Сырдария ауданында дәстүрлі діннің құндылықтарын дәріптеу мақсатында кездесу шаралары өтті

Іс-шараларға Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Нұралы Бақытұлы арнайы қатысып, дәстүрлі діннің құндылықтары, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылық, рухани тәрбиенің маңызы жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті.
Кездесулер Сырдария ауданының спортшылары мен жаттықтырушылары, аудандық Руханият орталығының мәдениет саласы қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, мешіт жамағаттары, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар, сондай-ақ ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері арасында өткізілді. Шаған ауылдық мешітінде ақшам уағызы, ал Ақжарма ауылдық «Басапа ишан» мешітінде құптан уағызы айтылды.
Барлық басқосуларда қоғамдағы діни сауаттылықты арттыру, жастарды жат ағымдардың теріс ықпалынан сақтау, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу және ел бірлігін нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Аталған шаралар аудан тұрғындарының рухани дамуына серпін беріп, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты бекемдеуге бағытталды.