БАСТАУ АЛҒАН ӨЗІҢНЕН (Аудандық газеттің тойына )
Жүрегімді тербеп ыстық сезіммен,
Жас жанымды баурап отты сөзіңмен.
Жырларымды жұртқа тынбай жеткізіп,
Жақын досым болдың бала кезімнен.
Арманымның бұлақ көзі ашылып,
Ақындығым бастау алған өзіңнен.
Көз алдыма қайта келіп өткенім,
Күлімдейді қолын созып көкте күн.
Шабытымның шырқау шыңын аңсаумен,
Талпынады талант атты көктемім.
Қай кезде де маған құрмет, мақтаныш,
Қырық жылдай сенде еңбек еткенім.
Қасиетіңнен айналдым мен ақылшым,
Сергексің де сезімталсың, батылсың.
Қолдарынан тастамайды сені ешкім,
Кәріге де, жасқа да сен жақынсың.
Ауданымның абыройын көтеріп,
«Тіршіліктің тынысы» боп жатырсың.
Әзіл-сықақ әрбір өткір сөз қандай,
Күн-түн оқып, қызығамыз көз қанбай.
Әділдіктің, адалдықтың туы сен,
Қай жарыста тұлпарың бір озғандай.
Заман мынау жатса дағы өзгеріп,
Қалпыңды ұстап сен жатырсың қозғалмай.
Күлімдеді қайта жастық көктемім,
Қонғандай кеп алақанға көкте күн.
Сен арқылы бақытымды таптым мен,
Сен арқылы өсіп, өндім, көктедім.
Өнегеңді өн бойыма дарытып,
Өмірдегі болдың үлкен мектебім.
Мың құлпырып өсе берсін көсегең,
Қанатыңды жайып жолға төсе кең.
Сексен жасқа толған мынау тойыңда,
Ақ қайнарды көтеремін кесемен.
Саған деген махаббаттың белгісі,
Жүрегімді жарып шыққан осы өлең.
Қиналма сен нарық деген заманда,
Жақындай түс жанашыр бол адамға.
Жақсылардың жақсы ісін паш етіп,
Жемқорларды желкелей біл табанда.
Біз екеуміз қол ұстасып жүрейік,
Біз екеуміз қартаймайық, әмәнда!
Мұхтар Сақтапов,
ақын,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»