Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Төтенше оқиға – ел басына түскен қасірет

Төтенше оқиға – ел басына түскен қасірет

Қарашаның 18-і күні тұтас бір әулет тілсіз жаудың құрбаны болды. Елді дүр сілкіндірген оқиға 12 адамның өмірін қиды. Осынша жанды жалмаған өрт оқиғасы Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында орын алды.

Бұл – бір отбасы не болмаса бір ауылдың қасіреті емес, тұтас елдің басына түскен қайғы. Марқұмдарды соңғы сапар­ға шығарып салуға қатысқан ел қалаулылары осы оқиғадан соң Президент тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылғанын айтты. Зардап шеккендерге тиісті көмектер берілетінін жеткізді. Облыс әкімдігі тарапынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажет­ті медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көр­сетіліп жатқандығы айтылды. Десек те мұндай ауыр жағдайда қолдау көрсету – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Бұл сынақ­ты еңсеруге уақыт пен күш-жігер қажет.

Шын мәнінде әрбіріміздің жүрегімізге ауыр тиген жағдай­дан сабақ алуымыз керек. Миға симайтын қайғы жүректі қан жылатады. Тоғыз бірдей періштені жалмаған тілсіз жау ешкімді аямайды. Сондықтан мұндай қайғы ешкімнің басына келмесін. Бүкіл халқымызға ауыр жағдай боп тиген оқиға бір-бірімізге демеу болуды, ауыр сәтте жұмылуды үйрететін секілді. Осы жағдайдан кез келген адам сабақ алып, төтеннен келетін қасіреттен сақтанудың, алдын алудың жолын іздеуі керек.


Бұл ретте барлық ауыл аймақтарда төтенше жағдайдың алдын алуға байланысты іс-шара жүргізіліп жатыр. Соның ішінде аудандағы Төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан әлеуметтік осал топтарына жататын отбасының тізімі нақтыланып, барлық тұрғын үйлерге өрт қауіпсіздігі ереже талаптарын түсіндіру жүргізілуде. Сонымен қатар жалпы соңғы үш жыл көлемінде 751 дана көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатылғаны өрт оқиғасының алдын алуға мүмкіндік береді.

– Осы жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министр­лігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» іс-шарасы аясында әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлеріне 60 дана табиғи газды анықтайтын датчик орнатылды. Аталған датчиктер тұрғындардың улы газдан улану фактілерінің алдын алуы­на және дер кезінде хабардар етуіне көмегін береді. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін 4815 тұрғын үй араланып, 24075 адамға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде тұрмысы төмен әлеуметтік осал топқа жатқызылған 146 тұрғын үйде тұра­тын 713 адамға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ақпарат құрал­дары арқылы мақалалар жарияланды. Әлеуметтік желі­дегі парақшаларда «Жылу беру маусымындағы өрттің алдын алу» тақырыбында бірнеше мәрте бейнеролик жарияланды. №12 өрт сөндіру бөлімінде Ашық есік күні өткізіліп, оған 136 оқушы қатысты. Төтенше жағдайлар бөлімімен ат­қарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, жылу беру маусы­мы басталғалы бері тұрғын үй секторларда 3 өрт оқиғасы орын алды, – дейді бөлім бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Темірбек Еркебаев.

Иә, қазіргі жағдай төтенше жағдайдың алдын алудың, бол­­дырмаудың жолын іздеуді талап етеді. Сондықтан барынша сақ болайық, аман болайық.

Айта кетсек, 18 қараша күні таңертең Түркістан облысы ТЖД-нің «101» пультіне Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімі келген кезде тұрғын үй­дің толықтай өртке оранғаны анықталды. Өрт 360 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түс­сіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәр­дем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды. Аман қалған 3 адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден

22 қараша 2025 ж. 21 0