Жасанды интеллект – көлік саласында

Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық. Осы ретте дәл қазір ел бойынша жүздеген теміржол вокзалы ауқымды жөндеуден өтіп жатқанын бұған дейін газетімізде жазып, ақпараттандырған болатынбыз. Біздің мемлекетіміз Еуропа мен Азия арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналатындықтан, аталған салада ауқымды жұмыстар атқарылуы маңызды. Айта кетейік, былтыр біздің территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асты.
«Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі. Сондай-ақ біз үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады» деген Президент бұл бағыттардың біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеп, елімізге табыс әкелуі қажет екеніне тоқталды. Бұл ретте инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тарту қажеттілігі және бар.
«Транзиттік тасымалдың көлемін арттырамыз десек, біз алдын ала әрекет етіп, әрдайым бір қадам алда болуымыз керек. Инфрақұрылымды жаңғырту ісін одан әрі жалғастырып, осы саладағы озық ел болу үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні кең ауқымда пайдаланған жөн» деді Мемлекет басшысы.
Биыл ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық-Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылады. Алда «Бақты-Аягөз», «Қызылжар-Мойынты» жобалары өз кезегін күтуде. Президент Үкіметке бұл жобаны уақытылы әрі сапалы орындау қажеттігін тапсырды. Жалпы айтқанда елімізде теміржол саласында жалпы ұзындығы 1300 шақырымнан асатын 4 ірі жоба іске асырылуда. Және жаңа вагондармен толықтыру іске асады. Бұл өз кезегінде жолаушы және жүк тасымалын 5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы қазан айының соңына дейін кеден және логистика қызметін көрсететін Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосуды тапсырды. Бұл жүйе инфрақұрылымды жеке компанияларға автоматты түрде бірдей қолжетімді етеді.
Көпшілік арасында вагондардың жай-күйіне байланысты көңілтолмаушылық бар. Президент бұл мәселеге баса назар аударып, халық сұранысын әркез назарда ұстайтынын байқатты. Осы орайда Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылғанын тілге тиек етті. Бұл аталған саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған маңызды қадам екені белгілі.
Авиация саласын жаңғырту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Оның бір дәлелі өзіміздің облыс орталығындағы жаңа терминалдың іске қосылуы болды. Былтыр сондай-ақ дәл осындай қолжетімді терминал Алматы, Шымкент қалаларында да ашылған болатын. Ақжолтай жаңалыққа Зайсан, Қатонқарағай, Кендірлі, Арқалық жұртшылығы да қол жеткізбек. Және бір мәселе әуемен жүк тасымалдау ісіне айрықша назар аудару қажеттігі тапсырылды.
Көлік-логистика саласымен қатар айтылуы тиіс сала – туризм. Бұл салада да мәселелер бар екені жасырын емес. Кадр тапшылығын жою – басты талап екенін Мемлекет басшысы нақты айтып өтті. «Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады» деді Президент.
Туризм саласында заманауи инфрақұрылым салу ұлттық брендті қалыптастыру жолы болса, көлік саласын жандандыру үшін үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту маңызды. Бұл бағытта Мемлекет басшысы нақты тапсырма берді. Алдағы уақытта орындалуы Президенттің бақылауында болады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ