көрнекті ақын «AMANAT» партиясының аудандық филиалының жұмысымен танысты

Ардақты тұлғаны құрметпен күтіп алған «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы облыс әкімінің қолдауымен өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Сондай-ақ партияның тарихы, бағындырған белестері мен жетістіктері, депутаттық фракцияның ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді.
– Құрметті Қайырбек Зейтенұлы, ата-бабаңыздың атақонысы, өзіңіздің туып-өскен, азамат болып қалыптасқан қасиетті туған жеріңіз – Сыр өңіріне келген сапарыңызда уақытыңызды бөліп, жоспарыңызға арнайы енгізіп, «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалына келуіңіз – біз үшін зор мәртебе. Сіз еңбек жолыңызда Шерхан Мұртазадай дара дарын иелерімен бірге жұмыс істеп, талай ақын-жазушылармен бірге жемісті еңбек етіп, әдеби ортада өзіндік орны бар аяулы ақынға, ардақты азаматқа айналған тұлғасыз. Еңбек жолыңызды, ғибратты ғұмырыңызды үлгі-өнеге тұтамыз. Ауданымыздың басшысы Берік Әбдіғаппарұлының тапсырмасымен 80 жасқа толған мерейлі мерейтойыңыз ауданда кең көлемде аталып өтілуде. Аудан орталығы мен барлық елді мекендерде шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мұның бәрі – Сіздің өміріңіз бен шығармашылығыңызға арналған құрмет, жерлестеріңіздің өзіңізге деген ыстық ықыласы. Алдағы уақытта да игі іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Бұл жұмыстарға «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалы атсалысады, – деп атап өтті Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тараз қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Қайырбек Асанов облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың, аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қабылдауында болғанын, билік өкілдерінің жылы қабылдап, құрмет көрсеткенін айтып, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар «AMANAT» партиясының жобалары туралы өз ойын ортаға салып, атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын жеткізді.
– «AMANAT» партиясының жұмысынан, жаңашыл жобаларынан толық хабардармын. Партияның Хатшысы, құрмет тұтатын тілеулес азаматтардың бірі Ержан Жұматұлы Жылқыбаев мемлекеттік басқару саласында өте нәтижелі еңбек етіп жүрген азамат. Ержан Жұматұлы Тараз қаласының әкімі қызметін атқарған уақытта «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлттық мұра», «Бақытты отбасы» секілді жобалар аясында көптеген игі іс-шаралар ұйымдастырып, бізді қатыстыратын. Бұл жұмыстар өңірлерде де жүргізіліп жатыр деп есептеймін және Таразда тұрып жатқаныммен өзім туып-өскен ауданның жаңалықтарын мерзімді басылымдардан үзбей оқып отырамын. Сонда аңғаратыным, ауданда көп іс атқарылуда. Тереңөзегіміз гүлдене берсін, – деді Қайырбек Асанов.
Көрнекті ақынның партия филиалымен танысуы барысында А.Ибрагимұлы жақында ғана аудан басшысының қолдауымен «Руханият» орталығынан «Кітап – AMANAT» бұрышы ашылғанын айтты.
– Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тікелей қолдауымен ашылған «Руханият» орталығы кітапхана саласының жұмысын жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде кітапхана жаңа заман талабына сай жабдықталды және аудан кітапханашылары түрлі бағытта жүйелі жұмыс істеуде. «Кітап – AMANAT» жобасы аясында ашылған арнайы тұрақты бұрыш көрнекті ақын-жазушылар мен қаламгерлердің кітаптарын насихаттауға, кітапхана жұмысын жандандыруға, ауданның оң имиджін қалыптастыруға септігін тигізеді деп сенеміз. Аталған жоба аясында өзіңіздің де кітаптарыңыз насихатталатын болады, – деді «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы.
Жүздесу соңында сексеннің сеңгіріне шыққан көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тараз қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Қайырбек Асанов батасын беріп, партия филиалының жұмысына сәттілік тіледі.