Академия курсанты түлектермен кездесті
Аптаның сейсенбісінде №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепте "Мамандығым-мақтанышым" тақырыбында ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында кездесу кеші өтті.
Кездесуге Сырдария аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы подполковник Жомарт Прназаров, Ауған соғысының ардагері Ғалымжан Байтұрғанов, Сәбит Жүсіпов, мектептің 2023 жылғы түлегі қазіргі таңда ҚР Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік Академиясының 2 курс курсанты Бауыржан Бақытжанов қатысты.
Іс-шараны ашқан мектеп директоры Света Сактапова осы уақытқа дейін түрлі мамандық иелерімен кездесу кеші өткендігін айтып, әскери мамандығы, әскери қызметке байланысты кездесу кеші алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
Ауған жерінде қару асынып, сын сағатта бір-бірін бауыр дескен азаматтар қаншама. Кездесуде Ауған соғысының ардагерлері сөз алып, әскери мамандық туралы өз пікірлерін айтты. Елін қорғау әрбір азаматтың міндеті және оған барын салу керек екендігін, ықыласты тілегімен ұғындырды. Отанға шексіз қызмет етіп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі, қайсарлықтың көрінісі. Әрбір жас осыны санасына сіңіріп өсуі тиіс.
Қазіргі таңда өзекті мамандықтар қатарына жоғары технология, байланыс, коммуникация, әлеуметтік орта, экономиканы басқару мамандықтары жатады. Ал өзінің сұранысын, қызығушылығын жоймаған, кең тараған мамандықтарға дәрігер, мұғалім, құрылысшы және әскери мамандықтарды атап өтуге болады. Соның ішінде әскери мамандық туралы аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Жомарт Прназаров тоқталып, еліміздегі әскери оқу орындары туралы мағлұмат берді. Бөлім бастығы өз сөзінде ел Президентінің Жарлығы бойынша, әскери борышын өтеген азамат еліміздегі 86 жоғары оқу орнының біріне ҰБТ-сыз грантқа түсуге мүмкіндігі және де құқығы бар екендігін атап өтті.
ҚР Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік Академиясының 2 курс курсанты Бауыржан Бақытжанов өз мамандығы бойынша мәлімет берді.
– Әскери салаға қызығатын бітіруші түлектерге айтарым, дайындықты физикалық жаттығудан бастау керек. ҰБТ-дан төмен балл алсаңыз да, кермеге тартылу, 100 метр, 3000 метр қашықтыққа жүгіру секілді спорттық көрсеткіштердің шекті мөлшері бар. Әскери мамандықтың сан алуан түрі болады, бастысы мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалады. Нақты айтқанда, әскери мамандыққа мемлекет тарапынан келесі жеңілдіктер беріледі. Біріншіден, әскери оқу орнына қабылданған курсант толық мемлекет тарапынан ақысыз оқиды. Екіншіден, жатын орын, әскери киім, тамағы, қысқы және жазғы демалыс уақыттарында мекен жайына келіп кетуі мемлекет есебінен болады. Үшіншіден, оқу бітіргеннен кейін лейтенант әскери шені және жоғары мамандық бітіргені туралы диплом беріліп, жұмыспен қамтамасыз етіледі, – деді жас курсант. Курсант өз мамандығы бойынша толық ақпарат айтып, жас түлектерді әскери оқу орнына түсуге шақырды және мектеп оқушылары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Әрбір түлек мамандық таңдарда, кейінгі өмірге өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай болатындай таңдау керек. Қазақтың көрнекті жазушысы Ж.Аймауытов айтқандай "Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті талап ететін нәрсе" дегендей, алға ұмтылып, әрбір түлек арманына жетіп, қалаған мамандық иесі атансын.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ