Руханият ордасы

Кітап мұражайына айналған киелі жерді көркейтіп, әр бұрышында қандай кітап сақталғандығын оңай тауып бере алатын, кез келген кітаптың мазмұнын ұғындырып, қызыға оқуға септігін тигізетін ол әрине – кітапханашы. Кітап шаңырағында орын алатын көлемді, ғылыми, тағылымы мол іс-шаралар осы кітапханашылардың еңбегі. Әрі қарай сөз кезегін әдістеме бөлімінің редакторы Жанар Оразымбетова алып, «Кітапхана – ақпарат және шығармашылық орталығы» атты тақырыпта өз ойын ортаға салды. Елді мекеннен келген тәжірибесі мол, жас буынға үйретері көп кітапханашылар өз пікірлерімен бөлісіп, жыл бойында атқарылған жұмыстарын айтып өтті.
«Жаңа кітапхана – жаңа мүмкіндік» тақырыбында аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Гүлдана Әбенова сөз сөйлеп, біршама ақпаратпен бөлісті.
– Кітапхана – халқымыздың рухани қазынасы, білімнің сарқылмас бұлағы. Жаңа ғимаратқа көшуі – тек қана мекен-жай ауыстыру емес, ол жаңа серпіліс, жаңа мүмкіндіктердің бастауы болды. Жаңа кітапхана – жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Біріншіден, қолайлы оқу ордасы болса, екіншіден, заманауи технологиялар. Үшіншіден жаңа оқу залы шығармашылық ортаға айналған, төртіншіден оқырманға қызмет көрсету сапасының артуы. Бесінші кезекте болашаққа бағытталған даму жолының айқын көрінісі. Яғни, жаңа ғимарат тек дәстүрлі кітаптарды ғана емес, электронды кітаптар қорын жинақтауға, цифрлық білім көздерін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл – заман талабына сай жасалған үлкен жетістік, – дейді Гүлдана Әбенова.
«Шығармашылыққа толы кітапханалық шаралар» атты тақырыпта Қоғалыкөл ауылдық кітапханасының кітапханашысы Нұргүл Жұматаева баяндама оқып, атқарылған жұмыстарын ортаға салды. Ал Шіркейлі ауылдық кітапханасының кітапханашысы Қызғалдақ Алдабергенова «Кітапхана – жастар үшін мүмкіндіктер кеңістігі» тақырыбында өз пікірін айтып, қызметкерлер арасында жаңа серпін, ой туғызды. Одан әрі Нағи Ілиясов ауылдық кітапханасының кітапханашысы Сәуле Найзатаева «Рухани қазына» республикалық семинарынан түйген зерделі кеңесімен бөлісіп, атқарылған жұмыстарын көрсетті. Бұл тәжірибе алмасу іс-шарасында №1 филиал кітапханашысы Ләззат Серікбаева, №2 филиал кітапханашысы Кенже Бодыбаева, Қалжан ахун ауылдық кітапханасының кітапханашысы Роза Тілеубергенова, С.Сейфуллин ауылының кітапханашысы Лаура Нұрышева, Шаған ауылдық кітапханасының кітапханашысы Венера Айтуғанова өз пікірін айтты. Ал Ақжарма ауылының кітапханашысы Ақмарал Айқынбаева, Іңкәрдария ауылдық кітапханасының кітапханашысы Оралкүл Әлкенова, Айдарлы ауылының кітапханашысы Балзарина Асанова, Бесарық ауылының кітапханашысы Айсұлу Медеуова, Аманкелді ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлзада Бұрханова және Жетікөл ауылының кітапханашысы Кенже Сейтпанова жаңа бағытта тың іс-шаралар ұйымдастырылып жатқандығын атап өтті.
Аталған іс-шарада қатысушылар арасында «Жақсы көңіл-күй – жақсы қарым-қатынас» атты тренинг жүргізіліп, барлық кітапханашы өзара ойын ортаға салды.
Семинар соңында аудандық орталық кітапхананың әдіскері Раушан Баймырзақызы қорытындылап, алдағы уақытта да мұндай басқосулар жүзеге асатынын айтты.
– Бүгінгі өткен іс-шара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған болатын. Біршама әріптестеріңіздің жұмыстарымен қанық болдыңыздар, өз ойларыңызды ортаға салып, пікір алмасу жүзеге асты. Алдағы уақытта да осындай семинар көптеп өткізілетін болады. Бір-біріңіздің тәжірибелеріңіз келесі біреуіне сабақ болары анық. Жастарға үлгі бола отырып, креативті дүниелер жасау маңызды. Ең алдымен жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын ашып, түрлі сергіту іс-шараларын ұйымдастыру керек. Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан әр жас буын кітапты жанына серік ету керек. Оқушылардың сондай дәрежеге жетуі үшін біз аянбай еңбек етуіміз маңызды, – деді сала маманы.
Г.ТАБЫНБАЙ