Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауапкершілік пен салғырттық сөз болғанда...

Жауапкершілік пен салғырттық сөз болғанда...

Бүгін Кенженің көңіл-күйі тағы түсті. Күні бойы ел кезіп, аузы ащы судан босамаған күйеуі Жолдас әйеліне қол көтеріп, соққыға жықты. Баж-баж еткен балалардың айқай-шуын да елемеген ер сымағы бұл жолы қатты кетті. Қара күшке мініп, жұдырық ала жүгірген оны көршілері ажыратпағанда арты не боларын кім білсін?

Жастайынан сүйіп қосылмаса да арада дәнекер болатын баланың өмірге келуімен сүйіспеншілік орнайтынына сенген Кенженің үміті көпке дейін үзілмеді. Маскүнемге айналып бара жатқан күйеуін өмірлік серігі болатынына сенумен күн кешті. Күнделікті жұмыстан кейін ащы суға тойып келіп, ұйықтап қалатын ерін ертесіне ас-ауқатын беріп, жұмысқа шығарып салатын кез бұл күні келмеске кет­ті.

Жұмыстан ертелетіп қайтатын­ды шығарған күйеуі соңғы кезде бала-шағасына нәпақа болатын айлықты да әкелмейтін болды. Барын аты өшкір ішімдікке жұмсап, ертеңгі күні басын жазуға келіншегінен ақша сұрауды әдетке айналдырды. Жұмыссыз отырған отбасында қайдан ақша болсын? Кенже болса бала күтімімен үйде отыр, ал Жолдасының түрі мынау, күннен-күнге азып-тозып барады. «Шыдамның да шегі бар» дегендей, үндемейтін келіншектің сағы сынып, «тілі де шығып», күйеуіне қарсы сөз айтты. Онысымен қоймай, ақыры осы сөзі үшін оңбай таяқ жеді. Есінен танып қалды. Арада қанша уақыт өткені белгісіз есін жиып, оянса, оны көрші-көлем қаумалап, бетіне су шашып жатыр екен. Жанында отырғандар «айқау шуға шыдамай келгендерін, оның ес-түссіз жатқанын көргенін» айтып әлек. Күйеуі сыртқа шығып, көше кезіп кеткен көрінеді. Баласы анасына асылып құшақтаған күйі ұйықтап қалыпты. Ендігі кезде орнынан тұрмақ болған Кенженің басы айналып, қайта есінен танды.

Иә, мұндай көріністің куәсі болу жүрегіңді ауыртады. Кенжені аяп неліктен азап шеккенше ажырасып кетпейді деп ойлайсың. Бірақ оның отбасында алған тәрбиесі өз ошағын сөндірмеуге тәрбиеледі. Қайткен күнде бір жақсылықтың болатынына сенді. Үміті алдамапты, дүниеге екінші сәбиі келгенде Жолдас ішкілігін қойып, керемет отағасына айналғанын көзіміз көріп жүр.

Зорлық-зомбылықтың ақыры – ажырасу

Кенженің сабырлығы ақыры жақ­­­сы күндерге жеткізді. Деген­­мен айна­ламызда күнделікті зор­­лық-зомбылыққа ұшырап жат­­қан ке­лін­шектер қан­шама?! Ста­­тистикалық мәлімет нақты цифрды көр­сет­кенімен, мұндай жағ­­дайдың біз ойлағаннан да артық екені бесенеден белгілі. Қара­пайым мысал, отбасындағы дау-дамайды сыртқа шығару ар-ұят деп білгендіктен, көбіне жарияға жар салмай, «бас жарылса бөрік ішінде, қол шықса, жеңнің ішінде» деп жүре беретініміз жасырын емес. Жағдай ушығып кеткен кезде ғана ажырасуға бел буатындар көбіне әйелдер жа­ғы екені белгілі. Себебі зорлық-зом­былыққа ұшырайтындар әйелдер бол­ғандықтан, шешімге келетіндер де әйелдер жағы.

Отбасын ішімдікке айырбастап, бала-шағасынан айырылатындар соңғы жылдары көбейгені жасы­рын емес. Яғни елімізде некеге тұрушылардан гөрі, ажырасудың көбейгені осы ішімдіктің кесірі екендігі статистикалық мәлімет көр­сетеді.

Ресми мәлімет бойынша ажырасудан алдыңғы орынға шыққан солтүстік аймақтар. Атап айтқанда, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары некеге тұру­шылармен салыстырғанда ажырасушылар саны жоғары. Жалпы әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатыны дәлелденген. Қазақстан некеге тұру бойынша БҰҰ-ға құрамындағы 100 елдің арасында 16 орында тұрса, ажырасудан 24 орында. Мұсылман елдері арасында еліміздің ажырасу көрсеткіші ең жоғары деңгейге жеткен.

Некенің бұзылуына әсер ететін фактор

Ажырасудың көбеюіне бірнеше фактор әсер етеді. Әсіресе, елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты ажырасуға әкеп соқтыруда. Сондай-ақ жастардың жаңа жұбайлық өмірге ойланбастан, ешқандай дайындықсыз келуі де ажырасудың басты себебіне айналған.

– Ауданда 2019 жылы 146 неке тіркелсе, неке бұзудың саны 43 болды. Өткен жылы некеге тұрушылар саны артып, 178 жас отбасы заңды некеге тіркелді. Ал ажырасқан отбасы саны 15 болды. Биылғы жылдың басында 41 неке тіркелгені қуанышты жағдай. Дегенмен жыл басынан бері 1 отбасы заңды некелерін бұзып үлгерді, – дейді Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағ­дар­ламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Ж.Дүзімбетова. Шағын аудан үшін неке бұзушылардың саны өткен жылдармен салыстырғанда азайғаны әрине, қуанышты жағдай. Дегенмен біздің қоғамда бар мәселенің шешімін іздеу, қайткен күнде де некені сақтап қалу қоғамның өзекті мәселесі болып қала бермек.

Ажырасу мәселесін жастар жағы әркімнің өз шаруасы, жеке мәселесі деп бір жақты қабылдап айтып, қателікке барады. Негізінен отбасының бір-бірінен ажырауы­на әкелетін басты себептерге тұр­мыстық зомбылық, ішімдікке салыну, жұмыссыздық, материалдық қиындықтар, көзге шөп салу, бедеуліктің әсер ететіні ащы да болса шындық. Мемлекет тарапынан шешімін табуға тиісті осынау мәселелерге ата-енемен сыйыс­пау­ды тағы қосыңыз. Шын мәнінде күрделі мәселе екеніне көзіңіз жете­ді.

Мәселенің шешімі – имандылықта

«Жақсы әйел жаман еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркектің басын көрге сүйрейді» демекші, отбасының бе­рекесі қашанда әйелдің қолын­да. Жүзінен иманы төгілген әйелдің отбасында ойрандыққа жол берілмейді. Өзара түсіністік қалыптасып, отбасы мәселесін бірлесіп шешу үйлесім табады. Әрбір отбасында көркем мінез, таза да адал еңбек көрініс тапса, бақыттың кілті қолыңызда дей беріңіз.

Қасиетті Құран Кәрімдегі мына бір аят екі жұптың тырнақ астынан кір іздемей, бір-бірлерінің жаманын жасырып, жақсысын асырып жүреуін айтады. «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Аллаһ Жоғары мәртебелі әрі Ұлы» (Ниса сүресі 34-аят).

Бір шаңырақ астында өмір сүру­ге бел байлаған ерлі-зайыптылар сон­дай-ақ Пайғамбарымыз­дың (с.а.у.) мына хадисін үнемі жадында ұстаса, нұр үстіне нұр болар еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Рұқ­сат етілген істердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы – ажырасу» деген. Сондықтан отбасының бекем бірлігін нық ұстап, жүректерге иман орнатып, шаңырақ шаттығы мәңгі орнағанға не жетсін?!

Бибісара ЖАНӘЛІ
30 наурыз 2021 ж. 396 0