Білім мен тәрбиені ұштастырған

Отыз төрт жасында мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқара бастаған Ләйлә Шәріпқызы алғашқы лездемені оқушылардың қатысуымен өткізіп, тәрбиесіз сапалы білім болмайтынын көрсете білді. Оқушылардың киім үлгісі, жүріс-тұрысы, отбасындағы жағдайына дейін саралап, тәрбиеге көнбейтін балалармен тікелей жұмыс жүргізді. Бұдан бөлек, мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру жауапкершілігі де жас орынбасарға жүктелді. Таңғы сағат 7:00-де мектеп-лицейге келіп, әрбір баланың аман-есен үйіне жетуіне дейін аралықтағы әрбір іс-қимылын назардан тыс қалдырмады.
– Жалпы, педагогикалық еңбек өтілімде 25 жыл бойы халық баласына білім берумен айналысып келемін. Өзім Ақжарма ауылында дүниеге келдім. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Экономист-шығыстанушы» мамандығы бойынша, ал «Болашақ» университетін «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша тәмамдадым. Мектептегі тәрбие жұмысымен қатар экономика және қаржы бағытында сабақ беремін. Нарықтық заманда оқушының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында ізденіс үстіндемін. Бұл пән мектеп-лицей бағдарламасы бойынша 10-11 сынып оқушыларына бұған дейін беріліп келсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта барлық сыныпқа енгізу көзделуде. Талай майталман маман шыққан қасиетті қарашаңырақта үздіксіз білім беру ісімен айналысып келе жатқанымды мақтан тұтамын, – дейді Ләйлә Шәріпқызы.
Күнделікті шәкірт тәрбиелеуде ыждағаттылық танытып жүрген білікті педагогтің оқушылары көптеген жетістікке қол жеткізген. Облыстық және республикалық білім сайысында шәкірттері үздік нәтиже көрсетуде. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 8-11 сынып оқушыларына арналған республикалық ғылыми жобалар конкурсының «Экономика» секциясы бойынша Үміт Қойшыбаева мен Ақнұр Оразбай ҚР Оқу-ағарту министрлігінің І дәрежелі дипломына ие болды. Сонымен қатар Нұрислам Мейрамбеков, Ұлдана Тәліпова, Балнұр Тәжіханова, Аңсаған Мәлікқызы, Назым Әбдімұратова, Айым Жәкебаева сынды оқушыларының да білім бәсекесіндегі талабын атап өтуге болады.
Бұл ретте Ләйлә Сағымбаева ұстаздар арасында да үздіктер қатарынан көрінуде. Ол – «Өзін-өзі басқару ұйымының жетекшісі» облыстық байқауында І орын алды. Сондай-ақ республикалық «Ozattar – білім саласы үздіктерінің энциклопедиясы» жинағына еніп, «Құрмет грамотасымен» және «Озат педагог» төсбелгісімен марапатталған. Бұдан бөлек, «Білім беру жүйесінде кәсіпкерлік пәні бойынша тұлға қалыптастырудың маңызды факторлары» атты облыстық семинарда «Нарықтың қызмет ету механизмі» тақырыбында өткізген ашық сабағы жоғары бағаланған. Ізденімпаз, тынымсыз еңбегімен танылған ұстаз көптеген жетістігінің арқасында педагог-зерттеуші мәртебесін иеленді. Айта кетейік, кейіпкеріміз кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолынан «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісін алды.
– Шығармашыл ұстаз қашанда ізденіс үстінде жүретіні белгілі. Мектеп-лицейде әріптесім Жанар Тәжібаевамен бірге тәрбие жұмысын үйлестіріп келеміз. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының негізіне айналды. Бұл бағытта жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін көптеген іс-шара жүзеге асырылады. Мақсатымыз айқын болғандықтан, ұжымдағы тәрбие саласының ақсап қалмауына бар күшімізді саламыз. Қазіргі уақытта баланың психологиясы мүлдем басқа. Буллингке бейім жастардың тәрбиесіне бей-жай қарауға болмайды. Тереңөзек кенті бойынша мектебімізде оқитын балалардың әлеуметтік жағдайы сараланып, тұрмысы төмен отбасылармен тікелей жұмыс жүргізіледі. Мұндайда сынып жетекшінің де үлесі зор, – дейді мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Ләйлә Сағымбаева – қызметте талапшыл басшы, білімді мұғалім болса, отбасында ардақты ана, ер-азаматының аяулы жары.
Балтабай ОРДАБЕКОВ