Қарағанды аспанындағы қара бұлт немесе алапат апат
Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарасты Костенко атындағы шахтада алапат апат орын алып, көптеген азамат қайтыс болды. Ресми деректерге сүйенсек, шахтада апат болған кезде 252 адам болған.
Апат орын алған күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына барып, «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты.
– Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бүкіл еліміз бойынша 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын жеткізді.
– Ертең бүкіл еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, жер астында қалған кеншілерді құтқару, зардап шеккен және қаза болған азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету – кезек күттірмейтін міндет.
– Ең алдымен, құтқару жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, зардап шеккендер мен медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтауымыз керек. Үшіншіден, осы апаттан зардап шеккендердің барлығының отбасына материалдық көмек көрсетеміз. Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі уақытта кеншілердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе қарастырылып жатқанын айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарасты Костенко атындағы шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді.
Үкіметтік комиссия мүшелерінің баяндамаларын тыңдаған Президент апатты жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараны қабылдауды, сондай-ақ қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.
– Сіздердің міндеттеріңіз – адамдармен тікелей жұмыс істеу, кездесу, сондай-ақ жедел топты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Біз қазір қалыптасқан жағдайды түсіндіру, ең бастысы, шешім қабылдау үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жергілікті әкімдік тиісті шешім қабылдауы қажет. Кәсіпорынның сұраныстарына сүйене отырып, қажетті нәрсенің бәрін анықтаңыздар. Үкіметтік комиссия барлық мәселені пысықтауға тиіс. Мен не істеу керек екенін айттым. Әркім өзіне қатысты жұмысты біледі. Министрлер, басшылар өздерінің жұмыс тәсілдерін білуі керек. Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды. Үкімет пен әкімдікке жан-жақты тиісті көмек көрсетуді, Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі құрылымдармен бірлесіп, апат салдарын жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырамын. Ішкі істер министрлігі зардап шеккен адамдардың отбасыларымен жұмыс істеуі керек. Үкіметтік комиссияға азаматтардың қаза болуына әкеп соқтырған өрттің мән-жайын тергеуді, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Орын алған апатқа байланысты ақпараттық және психологиялық қолдау үшін жедел желі телефондары үздіксіз жұмыс істеуде. Сондай-ақ тиісті мамандар мен техникалар жұмылдырылған. Қазір қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына психологиялық көмек көрсетілуде. Министрлік пен облыс әкімдігінің хабарлауынша, барлық пациенттер медициналық көмекті толық көлемде алуда. Жағдай Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.
Төтенше жағдайға орай Сыр елінің жұртшылығы да қарағандылық кеншілердің қайғысына ортақтасып, көңіл білдіруде.
«Тт» ақпарат
Фото: ашық дереккөзден