Егін егіп, еңсе тіктеген

Шын мәнінде, ақиық ақын атындағы ауылдың ертеректен жері жомарт саналады. Еңбектенген адам қара жерден ризық-несібесін молынан алады. Мәселен, «Аманат» шаруа қожалығы өткен жылы 700 гектар жерге күріш егіп, 60 центнерден өнім алды. Алажаздай күннің ыстығына қарамастан, шаруашылықта жұмысқа ыждағаттылықпен қарайтын жандар қатары аз емес. Бүгінде ұжымда 19 күрішші, 12 механизатор, 3 бригадир жұмыс жасайды.
– Жыл сайын егін егіп, егістік басынан табылатын диқан қауымның ақ адал еңбегі өз нәтижесін беріп келеді. Біз қашанда жерді күтіп ұстап, Сыр дақылынан мол өнім алу үшін бар жағдайды жасаймыз. Ауыл шаруашылығы саласында өзекті мәселе көп. Судың аз мөлшерін қолдана отырып, егіннің жай-күйін бақылаймыз. Тыңайтқышты жеткілікті деңгейде алып, техника қорын жасақтаймыз. Қазіргі уақытта шаруашылық базасында 8 техника бар. Елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайына бей-жай қарамаймыз. Ауыл мешітіне газ пешін алып бердік. Сонымен қатар көшені жарықтандыру жобасының құжатын дайындау үшін қаржылай демеушілік жасадық, – дейді Меңдіғали Есжанов.
Айта кетейік, жақында ауылдық мәдениет үйінде шаруашылықта озат атанған еңбеккерлерге айрықша құрмет көрсетілді. «Озат күрішші» номинациясын Зейнолла Уайсов, Файзулла Іскендір, Еркін Мамадалиев, Темірбек Қалмақов, Берікбол Мейрамбекұлы, Еркебұлан Құрбанов иеленсе, Бағдат Жасағанбергенов, Қайрат Дүйсенбаев, Уалихан Умматов «Озат механизатор» атанды. Ал «Үздік бригадир» номинациясын Мейрамбек Қалмырзаев еншіледі. Биыл межелі жұмыс нақтыланып, күн сайын диқан қауым егістік басынан табылуда. Бұл ретте, ұжымға мол өнім болсын дейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ