Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 қазанға дейін қандай салықты төлеп үлгеру керек?

1 қазанға дейін қандай салықты төлеп үлгеру керек?

2025 жылдың 1 қазанына дейін жеке тұлғалар 2024 жылға арналған мүлік салығын төлеуі тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шегерімдер маусым айында меншік иелеріне жіберілген, оның ішінде банктік қосымшалардағы push-хабарламалар арқылы да жеткізілген.
Мүлік салығы қалай есептеледі?

Салық келесі негіздер бойынша есептеледі:
  • “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы айқындайтын нысандардың құнына;
  • мүлікті иелену мерзіміне.
Мүлік салығын төлеуден кімдер босатылады?

Жеңілдікке ие санаттарға мыналар жатады:
  1. Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, “Халық қаһарманы”, “Қазақстанның Еңбек Ері” атағына ие болғандар, үш дәрежелі Даңқ орденімен және “Отан” орденімен наградталғандар – барлық салық салынатын нысандардың жалпы құнынан 1000 АЕК шегінде;

  2. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілгендер және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, сондай-ақ ҰОС жылдары тылда кемінде 6 ай еңбек еткендер – жер учаскелері және барлық салық салынатын нысандардың жалпы құнынан 1500 АЕК шегінде;

  3. Мүгедектігі бар адамдар – жер учаскелері және барлық салық салынатын нысандардың жалпы құнынан 1500 АЕК шегінде;
  4. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар (18 жасқа дейін) – олардың меншігіндегі жер учаскелері, тұрғын үйлер, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар, автотұрақ орындары және өзге де нысандар бойынша;
  5. Бала кезінен мүгедектігі бар тұлғаның немесе мүгедек баланың бір ата-анасы – жер учаскелері бойынша;
  6. “Алтын алқа” иегерлері және “Батыр ана” атағына ие болған көпбалалы аналар – жер учаскелері және барлық салық салынатын нысандардың жалпы құнынан 1000 АЕК шегінде;

  7. Жеке тұратын зейнеткерлер (тіркеуде тек зейнеткерлер бар мекенжайда) – жер учаскелері және барлық салық салынатын нысандардың жалпы құнынан 1000 АЕК шегінде;

  8. Жеке кәсіпкерлер – кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын нысандар бойынша (тұрғын үйлер мен Салық кодексінің 529-бабына сәйкес салық базасы айқындалатын өзге де нысандардан бөлек);

  9. Пәтердің (бөлменің) меншік иелері – көпқабатты тұрғын үй орналасқан жер учаскесіндегі үлесіне сәйкес.
Уақытында төлемеген жағдайда не болады?

2025 жылдың 2 қазанынан бастап берешек туралы хабарламалар жіберіледі. Егер қарыз сомасы 1 АЕК-тен (2025 жылы – 3 932 теңге) асса, 30 жұмыс күнінен кейін мәжбүрлеп өндіру туралы бұйрық шығарылады. 5 жұмыс күнінен соң материалдар жеке сот орындаушыларына беріледі. Бұл жағдайда салық сомасымен қоса 25%-ға дейін үстеме төлем төлеуге тура келеді. Сонымен қатар, банк шоттарыңызға тыйым салынып, шетелге шығуға шектеу қойылуы мүмкін.

Мүлік салығын қалай төлеуге болады?

Салықты төлеу жолдары:
  • e-Salyq Azamat қосымшасы арқылы;
  • банктердің мобильді қосымшалары арқылы;
  • egov.kz порталында;
  • банктерде, төлем терминалдары мен банкоматтарда.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
28 қыркүйек 2025 ж. 359 0