Қас қағым сәт немесе апат айтып келмейді
Қас-қағым сәт – уақыт өлшемі. Ол секундтан да, миллисекундтен да жылдам болғандықтан, бұл уақыт өлшемінің өзі адам өміріне қауіп төнгенде аздық етуі мүмкін. Аяқ астынан келетін қауіп аса жылдамдықпен өтетіндіктен осы уақыттың өзі қауіптің орын алуына себеп болып жататыны өкінішті.
Жақсы мен жаман, ақ пен қара қатар жүретіндіктен қауіп пен қатер адам өмірінде орын алатыны заңды құбылыс. Әсіресе төтеннен келетін қауіп орны толмас қазаға душар етіп, оның орны ешқашан толмайтыны ақиқат. Айналып келгенде, адам өмірімен байланысатын қауіп қас-қағым сәтте адам өмірін жалмап кететіні жүректі қан жылатады. Ал осы қас-қағым сәтте дер кезінде жасалған іс-әрекет адам өмірін кейде сақтап қалып жатады. Бұл әрине, ғажайып болғанымен, табиғат тосын мінез танытып, тылсым күштің құдіреті шексіздігіне еріксіз иланатын жағдай да кездеседі.
Жылдың басы бауырлас түркі елі үшін адам айтқысыз қайғылы болды. Мыңдаған адамды жалмаған жойқын зілзала кезінде тұтас қала қирап, мыңдаған отбасы мүшелері мерт болды. Төтеннен келген апаттан түркі елі қайғы жамылды. Бауырлас елдің көз жасы көл болып, опаттан аман қалғандарын үйінді астынан шығару үшін көмекке көршілес елдерден арнайы мамандар аттанғанын білеміз.
Түркиядағы жойқын жер сілкінісі
Түркиядағы жойқын жер сілкінісі
Нақты айтқанда осы жылдың ақпан айында Түркияның Кахраманмараш елді мекенінде қуаттылығы 7,8 балдық жер сілкінді. Қапелімде қасіреттің кесірінен мыңдаған адам үйсіз-үйсіз қалып, жақынынан айырылды. Бірнеше күн бойы құлаған үйлердің, үйіндінің астынан әлемнің түкпір-түкпірінен келген құтқарушылар адамдарды шығаруға күш салды. Орын алған жер сілкінісінің қуаттылығы қатты болғаны соншалық, жер дүмпуін Түркиямен шектесіп жатқан елдерде де сезілді. Әсіресе, Сирияда зілзала зардабын тартқан, қаза болғандар саны мыңдап тіркелді. Біздің елден де құтқару-іздеу тобы аттанып, қатердің салдарын жоюға Қазақстан Үкіметі 1 млн доллар қаражат бөлгені ресми мәлімделді. Бұл Түркиядағы 1999 жылы орын алған ең ауқымды жер сілкінісінен кейін болған оқиға болды. Яғни 1999 жылы Түркия тарихында 17 мың адамды жалмаған қаралы күнді ел-халқы әлі ұмыта қойған жоқ. Табиғи жойқын 24 жыл бұрын Измит қаласында болып, қаланы тұтас жермен жексен еткен.
Ең қиыны мамандардың жүргізген зерттеу жұмыстары мұндай жойқын апат Түркияда 2030 жылға қарай қайтадан орын алуы мүмкін деген болжамында. Яғни мемлекет жер сілкінісі жиі болатын аймақта орналасқандықтан алдағы уақытта әлі де 7,7 балдық зілзала болуы ескертіліп, ол кезде 90 мыңға дейін адам қаза тауып, миллиондаған адам баспанасыз қалуы мүмкін деп дабыл қағады. Дегенмен қазіргі таңда Түркияда салынатын тұрғын үйлер мен ғимараттардың құрылысына қатысты жаңа нормалар қабылданып, жер сілкінісіне төтеп беретіндей етіп құрылысты жүргізу қатаң бақылауға алынбақ. Сонымен қатар халықты дер кезінде құлақтандыру жағдайы да ескеріліп, болуы мүмкін қауіпті айтарлықтай азайтуға мән берілмек.
Қазақстандағы зілзала да зәрені ұшырды
Түркия елі есін жимай жатып, біздің елімізде де жер сілкінісі орын алғандығы жөнінде ақпарат тарады. Бұл жолы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «СОМЭ» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 21 наурыз күні жер сілкінгендігі туралы ресми мәлімет жариялады. Жер сілкінісінің ошағы Ауғанстан аумағында орналасқандығы, дегенмен Шымкент, Тараз қалаларында 3 балдық, Алматы, Түркістан, Қызылорда аймақтарында 2 балдық деңгейде сезілгендігі мәлім етілді.
Түн мезгілінде орын алған жағдайды тұрғындар да сезінді. Адамдар дереу сыртқа шығып, ешқандай қауіптің жоқтығына көздері жеткен соң үйлеріне қайта оралған. Жерасты дүмпуін көпқабатты үйдің тұрғындары қатты байқады, үй жиһаздары орнынан қозғалып, адамдар өздерін жайсыз сезінгендігін әлеуметтік желіде жариялап жатты. Мамандардың қалаларда қирау немесе зардап шеккендер болмағандығы туралы ақпарат үрейді сейілткен. Шымкент қаласында болған 3 балдық жер сілкінісі кезінде құрылысы осыдан 4 жыл бұрын жүргізілген тұрғын үйлердің тұрғындары пәтерлерінен сыртқа шыққанда қабырғалары сықырлап, сылақтары түсіп, кейін жарықтар пайда болғанын айтады. Бұл жаңа тұрғын үйдің қуаттылығы қатты болатын жер сілкінісіне төтеп беретініне күмән тудырып, ел-жұрттың алаңдауына себеп болуда.
Төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекет
Төтенше жағдайдың орын алуына байланысты оны мамандар табиғи немесе техногендік деп бөледі. Табиғи апатқа жер сілкінісі, су тасқыны, табиғи өрт, мал арасындағы жұқпалы аурулары жатады. Ал техногендік сипаттағы төтенше жағдайға өндіріс орындарындағы, көлікке қатысты авариялар, жарылыс, тіршілік көзі саналатын су, электр жүйелерінің кенеттен істен шығуы т.б. Негізінен барлық адам айтып келмейтін төтенше жағдайға дайын болуы керек.
– Ең алдымен құжаттарыңызды сөмкеге салып, кемінде 3 күнге жететін азық-түлік, ауыз су, алғашқы медициналық көмекке қажетті дәрі-дәрмек, жылы киім өзіңізбен бірге болуын қадағалаңыз. Жер сілкінісін сезсеңіз ең алдымен үрейге салынбау керек, электр жарығын, газды, су жүйесін сөндіріңіз. Төменгі баллмен орын алған зілзала болса, қорықпай, аяқталуын күту қажет, ал қуаттылығы күшті болса, пәтеріңіздің бұрышында, есіктің жақтауында немесе ваннаның ішіне жатуға тырысыңыз. Үй ішінде ауыр жиһаздардың жанында тұрмауға күш салыңыз, керісінше керуерт, үстел сізді құлайтын заттардан қорғап қалатынын біліңіз. Егер жер сілкінісі кезінде автокөлік ішінде болсаңыз, көліктен шықпай, күтіңіз. Өздеріңіз білетіндей зілзала кезінде адам қазасы болады. Ал алдын ала қауіпсіздік іс-шараларын сақтау – адам шығынын азайтудың бірден бір жолы, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Н.Бақтияр.
Адам өмірін жалмаған оқыс оқиғалар
Күн сайын еліміздің ауыл аймақтарында оқыс оқиғалар орын алып, оның соңы адам өлімімен аяқталуда. Бұл өз кезегінде сақтық шараларына немқұрайлы қараудың салдары және үлкендердің жас балаларды қараусыз қалдыруынан орын алатын жағдайлар. Күре жолдың бойында орын алатын көлік апаттары кезінде кенеттен қаза болу талай отбасын қайғы жамылтты. Өзекті өртейтіні қайғылы оқиғаның құрбандарының арасында жас жеткіншектердің де болуы.
– Жыл басынан бері ауданда 2 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 2 адам жарақат алса, 4 кісі қайтыс болды. Өткен жылдың қаңтар-наурыз айында 3 жол-көлік оқиғасы орын алса, 1 кісі жарақаттанып, 4 адам қайтыс болды. Ал былтыр аудан көлемінде 20 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оқиға кезінде 15 адам қайтыс болса, 25 адам дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғасы кезінде 5 жасөспірім зардап шексе, оның 2-і оқиға орнында қаза болды. Барлық жағдай бойынша анықталғаны жол-көлік оқиғасы жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығып кету, басып озу кезінде өз жолына түсуге үлгірмей қалуы кесірінен орын алды, – дейді аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі С.Кеукенов.
Мұнан басқа ата-ананың салғырттығынан қаншама кішкентай балалардың да өміріне қауіп төніп, қайғылы жағдайлар орын алуда. Күйік шалу, жоғарғы қабаттан құлау, суға кету секілді оқиғалардың тіркелуі қаншама отбасының көзқуанышынан айыруда. Мұнан бөлек өз-өзіне қол салу, қыз балалардың ерте жаста жүкті болып қалуы секілді оқиғалар елді елең еткізгені рас. Айналып келгенде мұның барлығы отбасындағы тәрбиенің осалдығы мен баланың өміріне жауапты ата-ананың салғырттығынан. Сондықтан ұрпағымыздың оқыс оқиғадан барынша қорғау үшін өте сақ болуды бір сәтке де естен шығармауымыз керек.
Түйін. Жақында ауданда қайғылы оқиға орын алды. Түн мезгілінде ғимарат шатырынан құлап түскен ер азамат мерт болды. Артында қалған отбасы қайғы жамылды. Бала-шағасы асыраушысынан айырылды. Оның салдарынан қаншама адамға тәртіптік шара көріліп, жауапты жұмысшылар қызметтен босатылды. Бұл оқиғадан көпшілік сабақ алды. Десек те қас қағым сәтте, көзді ашып-жұмғанша орын алатын жағдайды болдырмауға себеп болу адамның өз қолында екенін ұмытпайық.
Б.ЖАНӘЛІ