Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балам ақылды болсын десеңіз...

Балам ақылды болсын десеңіз...


Баласының ақылды боп өскенін қаламайтын ата-ана жоқ шығар. Сәбиім бала-бақшада тәрбиелі, мектепте өзге балалардан алғыр болса, университетті үздік бітірсе, жұмысқа оңай орналасса деген армандар кей ананың жүрегіне нәрестесін дүниеге әкелген сәттен ұялап жатады. Осыған байланысты ата-ана назарына бірнеше кеңестерімізді ұсынамыз. 

Америкалық докторлар Майкл Ройзен мен Мехмед Оз «Сіз бала тәрбиелеп отырсыз» атті кітабында баланың жылдам дамуы үшін әр ата-ана қолдануы тиіс мынандай 8 факторды атап көрсетеді: 

1. Ойынға қызығушылығын арттыру. 

Кішкентай бала уақытының көбін ойынмен өткізуі керек. Осы ойын арқылы ғана сәбидің әлемді тануға деген қызығушылығы оянады. Ал жан-жағындағы дүниелерді тануға қызығушылығы оянған сәттен ол ертең білім алғаннан ләззат алатын деңгейге жетеді. 

2. Көп кітап оқып беру. 

Кіп-кішкентай болғанына қарамастан балаға мүмкіндігінше көп оқып беру керек. Бала ештеңе түсінбегендей, тіпті естімей отырғандай көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес, баланың миы сырттан келген барлық ақпаратты қабылдап жатады. Баланың сөздік қоры естіген сөздерінен тұрады. Оған қаншалықты көп оқып берген сайын, баланың білетін сөздері ұлғая береді, тілдік мүмкіндіктері жоғарылайды. 

3. Сөзге көп тарту. 

Жауап бере алмайды ғой деп, онымен сөйлеспей қоятын ата-аналар қатты қателеседі. Керісінше, баланы жиі сөзге тартып, оның жауап бере алмайтынын білсең де, сұрақтар қойып отыру керек. Мысалы: «Мысықтың қарны ашқан сияқты, тамақтандырамыз ба?» деп сұраған дұрыс та, «Мысықтың қарны ашыпты, тамақтандырайық» деген дұрыс емес. Бала өзіне ата-анасының көңіл бөліп жатқанын қатты сезеді. Сол арқылы сөйлеуге талпынысы ерте оянады. 





4. Өзге дыбыстардың болуына жол бермеу. 

Баламен әңгімелесу, сөйлесу барысында теледидар қосып қою немесе музыка тыңдау секілді қосымша әрекеттерге бармаған жөн. Ол баланың қабылдауы тиіс ақпараттарына кедергісін келтіреді. Бала бөлмесінде теледидардың болмағаны жақсы. Зерттеу жұмыстары бөлмесінде теледидары бар балалардың сабаққа қабілеті төмен, толықтыққа бейім екенін дәлелдеді. 

5. Шығармашылықпен айналысу. 

Кез келген шығармашылық іс баланың ойлау жүйесін дамытады. Сурет салу, сызу, ермексазбен мүсіндер жасау секілді қызықты істерге баланы үйретіп, қанша айналысса да шектемеу керек. 

6. Көрсету, түсіндіру. 

Үйде де, далада да баланы қоршаған әлеммен таныстырып отыру қажет. Кей ерекше заттарды көрсетіп, олардың мән-мағынасын түсіндірген дұрыс. Сәбидің назарын әсіресе, өзгеріп жатқан дүниелерге аударған жақсы. Мысалы, жапырақтардың қалай сарғайғанын, құстардың неге сайрағанын, ағаштардың қалай бүршік жарғанын бақылату баланың дамуы үшін өте пайдалы. 

7. Дұрыс тамақтану мен құнарлы тағам таңдауға көңіл бөлу. 

Мысалы, балық майы мидың жақсы жұмыс істеуіне өте пайдалы. Мұны зерттеулер де дәлелдеген. 

8. Сабырлық таныту әрі үлгі бола білу. 

Баланы өте жылдам дамытуға асықпау керек. Әсіресе сәби бір жасқа келгенге дейін онымен баяу сөйлесіп, әр сөзді қайта-қайта қайталап, түсіндіріп отыру қажет. Әрине, бала ата-анасының істегенін қайталайды. Сондықтан балам жақсы болсын десеңіз, өзіңіз жақсы болуға тиіссіз. Қазіргі күннің тағы бір үлкен мәселесі кей аналардың балалары үшке келіп үлгерместен жұмысқа шығып кетуі болып саналады. Ондай жағдайда сәбилеріне тәрбиеші жалдайды немесе балабақшаға жібереді. Міне, осы сәттен ата-ананың балаға жеткілікті көңіл бөлмеуі басталады да, ол өз бетімен өсе бастайды. Әрине, балаға тәрбиені ананың өзі бергені жақсы, дегенмен өмірдегі түрлі жағдайларға байланысты тәрбиешінің көмегіне жүгінуге тура келсе, оны дұрыстап таңдаған жөн. Ақшаны аз талап етеді деп, өмірлік көзқарасы әлі толық қалыптасып болмаған оқушы немесе студент қыздарға баланы сеніп тапсыруға болмайды. Пушкиннің тәрбиешісі Арина Родионовна естеріңізде болар? Пушкин ол айтқан ертегілермен ер жетті, “ақын болуыма себепкер” деп сол ғажап тәрбиешісіне мәңгілік қарыздар болып өтті, қаншама өлеңін арнады. Немесе Лев Толстойдың балаларының ағылшын тілін меңгеріп, ертегілерді түпнұсқадан оқуы үшін сонау Англиядан ағылшын қызы Ханнаны тәрбиеші етіп алуын айтыңыз. Мұның бәрі тегін емес. Тұлғаның жақсы болып қалыптасуында тәрбиешінің рөлі өте үлкен. Ол адам балаға ізгіліктің дәнін себетіндей дана болуы тиіс. Сол сияқты балабақшаны да дұрыстап таңдауға көңіл бөлу қажет.
26 маусым 2018 ж. 2 261 0