Оң өзгерістердің бастауы
Әдетте мемлекет дамуының бағдарын айқындайтын Жолдауда ел ішіндегі мәселелер мен жоспарлар, халықаралық жағдай мен сыртқы саясаттағы ұстаным айтылады. Биылғы Жолдауға да инвестиция, цифрландыру, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, транзит, су шаруашылығы секілді маңызды мәселелер тиек болды. Мемлекет басшысының Жолдауы – болашақ үшін бағдар болатын, жауапкершілікті айқындап беретін саяси құжат. Мемлекеттің дамуы, алдағы міндеттері жыл сайын жарияланатын Жолдауда айқын көрініс табады. Одан туындайтын міндеттер орындалуымен құнды. Ауданымызда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүйелі жұмыс атқарылып жатқаны белгілі.Басты бағыт – цифрлы мемлекетке айналу
Биылғы Жолдау «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбын арқау етті. Жолдауда айтылған нақты тапсырмаға орай, Қазақстан үш жылда цифрлық елге айналады. Президент кезекті Жолдауында жаңа технологияларға басымдық берді. Әлбетте, қазіргі күні жаңа технологиялар тұрмысқа терең еніп, алпауыт елдер роботтар арқылы әлемдік рейтингте мәртебесін асырып үлгерді. Заман – техника мен жаңашыл технологияларға негізделген. Осы орайда Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын цифрлық шешімдерге негіздеуі құптарлық. Жолдау тақырыбы да нақты міндеттерді айқындап бергендей.
«Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет. Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек» деді Президент.
Әлем жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты. Қазақстан көштен қалмай, көш ілгері жүру үшін экономиканың барлық саласына арнайы жүйе енгізбек. «Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек. Осы орайда, алдымызда тұрған мынадай маңызды міндеттерге тоқталып өткім келеді» деген Мемлекет басшысы негізгі жеті бағытқа тоқталды.
Алғашқысы – елге инвестиция тарту. «Бірақ көзге оттай басылатын нәрсе: елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті, жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр» деп мәселені қатаң сынға алған Мемлекет басшысы елдегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы екенін де айтты. Бұдан бөлек, Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Әрине, онлайн жүйенің жолға қойылуында өзіндік мәселелер де жоқ емес. Интернет алаяқтықтың көптеп кездесіп отырғаны және бар. Бұл мәселе де Президент назарынан тыс қалған жоқ. «Соңғы жылдары онлайн-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан киберқылмыспен күресу үшін антифрод орталығы құрылды. Биометриялық анықтау жүйесі енгізілді. Банктердің, микроқаржы ұйымдары мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейді. Дегенмен бұл мәселеге үнемі жіті назар аудару қажет. Құзырлы органдардың жұмысын ұдайы жетілдіріп отырған жөн» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы банк саласын цифрландыру ісінің пайдасы көп екенін айтты.
Өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет
Президент Жолдаудың екінші бағытында: «Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді» деп айтты. Күрделі салада өсу бар. Нәтижесінде тұрақты жүмыс орындары пайда болған. Бұл ірі кәсіпорындардың, өндіріс орындарының ашылуымен байланысты. Машина жасау бойынша бірнеше қалада іске қосылған жаңа зауыт жұмысын бастады. Дегенмен бұл жеткіліксіз. Мұндай үлкен өндіріс орындары әрбір аймақта ашылып, экономиканы әртараптандыруды жаңа қарқынмен жалғастыру керек. Мемлекет басшысы айтқандай ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс. Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр. Қолдау шарасын ұстанымдары мен талаптары әртүрлі институттар жүзеге асырады. Мұндай ахуал кәсіпкерлерді әбден шатастырады. Бұл саланы ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын толығымен қолға алу керектігі назарға салынды.
Елімізде тау-кен металлургиясы жаңа индустриалды қалыбының сенімді тірегі болып келеді. Оның ел экономикасындағы үлесі – 8 пайыз болғанымен, саланың даму әлеуеті зор. Әсіресе, терең өңделетін өнімдерді шығаруға мол мүмкіндігі бар. Яғни сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың маңызы арта түсті. Бұл дегеніміз ел Президенті алға қойған мақсат – алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуға тапсырма берілді.
Үкіметке тапсырылған бірқатар озық жобаны жүзеге асырудың қатарында көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін зауыт бар. Тұрақты даму жолына түскен мемлекетімізде ядролық энергетиканы дамытуға бет бұрылды. Президент тоқталған тағы бір жайт – Қазақстанның сапалы көмір қорына байланысты. Көмірдің табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолданып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет.
Жолдаудың екінші бағытында жер қойнауына қатысты мәселе айтылды. Яғни цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасау. Мұндай жұмысқа халықаралық сарапшыларды тарту арқылы ғылыми негізде барлау жұмысын ойдағыдай жүргізуге мүмкіндік бар. Жолдауда айтылған жаңашылдықтың қатарында – келесі жылдың ортасында озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашу мақсаты қойылды. Ол Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрылады. Жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрі ең алдымен жасанды интеллектіні енгізу арқылы жүйеленіп, цифрландырылады. Негізінен жер қойнауын игеру саласындағы реформаны жыл соңына дейін аяқтау керектігі тиісті саланың міндеті.
Аграрлық сала –
экономиканың негізі
экономиканың негізі
Бірнеше жыл қатарынан ел үкіметі аграрлық салада реформа жүргізіп, шаруаларды қолдауға қомақты қаржы бөліп келеді. Жалпы Мемлекет басшысы озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керектігін алға тартты. Осы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін бірқатар жоба жүзеге асырылып, 3 мыңнан аса жұмыс орнын ашу көзделген. Яғни алдағы уақытта ірі жобалардың арқасында халықты жұмыспен қамту мәселесі жоспар бойынша шешіле бастайды. Аграрлық саланың тілін білетін мамандарды дайындау қажеттілігі қашанда мемлекет алдындағы басты мақсаттың бірі болып табылады. Өндірісті цифрландыру арқылы жұмысты оңтайландыру – аймақтардағы нәтижелі қызметтің көрінісі. Жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, өндіріске инвестор тарту бойынша тиісті жұмыс атқарылғаны жөн.
Қазіргі уақытта жергілікті шаруалар мал шаруашылығына айрықша ден қойып, ет өндірісін жандандыруға көңіл бөлуде. Ішкі нарықты толықтай етпен қамтамасыз ете отырып, экспорт көлемін арттыру – күн тәртібінен түспейді. Жолдауда аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиістігі айтылды.
Өз кезегінде ел Президенті еліміздің басты байлығы – жер мәселесін назардан тыс қалдырмады.
«Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек. Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдаудан туындайтын жерге қатысты мәселенің барлығы шешімін табу керектігін тілге тиек етті.
Жасанды интеллектіні пайдаланып, ауыл шаруашылығына бағытталған жерлерге спутникпен мониторинг жүргізу арқылы құнарлығына, дәнді-дақыл шығымына толықтай бақылау жасалады. Шын мәнінде, ауыл шаруашылығы саласы бойынша ғылыми зерттеулер осы бағыттағы қызметтің сапалы жүргізілуіне жағдай жасайды. Алдағы уақытта жер ресурстарына байланысты цифрлық карта енгізіледі. Бұл бір жағынан тиімді. Ветеринария мен фитопатология, орман шаруашылығы саласына серпінді жобалар ұйымдастыру мақсаты тұр.
Жасанды интеллект –
көлік саласында
Цифрландыру мен жасанды интеллект инфрақұрылым, көлік-логистика саласына да кеңінен енгізілетін болды. Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық. Осы ретте дәл қазір ел бойынша жүздеген теміржол вокзалы ауқымды жөндеуден өтіп жатқанын бұған дейін газетімізде жазып, ақпараттандырған болатынбыз. Біздің мемлекетіміз Еуропа мен Азия арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналатындықтан, аталған салада ауқымды жұмыстар атқарылуы маңызды. Айта кетейік, былтыр біздің территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асты.
«Транзиттік тасымалдың көлемін арттырамыз десек, біз алдын ала әрекет етіп, әрдайым бір қадам алда болуымыз керек. Инфрақұрылымды жаңғырту ісін одан әрі жалғастырып, осы саладағы озық ел болу үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні кең ауқымда пайдаланған жөн» деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Кемелұлы қазан айының соңына дейін кеден және логистика қызметін көрсететін Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосуды тапсырды. Бұл жүйе инфрақұрылымды жеке компанияларға автоматты түрде бірдей қолжетімді етеді.
Авиация саласын жаңғырту бағытында да атқарылған жұмыс аз емес. Оның бір дәлелі өзіміздің облыс орталығындағы жаңа терминалдың іске қосылуы болды. Былтыр сондай-ақ дәл осындай қолжетімді терминал Алматы, Шымкент қалаларында да ашылған болатын. Ақжолтай жаңалыққа Зайсан, Қатонқарағай, Кендірлі, Арқалық жұртшылығы да қол жеткізбек. Және бір мәселе әуемен жүк тасымалдау ісіне айрықша назар аудару қажеттігі тапсырылды.
Көлік-логистика саласымен қатар айтылуы тиіс сала – туризм. Бұл салада да мәселелер бар екені жасырын емес. Кадр тапшылығын жою – басты талап екенін Мемлекет басшысы нақты айтып өтті. Туризм саласында заманауи инфрақұрылым салу ұлттық брендті қалыптастыру жолы болса, көлік саласын жандандыру үшін үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту маңызды. Бұл бағытта Мемлекет басшысы нақты тапсырма берді. Алдағы уақытта орындалуы Президенттің бақылауында болады.
Инфрақұрылым игілігі – халыққа
Бүгінде тұрғын үй саласында түйткілді мәселе көп. Оған коммуналдық шаруашылық саласын дамытуды қоса кеткен жөн. Елімізде былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Оның ішінде, Қызылорда облысында да баспаналы болған жандар аз емес.Ел Президентінің пәрмені бойынша алдағы уақытта барлық облысқа «Ақылды қала» құру тұжырымдамасы енгізіледі. Тұжырым бірнеше бағытқа бөлінген. Инфрақұрылым саласында смарт технологияға иек артылады. Цифрлық басқару жүйесін енгізу арқылы көптеген қызметті автоматтандыру, мемлекеттік қызметтерді онлайн көрсету, ашық деректердің платформасын қалыптастырудың маңызы зор. Қазіргі уақытта дамыған мемлекеттерде қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, жасыл аймақ пен саябақты көбейту, ауа сапасын, шуды, температураны бақылайтын датчик орнату «Ақылды қала» тұжырымдамасына жатады.
Бүгінде шаруалардың бас ауруына айналған су тапшылығы мәселесі ешқашан тиісті мемлекеттік органның назарынан шықпағаны дұрыс. «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі» деген Мемлекет басшысы су ресурстарының цифрлық платформасын әзірлеу керектігін тілге тиек етті.
Ал «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жыл бойына барлық өңірде жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте қоршаған ортаның тазалығына аса мән беретін ел тұрғындары тазалықты табалдырықтан бастағаны жөн. Әр апта сайын сенбілікке шығатын көпшілік айналаны күл-қоқыстан арылтып, экологиялық акцияның мән-маңызын арттыруда.
Кәсіпкерлік – экономиканың
негізгі көзі
Ел Президентінің жаңа бастамалары Қазақстанды жаһандық аренада бәсекеге қабілетті ел ретінде танытумен қатар халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға зор ықпалын тигізеді. Жолдауда негізгі жеті міндеттің алтыншысы «Кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс» деп аталды. Сонымен қатар инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, көлік-логистикасын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, бизнесті қолдау, экономиканы жан-жақты жаңғырту арқылы адам капиталын дамыту жөніндегі міндеттер жүктелді.
«Елімізде шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмаймыз» деді Президент. Шын мәнінде шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны алты пайызға да жетпейтіні жасырын емес. Орта бизнесте бұл көрсеткіш жоғарырақ болғанымен, бәрібір көңіл көншітпейді.
«Былтыр мен «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат бизнестің мүддесін ескере отырып, барынша ашық реттеу үлгісіне көшуге негіз болды. Бірақ Жарлық толық орындалмай отыр» деп Президент іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу мәселесі күн тәртібінен түспейтінін ескертті.
Тапсырманы іске айналдыру –
негізгі міндет
негізгі міндет
Жеті бағыттан тұратын Мемлекет басшысы Жолдауының жетінші бөлімі экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстарындағы адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттерге бағытталды. Бұл ретте Президент ең алдымен білім беру саласын айрықша айтып өтті.
Расында да қай елдің болсын білім саласы ел өркендеуінің негізі болып табылады. Осы орайда білім мен ғылымды жетілдірудің мәні мен маңызы зор. Президент «Келешек мектептері» ұлттық жобасын тілге тиек етіп, білім саласына цифрлық технологияларды кеңінен енгізу қажеттігін айтты. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырылуда. Десек те жасанды интеллектімен жұмыс істеу қабілетін бала бойына ерте бастан, мектеп табалдырығынан игерту маңызды.
Елдегі ғылым мен білім сапасын арттыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл орайда Президент шетелден мықты мамандарды ұлтына қарамастан көбірек тартудың маңызды екенін айтты. Сондай-ақ қандай да жағдаймен шетелде жүрген, елімізді дамытуға үлес қосатын ел азаматтарын елге қайтаруға тиімді жағдай жасау да маңызды. «Білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі» деді Президент.
Сондай-ақ Жолдауда өз мамандығы бойынша жұмыс жасаудан қашатындар да сөзге тиек болды. Расында жылына қаншама маман жоғары білім алып шыққанымен, нағыз кәсіби мамандар жетіспеушілігі әлі де байқалады. Бұған себеп – азаматтардың нақты бір білімді қажет етпейтін, айлық табысы тиімді жұмыстарға бет бұруы. Еңбектің, жұмыстың қай түрі де бағалануы тиіс. Бірақ нағыз кәсіби маман ешқашан өз биігінен түспесі анық. Біліктілігі жоғары маман қай жерде де бағаланады.
Сондай-ақ медицина, фармацевтика, денсаулық сақтау салаларындағы түйіткілді мәселелер сөз етілді. Аталған салаларда жұмыс жүйелі жолға қойылып келе жатқанымен, әр салада жасанды интеллектті дамытудың маңызы зор екенін Президент нақты айтып, Үкімет алдына тапсырмаларды жүктеді. Сонымен қатар жол қауіпсіздігі, қоғамда даулы мәселеге айналып отырған электросамокат жүргізушілері, мәдениет, бұқаралық спорт салалары назардан тыс қалмады. Президент әр саланың жетістіктері мен тиісті жұмыстарына да тоқталды.
«Мен жариялаған міндеттер Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін айрықша маңызды. Олар елімізді цифрлық жаңғырту ісімен тығыз сабақтасып жатыр. Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс» деді Президент.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ











