Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапханаға «Ізгіден қалған із» кітабын сыйлады

Кітапханаға «Ізгіден қалған із» кітабын сыйлады

«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай «Кітап – AMANAT» партиялық жобасы аясында аудандық кітапханаға барып, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Байназар Сүлейменовтің ұрпақтарымен бірге кітапханаға кітап сыйлау іс-шарасына қатысты.

Оқырманға жол тартқан жаңа кітаптың атауы – «Ізгіден қалған із» деп аталады. Кітаптың авторы – ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған және КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, ұлағатты ұстаз, талай құнды дүниелерді тарих жадына таңбалаған мұра жинаушы Байназар Сүлейменовтің артында қалған рухани қазынасы топтастырылған.

– Саналы ғұмырын ұстаздық және қаламгерлік қызметке арнаған «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі», «Сыр бойы» газетінің байырғы тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, шежіреші қарт атанған Байназар Сүлейменов артына өшпес із, мол мұра қалдырған қаламгерлердің бірі. Өмірден өткеніне жиырма жылдан асқан тұлға Шіркейлі ауылындағы №129 Ә.Жәмішев атындағы білім ордасында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Еңбек ете жүріп аудандық, облыстық газет редакцияларымен байланыс орнатып, шығармашылық ізденістер жүргізді. Қырық жылдан астам уақыт басылымдарға тұрақты түрде мақалалары жарияланып, оқырманның жоғары бағасына, халықтың құрметіне бөленді. Мұның бәрі бүгінде ұмытылмас тарих, ескірмейтін естеліктер. Бүгін кітапхана қорына тапсырылып, тарту етіліп жатқан кітап оқырмандар қызыға оқитын құнды дүниеге айналады деп сенеміз. «Ізгіден қалған із» кітабын насихаттау бағытында іс-шаралар өткізу қажет деп есептейміз. Жинақ туған жер тарихын тани түсіп, аға ұрпақ өміріне зер саламын деген зерттеушілер үшін үлкен олжа саналады, – деп атап өтті Ақтөре Ибрагимұлы.

Кітапханаға кітап сыйлау іс-шарасында Б.Сүлейменовтің қызы Күлзәбира Байназарқызы әкесі туралы естеліктерімен бөлісіп, кітаптың мазмұны туралы айтты. Кітапқа ұстаз-қаламгердің шығармашылық дүниелерімен бірге баспасөзде жарияланған мақалалары да енгізілгенін атап өтті.

Өз кезегінде кітапханашы Раушан Құлмаханова кітапхана жұмысымен таныстырып, 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесінде кітапханаға келіп, кітап сыйлаған Б.Сүлейменовтің ұрпақтарына ризашылығын білдірді.

– Өлке тарихы – баға жетпес қазына. Біз жергілікті ақын-жазушылар мен қаламгерлердің еңбегін әркез жоғары бағалаймыз. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі», «Сыр бойы» газетінің байырғы тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, шежіреші қарт атанған Байназар Сүлейменовтің өмірі мен еңбек жолынан, шығармашылығынан хабардармыз. Алдағы уақытта тақырыптық іс-шара өткізетін боламыз. Сіздерге алғысымызды білдіріп, жұмыстарыңызға жеміс тілейміз, – деді Раушан Құлмаханова.

Кітапханашылар Гүлмайра Асанова, Индира Қартбаева, Майра Балмағамбетов, Ақжан Анапияева атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы ой бөлісіп, ақпарат берді.
05 қыркүйек 2025 ж. 259 0