Теміржол вокзалы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі

Сондай-ақ елімізде теміржол саласында жалпы ұзындығы 1300 шақырымнан асатын 4 ірі жоба іске асырылуда. Және жаңа вагондармен де толықтыру іске асады. Бұл өз кезегінде жолаушы және жүк тасымалы көлемін 5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Газетіміздің алдыңғы шығарылымында Тереңөзек кентінде жаңа вокзал құрылысы басталғанын атап өткен болатынбыз. Жоспарлы жұмыстар жүйелі бақылауда екенін айта кетейік. Жақында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ауданға жұмыс сапарымен келіп, жаңғырту жұмыстарымен танысты. Облыс әкімі Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарында болып, теміржол вокзалдарын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.
Аймақ басшысы «Тереңөзек теміржол вокзалын күрделі жөндеу және аумағын абаттандыру» жобасы аясында атқарылған жұмыстарға назар аударды. Жоба бойынша перронды жарықтандыру, брусчатка төсеу, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, көгалдандыру, темір қоршаулар орнату және гранит тастармен әрлеу қарастырылған. Жалпы аумағы 274 шаршы метр болатын ғимарат құрылысы осы жылдың тамызында басталып, желтоқсанда аяқталады деп күтілуде. Ауқымды жобаның тапсырыс берушісі «Қазақстан Темір Жолы» АҚ екенін айта кету орынды.
2008 жылы салынған Тереңөзек теміржол вокзалы бүгінгі күні тозығы жетіп, пайдалануға жарамсыз деп табылған. «Etalon engineering KZ» ЖШС тарапынан техникалық тексеру жұмыстары жасалып, техникалық тозуы жөніндегі қорытынды алынған. Осыған сәйкес, вокзал ғимаратына және оның іргелес жатқан аумағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында, демеушілік есебінен «Тереңөзек теміржол вокзалын күрделі жөндеу және аумағын абаттандыру» жобасы әзірленген. Жобаға сәйкес, перронды жарықтандыру, брусчатка төсеу, орындақтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, көгалдандыру, темір қоршаулар орнату, жиектерін гранит тастарымен қаптау және басқа да жұмыстар қаралған. Қазіргі таңда мердігер мекеме «РиА-Сервис ЛТД» ЖШС, жобалаушы мекеме «КазЭнергоПроектСтрой» ЖШС демонтаж жұмыстарын аяқтап, құрылыс жұмыстарын бастауда. Ғимараттың жалпы ауданы 274 шаршы метрді құрайды.
Елімізде жүзден астам теміржол вокзалын жаңғырту қолға алынған. Оның 10-ы Қызылорда облысының аумағындағы ғимараттар. Ал 2023 жылы Қызылорда қаласындағы ғасырдан астам тарихы бар вокзал мен аумағы толықтай жаңартылған болатын. Бұл жұмыстар аймақтағы көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.
Айта кетейік, облыс әкімі апта ағымында бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралаған еді. Осы орайда ауданға қарасты Бесарық ауылына барып, ең алдымен мектеп, дәрігерлік амбулатория және спорттық-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысқанын айтып өту қажет. Мұнан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысын көрді. «Абай-Дәулет» ЖШС ұйымдастырған алаңда ауыл тұрғындарының 13 бизнес-жобасы жүзеге асуда. Мұнда жартылай фабрикаттар, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдары, тоқыма, кондитерлік өнімдер, сабын және басқа да тауарлар шығаратын цехтар жұмыс істейді. Сонымен қатар Бесарықта жастарды отансүйгіштік пен ізгілікке тәрбиелеуге арналған «Адал адам» тұжырымдамасы енгізілген. Балаларға түрлі үйірмелер ұсынылып, шығармашылық ұжым құрылған. Аталған жұмыстар өз кезегінде өңірдің жаңа келбетін қалыптастырып, аймағымызды өркендету бағытында жүзеге асырылуда.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ