Ислам бойынша құда түсу
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ
Екі жас болашақ жар ретінде бір-бірін таңдаған соң, уақытты көп созбай, отау көтеруге қам жасауы қажет. Халқымыздың салт-дәстүрі бойынша, көбінесе үйленудің алдында екі жақтың келісімін алу үшін әрі тойға дайындалу мақсатында әуелі құда түсіп, қызды айттыру салты орындалады. Бұған дініміз бойынша да рұқсат етілген.
1. Қызды ата-анасынан сұрату.
Жігіт жағы қалауы түскен бойжеткеннің ата-анасынана барып қызын сұрайды. Алла елшісі (с.а.у.) де Айша анамызбен (р.а.) үйленерде әзіреті Әбу Бәкірдің (р.а.) өзінен сұраған. Еліміздегі “қыз айттыру” дәстүрі де көбінесе осы түрде өтеді.
2. Қыздың келісімін алу.
Қызына құда түсіп келгенде, ата-ана жігіт жаққа жауап беру үшін міндетті түрде қызымен ақылдасуы қажет. Қыздың пікірін білген соң ғана құда түсушілерге өздерінің жауабын айтады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Жесір әйел ұсынысты қабыл етпейінше, ал жас қыздың ризалығы алынбайынша, әйелдерді некелестірмеңдер”, - деген. Жесір әйелді үйлендіру міндетті түрде оның “келісемін” деген сөзінен соң ғана іске асады. Ол ұсынысты қабыл алғанын өзі білдіре алады. Ал оң жақта отырған бойжеткен мұндай сөзді айтудан қымсынады, сол себепті үлкендер жағының сұрағына үндемеуі немесе күлімсіреуі, оның келіскенін білдіргені деп қабылданады. Яғни неке қию үшін қандай жағдайда да әйел затының келісімі болуы тиіс, себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сахабаның қызының келісімін алмастан қидыртқан некесін бұзған. Әзірет Омар (р.а.): “Қыздарыңды қинап үйлендірмеңдер. Олар да сендер секілді жақсы мен әдеміні қалайды”. Сондықтан “Менің айтқан адамыма тұрмысқа шығасың”, “Айттым бітті, соған күйеуге тиесің” деп, қызды күйеуге еркінен тыс беру дұрыс келісім дәрежесінде қабылданбайтынын айтқан.
3. Қыздың өзіне ұсыныс білдіру.
Үйлену туралы ұсыныс қыздың тікелей өзіне жасалса да ағаттығы жоқ. Алла елшісі (с.а.у.) де Үммі Сәләма анамызбен (р.а.) үйленерде тікелей өзіне тілегін білдірген. Үммі Сәләма анамыз ұсынысын қабыл алып, некелерін қидырған.
4. Қыздың ата-анасы немесе жақындарының жігітке қолқа салуы.
Имам Бұхари мұны: “Кісінің қызын немесе қарындасын тұрмысқа беру үшін жақсы адамдарға өзінің ұсыныс жасауы” деп атаған.
Әзірет Омар (р.а.) қызы Хафсаның (р.а.) күйеуі қайтыс болып жесір қалғанда, алдымен Османға (р.а.) ұсыныс жасайды. Осман (р.а.): “Ойланып көрейін”, - дейді. Бір күн өткен соң: “Мен онымен отау құра алмайтын сияқтымын”, - дейді. Одан кейін әзірет Омар әзірет Әбу Бәкірге барып: “Қызымды сен ал, Хафсаны саған берейін”, - дейді. Әбу Бәкір (р.а.) бұл ұсынысқа жауап қатпайды. Ертеңінде Алла елшісі (с.а.у.) Хафса анамызды айттырады. Әзірет Омар (р.а.) бұл ұсынысқа қуана келісімін беріп, оларды үйлендіреді.
5. Айттырылған қалыңдыққа басқа адамның құда түсуі.
Айттырылған қыз жақтың айттырып отырған жігіт жаққа келісім бергені анық болса, сырға таққан жігіт жақ бас тартпайынша, басқа біреудің ол қызға құда түсуіне болмайды, яғни – харам. Бұған ғұламалар бір ауыздан келіскен.
Соған қарамастан екінші жақ қызға құда түсіп немесе үйленер болса, ғұламалардың айтуынша, күнәһар болады, бірақ некелері бұзылмайды, дұрыс болып есептеледі, себебі мұндағы тыйым салынған нәрсе – екінші болып құда түсу, ал екінші болып құда түсу некенің шартына жатпайды, сол себепті неке дұрыс болып саналады.
Алғаш болып құда түскен кісі рұқсат берсе, онда құдалық дұрыс болып есептеледі. Сондай-ақ алғаш болып құда түскен кісіге нақты жауап пен келісім берілмесе, екінші адамның құда түсуі айып болмайды.
Алла елшісі (с.а.у.): “Сендерден ешбірің бауыры айттырған қызға сөз салмасын. Тек алғаш айттырған адам ұсынысынан бас тартқан жағдайда немесе өзі рұқсат берген жағдайда ғана сөз салуға болады”, - дейді.
6. Қыз айттыруды жария етпеудің пайдасы.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) қызды айттырудың жасырын жасалуын тапсырған. Мұны хадисінде: “Қыз айттыруды құпия сақтаңдар”, - деп баяндайды. Бұлай жасаудың бірнеше пайдасы бар.
Біріншіден, ауыл-аймақта өсек тараудың алдын алады. Егер қыз жақ келісім бермесе, жігіт жаққа ыңғайсыздық тудырады. Құда түсушілерді көре алмайтын жандар үшін мұндай жағдай өсек тарату үшін таптырмас мүмкіндік. Мұны жұртқа таратып ел алдында күлкі етуге барын салатындар да бар.
Екіншіден, егер құда түсушілерді күндеушілер болса, қыз жағына барып олардың ұсынысын қабылдатпау үшін түрлі жала жабуы да ықтимал. “Сақтықта қорлық жоқ” деп, қыз жақ нақты келісімін бергенше, істі жария етпеген жақсы.
7. Хитба.
“Хитба” кезінде екі жас үйленуге өзара сөз байласады. Бұл үйленетін жастардың бір-бірін тануына септігін тигізеді. “Хитба” – тек қана сөз байласу, неке емес. Сондықтан неке қиылғанға дейін қыз бен жігіттің бір-біріне жақындасуына, тіпті қолдарынан ұстауға да болмайды. “Хитба” тек қана сөз байласу болғандықтан, белгілі себептерге байланысты кез келген уақытта бұзылуы мүмкін. Бұған дініміз де рұқсат берген.
islam.kz