Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 105 жастағы кейуана

105 жастағы кейуана

Өмірдің теңіз секілді ағынына төтеп беретін адамның бо­йында сарқылмас мықтылық болады. Шын мәнінде, төзімі мен шыдамы түгесілмейтін қаншама асыл ана бар арамызда. Мәселен, өрісте төрт түлігі жайылған, берекесі тасыған Қоғалыкөл ауылында 105 жастағы кейуана тұрады. Сүйегі асыл, көпті көрген Рахия Ақжанова ешқашан тат баспайтын алтынның сынығы сияқты. Ғасырды бағындырып, елдің амандығын тілеген жанның өткен күннен түйгені көп.

Негізінен, Рахия Ақжанова қазыналы Қазалы ауданында 1919 жылы дүниеге келген. Жас күнінен талай ауыртпалықпен бетпе-бет келген аяулы ана ер азамат істейтін жұмыстан тайсалған емес. Әке-шешесі өмірден ерте өткен жанның бастан өткерген сынағы адам баласына бергісіз дүние. Күнкөрістің қамымен ел асып, өзге облыста еңбек етуге тура келген.

– Біз бауырым екеуіміз ата-анамыздан ерте айырылған едік. Жетімдіктің кермек дәмін таттық. Өз уақытында Семей қаласына барып, қарағай қиып, ауыр жұмысқа тартылған жайым бар. Қыз баласы болсақ та, құрылысқа араластық. Қаншама ауыртпалық көрсем де, өткенге өкінішім болған емес. Ашаршылық, соғыс жылдары күріштің күрмегін талғажау етіп өмір сүрдік. 25 жыл қой бағып, төл басын көбейтуге машықтандық. Мал бағудың өзіндік бейнетін білген абзал. Төл басының санын көбейту үшін барлық уақытыңды, денсаулығыңды сарп етесің, – дейді Рахия Ақжанова.

Бүгінде Рахия әже немересі Серікбол Ақжановпен бірге Қоғалыкөлдегі шаңырақтың ырыс-несібесін келтіріп отыр. Осы ауылдың азаматы Оспанбай Ақжановтың Құдай қосқан қосағы атанған ғазиз жүректі ана биыл жазда 106 жасқа келеді. Келіні Нұргүл бірнеше жылдан бері кейуананың бабын тауып, барынша күтімін жасауда. Қазақта «Ана алақанының аясы, ақ шынардың саясы» деген тәмсіл бар. Әрине, ғасырлық ғұмырдың әрбір тармағында киіз кітапқа жүк болатын бір-бір тарих таңбаланған. Қай кезде де, көбіне үйде емес, түзде жүрген Рахия әже еңбегімен елге сыйлы.

– Біз қашанда әжеміздің амандығын тілейміз. Дастарқан басында жиналған уақытта талай жылғы қиындықты бүкпесіз айтып отыратын. Жалпы өсіп-өнген әулеттің мүшесі ретінде әжеміздің жағдайына ешқашан бей-жай қараған емеспін. Атамыз 1973 жылы кенеттен ұлынан айырылғаннан кейін, іштей қиналып, артынша өмірден өтеді. Бүгінде Оспанбай атамыз бен Рахия әжемізден 13 немере, 25 шөбере, 17 шөпшек тараған, – дейді Серікбол Ақжанов.

Өз кезегінде әулеттің алып бәйтерегіне айналған асыл ананы мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
08 наурыз 2025 ж. 196 0