Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазыналы қариялар әркез құрмет төрінде

Қазыналы қариялар әркез құрмет төрінде

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты іс-шараға Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, ауданның еңбек ардагерлері, қазыналы қариялар, ақ жаулықты аналар мен тұрғындар қатысты.

Аудан басшысы қарияларды мерекемен құттықтап, аға буын өкілдерінің ел дамуы жолындағы қажырлы еңбегі үлгі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымыз үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы қарияларымыз ұлт ретінде сақталуымыз үшін барын салған» деп қазыналы қарттарымыздың қоғамдағы рөлін айқындап берді.


Бүгінде қарттарға, зейнеткерлер мен ардагерлерге қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдуымен ардагерлердің өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік қолдау, медициналық қызмет көрсету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл аймақта 1700-ге жуық ардагерге барлығы 322 млн. теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді.


Елімізге, өңірімізге танымал меценат, жанашыр азаматтардың демеушілігімен ардагерлеріміз Мерке, Сарыағаш, Манкент, Жаңақорған шипажайларында кешенді сауықтыру қызметтерін алды. Өткен жылы өңірімізде жарияланған «Руханият жылы» аясында барлық аудандарда салынған «Руханият» орталықтарында ардагерлерге, ардақты аналарымызға, қоғамдық кеңестерге толық жабдықталған жұмыс кабинеттері берілді. Бұл – қарияларымызға көрсетілген үлкен құрмет. Бүгінде облысымызда Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, 103 жастағы батагөй ақсақал Яхия Тасыров атамыз ортамызда жүр. Бізге бейбіт өмір сыйлаған қарт майдангерге әрқашан құрмет көрсетіле береді. Қарияларымыз «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық және облыстық кезеңдеріне қатысып, өнегелі әулет ретінде үлгі болуда. Биыл ауданнан қатысқан Әбсадықовтар отбасы облыстық кезеңнен жеңімпаз атанып, ұлттық байқаудың республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған өнер байқауында «Ұлағат» әкелер ансамблі, «Алтын қазына» және елді мекендердегі әжелер ансамбльдері мерейімізді асырып, бірінші орынды жеңіп алдық. Осындай жетістіктеріңізбен Сіздер кейінгі толқынға жол көрсетіп, үлгі болудасыздар. Қарияларымызға үлгі болар өнегелі істеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік іс-шарада облыстық және ауданның көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мұнан соң қазыналы қариялар мерекелік дастарханда бас қосып, сый-құрметке бөленді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

02 қазан 2025 ж. 50 0