Қамба астыққа толған күн

«БАҚ» шаруа қожалығының төрағасы Серік Әбжәлиев бастаған шаруалардың еңбегін жоғары бағалаған аудан басшысы Берік Сәрменбаев диқандарды мерекемен құттықтады.
– «Егін өсіру – жұмыстың жарты бөлігі ғана. Оны соңғы дәніне дейін жинау одан да маңыздырақ» деп дала академигі Ыбырай Жақаев айтқандай, алажаздайғы маңдай тердің нәтижесін көретін кез келіп жетті. Сыр күріші – елдің берекесі, ырысы. Соңғы жылдардағы су тапшылығы диқандарымызға оңай соқпағаны белгілі. Осы орайда Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, Үкімет басшысы мен облыс әкімінің қолдауымен Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы мемлекеттермен келіссөздер жүргізіліп, салаға нақты қолдау көрсетіліп келеді. Ауданда ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. Жыл сайын аграрлы ауданымыз егін саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Биыл да сырдариялық еңбеккерлер мол өнім алатынына сенім мол, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Су тапшылығына қарамастан ауданда егін егу жұмысы бір сәтке тоқтаған емес. Осы жылы көлемінде 33145 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде, 19950 гектарға күріш егілді. Суды үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында 13 шаруашылық 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 16000 гектар жерді тегістеу жұмыстарын жүргізді. Жаңбырлатып суару әдісімен 150 гектар жерге күнбағыс дақылы егілді. Күзгі егін жинау науқанына барлығы 900-ден астам техника қатысуда.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында соңғы екі жыл көлемінде бақша дақылдарын егуге ерекше көңіл бөлінуде. Биыл аудан бойынша 800 гектар жерге 1640 отбасы картоп, көкөніс және бақша өнімдерін егіп, алғашқы нәтижесін көріп отыр. Сыр күрішін егетін ірі шаруашылықтардың бірі – «БАҚ» шаруа қожалығы әрдайым алдыңғы қатардан табылып келеді. Биыл шаруашылық 460 гектар күріш пен 368 гектар жоңышқаның өнімін жинады. Қалжан ахун ауылының диқандары да несібесін жерден теріп, алтын күзге жарқын еңбегімен жетті.
Айта кетейік, егінге орақ түсу рәсімінде ақсақалдар бата беріп, диқан қауымға тілектестік білдірді. Мәдениет саласының майталмандары әннен шашу шашып, шаруалардың жұмыс барысынан көрініс қойды.
«Тт» ақпарат