 ж. 20 0