Отты жылдар жарасы жазылмайды

Тағылымы мол іс-шараға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласындағы Шекара қызметінің майоры Алтай Хисапов, аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Жомарт Пірназаров, Ауған соғысы ардагерлері Ғалымжан Байтұрғанов пен Мейрамбек Зікрия қатысты. Аудандық патриоттық сайысты №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектептің директоры Света Сақтапова ашып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Кез келген жастың бойында отансүйгіштік қасиет болғаны дұрыс. Елдің тыныштығын күзеткен айбынды ерлер қашанда туған жерді қасық қаны қалғанша қорғайтыны мәлім. Әрине, біз Ауған соғысы жылдарында елдің атын шығарған ардагерлер ерлігін, табандылығын ешқашан ұмытпаймыз. Әрқашан олардың есімін ұлықтаймыз. Өз кезегінде сайыс қатысушыларына сәттілік тілеймін, – деді мектеп директоры.
Негізінен, патриоттық сайыста ауданға қарасты 7 білім ошағынан келген оқушылар бақ сынады. Жалпы 4 кезеңнен тұратын сайыста №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей, №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицей, №126 орта мектеп, №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектеп, №135 Асқар Тоқмағамбетов атындағы орта мектеп, №137 орта мектеп, №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектеп өзара мықтыны анықтады. Мектеп оқушыларының шеберлігін әділ қазылар алқасы АК-74 бөлшектеу, оқжатар жинақтау, ОЗК кию, жылдамдыққа ату кезеңі бойынша саралады.
– Сырдария ауданына сапарымыз аясында «Көктем – 2025» әскерге шақырылушыларды зерделеу жұмыстарын жасаған болатынбыз. Кезекті күні патриоттық маңызы зор іс-шараның куәсі атандық. Ауған соғысы ардагерлері әркез өзіндік жүріп өткен жолдарын келер ұрпаққа айтып бергені жақсы. Әрине, Отанды қорғау – абыройлы борыш. Бүгінде Қазақстан әскері айбыны асқақ екенін әлем елдеріне танытып келеді. Елдік мүддені жоғары қоятын жастар ауылдан көптеп шығатыны анық. Осындай талапты, жігері мықты жастарды қолдаймыз, – деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласындағы Шекара қызметінің майоры Алтай Хисапов.
Патриоттық сайыстың қорытындысы бойынша мектеп оқушылары жүлделі орындар иеленді. Өз кезегінде Ауған соғысының ардагерлері Ғалымжан Байтұрғанов пен Мейрамбек Зікрия ақжарма тілегін жеткізіп, құрмет көрсеткен ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ