Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тығырықтан шығудың жолы – сауда-саттық

Тығырықтан шығудың жолы – сауда-саттық

Ең алғаш Тәуелсіздік алған жылдары еліміз тоқырау салдарынан көптеген қиындыққа тап болды. Әрбір отбасында жұмыс көзі табылмағандықтан, жоқшылық белең алды. Аяқ-қолы сау, тепсе темір үзетін азаматтар екі қолға бір күрек таба алмай, амалы құрыған еді. Қиын-қыстау сәтте ала дорбасын арқалаған ауылдағы ағайын сауда-саттық саласына бет бұрды. Өзге елдің шекарасынан өтіп, тауар тасымалдап, күнкөріс қамын жасады.

Етек-жеңін енді жинай бастаған мемлекеттің экономикалық саясаты тұрақсыздыққа ұшырағаны рас. Жоқшылықтың кермек дәмін тартқан халықтың жағ­дайы қуанарлық емес. Базар жағалаған халықтың жан айқайы әр жерден естілді. Осындай ауыртпалыққа толы кезеңде қоғалыкөлділік Бақыт­күл Текебаева сауда-саттық саласын меңгерген жанның бірі. Еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын көршілес мемлекеттен ақ киім, киім, тұрмыстық заттар әкеліп, жергілікті халыққа сатады. Арқасүйер азаматы Мақаш Шоматовпен отау құрған Бақыткүл апа 20 жасынан бастап, саудамен айналыса бастайды. Шымкент қаласының сауда техникумы Қызылордада ашылған сәтте есеп-қисапқа негізделген мамандықты меңгеріп шығады.

– Кеңес Үкіметі кезінен сауда-саттық саласына ден қойып, тұрмысқа қажетті тауарды халыққа қамтамасыз еттім. Әрине, Тәуелсіздік алған жылдарды елес­тету қиын. Аумалы-төкпелі уақытта әсіресе ауылдағы халықтың жағдайы жақсара қоймаған. Екі-үш күн үйімізден алыстап, Қырғызстаннан зат тасимыз. Күнкөріс деңгейі төмен тұтынушыға белгіленген бағада сатамыз. Күні-түні жүрген еңбекті ақтау үшін талай ұйқысыз сәтті өткіздік. Қазіргі уақытта халықтың жағдайы жақсы. Өткен кезеңмен мүлдем салыстыруға келмейді. Дүниеге 6 перзент әкелдім. Бала мен жардың бабын тауып, есеп-қисаптың ұңғыл-шұңғылын үйрендік. Бүгінде 76 жасқа келсем де, «Бақыткүл» деген дүкенімде саудамен айналысамын, – дейді ардақты ана.

Расында, базардан берекет тапқан саудагер біткен егемендік алған жылдары өз алдына аяқтан тұруға қам жасады. Аяулы ана Бақыткүл Текебаева 19 немересі мен 10 шөбересіне тәлім-тәрбиесін беріп, табыс табудың оңайлықпен келмейтінін айтып отырады.

Біздің келесі кейіпкеріміз Жұмакүл Әбдіқадірова – Шаған ауылының тумасы. 1991 жылы еліміз Тәуелсіздігін алған сәтте ол Сәкен Сейфуллин ауылына келін болып түседі. Сауда-саттық саласына 21 жасынан машықтанған аяулы ана талондық жүйемен тұрғындарға азық-түлік таратқан екен. Отбасындағы жан басына шаққанда есептелетін азық-түлікті өлшеп қана сатуға рұқсат етілген. Ешбір адамға артық тауар үйлестірілмейді. Сонда кезекке тұрған адам бір-бірімен жанжалдасып, қат, қол жеткізе бермейтін азық-түлікті бірінші алуға жанталасады. Алғашқы жылдары Шаған ауылында еңбек жолын бастаған Жұмакүл Әбдіқадірова жолдасы Сәрсенғали Медетовпен бірге 4 перзенттің ата-анасы атанады. Көпбалалы отбасынан шыққан кәнігі саудагер өткен күндерді еске алды.

– Егемендік алған жылы сәкендіктерге талонмен азық-түлік тауарларын үйлестірдім. Қант секілді затты 200 граммнан артық бере алмаймыз. Мұндайда көпбалалы отбасылар жоқшылықтың кер­мек дәмін татты. Үйел­мелі-сүйелмелі ұл-қызды асырау үшін талай ана ел жағалап, сауда жасады. Белі бүгілгенше қап арқалап, базарда затын өткізумен айналысты. Қарбаласқа толы өмірде жанталасқан адамның тұрмыс сапасын жақсартуға деген құлшынысы жоғары еді. Кейіннен дүкендер, сау­да орындары жекешеленіп, мемлекет меншігінен шығарылды. Азық-түлік тапшылығы орын алған сәтте шыдамдылық танытып, қолда барды талғажау еткен халықты көзімізбен көрдік. Бүгінде сан түрлі тауар өндірілуде. Сұранысқа сай кез келген дүниеге қол жеткізе аламыз. Бұның барлығы – Тәуелсіздіктің жемісі деп білеміз, – дейді Жұмакүл Әбдіқадірова.

Осы күні аяулы ана жеке кәсіппен айналысып, «Мереке» аралас сауда дүкеніне иелік етіп отыр.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
14 желтоқсан 2024 ж. 54 0