Сүйікті ісі – сауда-саттық

Расында, Құралай секілді жандар тек отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның дамуына үлес қосушы белсенді тұлғаға айналуда. Соның жарқын мысалы – шағын ғана дүкеннің жұмысын жетілдіріп отырған кәсіпкер келіншек. Ол ауылда отырып-ақ өз ісін бастап, ел экономикасына, елді мекен тіршілігіне серпін беріп жүр. Сегіз жылдан бері азық-түлік дүкеніне бас-көз болып келе жатқан Құралай Бәкірова табыс көзін барынша еселеуде.
– Өзім отбасында 9 ағайындымын. Аманкелдіде туып, ауылдасым Төребек Дүйсенбековке тұрмысқа шықтым. Үйдегі отағасы жолаушы тасымалдау қызметін атқарады. Нарықтық заманда бір іспен айналысу арқылы күнкөріс қамын реттейміз. Ең алғаш дүкенімізді жалға алып, сауда саласына ден қойған едік. «Қыпшақ» дүкенінің аумағын кеңейтіп, жеке дара кәсіпкерлікпен айналысуға байлам жасадық. Қазіргі уақытта көптеген тауар айналымын қалыптастырып, фирмалармен тығыз байланыс орнатудамыз. Қызылорда қаласы жақын болғандықтан, барлық тауарды уақытылы жеткізіп тұрамыз. Дүкеніміз 60 шаршы метр аумаққа лайықтандырылған, – дейді дүкен иесі.
Жас келіншек алдағы уақытта қаражат көлемін арттырып, жаңа сауда орнын ашуды жоспарлауда. Күн сайын дүкен жұмысына салғырттық танытпайтын Құралай Бәкірованың негізгі мамандығы банк саласына байланысты. Қаржыны қалай басқару керектігін жақсы білетін кәсіпкер сұраныс көлемін арттыру бағытында үнемі ізденіс үстінде жүреді. Үш перзенттің анасы Құралай кәсіппен айналысамын деген адам қиындыққа мойымай, биікке ұмтылғаны жөн екенін алға тартады.
Б.АЯБЕКҰЛЫ