Ерлікке ұмтылу – жас ұрпақ міндеті

Ерлік сабағының мазмұны тереңде. Жаңа оқу жылы басталған мезетте мектеп оқушысының патриоттық сезімін оятып, ел үшін ерлік көрсеткен жандардың есімін ұлықтау – негізгі қағида. Осы ретте білім ошағы базасында құрылған алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ерболат Садықов жетекшілік ететін «Жас сарбаздар» жасағымен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Жомарт Пірназаров ортақ пікір алмасты. Бөлім бастығы жас сарбаздардың дайындығын көріп, әскери тәртіптің негізгі талабын түсіндірді.
Жиын барысында сөз алған Жомарт Рахмеддулаұлы ел үшін қорған болатын жастардың болашағына тоқталды.
– Сырдария ауданы бойынша көктемгі және күзгі әскерге шақырылымда жоғары нәтиже көрсетіп келеміз. Жалпы әрбір ер азамат Отан үшін кеудесін оққа тосып, ерлік көрсетуге дайын болғаны дұрыс. Қазіргі уақытта әскерге барудан жалтаратын жандар үшін талап күшейтілуде. Заң шеңберінде бірнеше жауапкершілік қарастырылған. Бейбіт өмірдің кепілі – тұрақтылық пен тыныштық екені даусыз. Әскери оқу орнында оқыған әрбір сарбаз біліктілігін шыңдай отырып, ел қорғаны атанатыны даусыз, – деді бөлім бастығы.
Келелі кездесуде жоғары сынып оқушыларына әскери мамандық алу үшін оқу орындарының базасы бейнеролик ретінде көрсетілді. Еліміздің қорғаныс саласындағы көптеген жоспарлы жұмыс тетігі таныстырылды. Әрбір өңірлік аймақтың бөлініске сай міндеті сараланды. Ауған соғысы ардагерлері мен өзге де қатысушылар жастардың бойында патриоттық тәрбиені қалыптастыруға қатысты пікір білдірді.
– Біз қай кезде де мектеп оқушыларымен кездесу кезінде әскери өмір мен соғыс жағдайындағы іс-әрекетті айтудан жалықпаймыз. Ауған соғысына қатысқан өзім секілді замандастарым талай тауқымет тартқаны жасырын емес. Осындайда егемендіктің қадірін сезініп, елдің ұландары мықты болуға ұмтылғаны дұрыс, – деді Ғалымжан Байтұрғанов.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ