Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәттісі тіл үйіретін келіншек

Тәттісі тіл үйіретін келіншек

Әр кәсіпкер өзіндік бағыты бойынша жұмыс жасайды. Соның біршама бөлігі сүйіп істейтін хоббиін кәсіпке айналдырған жандар. Атап айтсақ Ақжарма ауылының тұрғыны Айжан Сүлейменова тәтті әзірлеу хоббиін бизнес­ке айналдырып, қазіргі таңда тұрақты тұтынушы қалыптастырған кондитер.

Бұл салаға бет бұруы 2020 жылы үйінде алғашқы тапсырысын жасаудан бастау алған. Айжан Асылханқызы бастапқы жылдары нан өнімдерін пісірумен айналысқан. Одан әрі 2021 жылы Қызылорда қаласындағы «Тәтті әлем» кон­дитерлік орталығының сабағына қатысып, торт өнімдерін пісіруді қолға алған.

– Бұл кәсіпкерліктің бастамасын бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шыққан уақытта қолға алдым. Алғашқы кезде самса, бауырсақ, піспе нан және тағы да басқа өнімдерді пісірген болатынмын. Бірақ оның біршама қолды байлайтын, көзге көрінбейтін ұсақ жұмыстары көп болды. Сондай-ақ бірыңғай қызыл отынның қасында тұра­тының тағы бар. Сол жылдары кондитерлікке қатты қызығып жүрдім. Содан қаладағы «Тәтті әлем» кондитерлік орталығының курсына қатысып, білімімді шыңдадым. Солай бірте-бірте торт пісіруге бет бұрып, ауылдағы дүкендерге өткізіп жүрдім. «Айжан» атты жеке кәсіпкерлігімді заңдастырып, мемлекеттік бағ­дар­ламаларға қа­тысып көруді шештім. 2022 жылдың қазан айында қайтарымсыз грантқа тапсырып көрдім, бірақ болмады, – дейді кәсіпкер.

Отбасында аяулы ана болып отырған Айжан Асылханқызы 1992 жылы Ақжарма ауылында дүниеге келген. Ауылдағы мектепті ойдағыдай аяқтап, Қызылорда қаласындағы «Бола­шақ» университетіне оқуға түскен. 2011 жылы аталған жоғарғы оқу орнын «бастауыш пәнінің мұғалімі» мамандығы бо­йын­ша жақсы нәтижеде бітіріп шығады. Бітірген мамандығы бо­йынша 2014 жылы еңбек жолын қаладағы №120 орта мектепте мұғалім қызметімен бас­тайды. Көп ұзамай 2015 жылы Ақжарма ауылының тумасы, өмірлік серігі Тимур Шайымовпен бас қосып, шаңырақ көтереді. Отбасында 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған мейірімді ана. Жұмыс орны қалада орналасқандықтан ауылдан қалаға күн сайын қатынау да біршама әурешілікке салары анық. Солай 2020 жылы Айжан өз қалауымен мұғалімдік жұмысын тоқтатады. Ауылда орналасқан балабақшада қоғамдық жұмыспен уақытша қызмет атқарып, артынша кәсіпкерлікке бет бұрған. Шынында қолдан келсе аянбаған абзал. Әр жыл сайын өзінің кәсібіне байланысты білім алып, толықтыру енгізіп отырған Айжан Асылханқызы нағыз еңбек адамы. Отбасында аяу­лы жар, үлгілі келін әрі жүрегі мейірімге толы ана, өзінің сүйіп істейтін жұмысын табыс көзіне айналдыра білген кәсіпкер.

– Бір байқап көргеннен нә­тиже болмады деп отыра алмайды екенмін. Жұмыс істеуімді тоқтатпадым. 2023 жылы Айнұр есімді кондитерден жеке курс оқып, білімімді толықтырдым. Сұраныс күннен-күнге арта берді. Тіпті көрші ауылдардан да тапсырыс түсіп, үлгере алмайтын кездер көп болатын. Солай мемлекеттік бағдарламаның бірі қайтарымсыз грантқа қайта тапсырып, жеңіп алдым. Сол біршама көмек болды. Алған қаражатқа үлкен көлемді торт пісіретін арнайы пеш пен миксер алдым. Пештің өзі үлкен қаражатты талап етеді. Сөйтіп сәл болсын кәсібімді жаңа деңгейге көтеріп, тапсырысты уақытылы жеткізіп жүрдік. Арада денсаулығыма байланысты 5 айдай үзіліс болды. Бірақ осы жылы қайта кірісіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатыстым. 2,5 пайызбен 5 млн қаражат алып, тағы да кәсібімді кеңейттім. Қазіргі таңда жалғыз өзіме тапсырысқа үлгеру қиындық туғызуда. Кәсіпті үлкейткеннен кейін, қасыма көмекші адам алу ойда бар, – дейді Айжан Сүлейменова,
                                                    

Әр кәсіптің көзін тапқан адам табысты болатыны сөзсіз. Бірақ ол үшін де соған лайық тер төгіп, еңбек етуің маңызды. Бүгінде ауы­лын тортпен қамтамасыз етіп отырған Айжан алдағы уақытта көмекші алып, көрші ауылдарға жеткізу қызметін қосуды мақсат етіп отыр. Ал қазіргі таңда өзі күніне кем дегенде 15 торт пісіріп шығарады. Оның ішінде торттың кез келген түрін арнайы тапсырыспен жасап береді. Тапсырыс беру үшін 2-3 күн алдын ала жазып, қандай көлемде, қандай торт керек екенін айтсаңыз болғаны. Алдағы уақытта ауылынан үлкен кондитерлік дүкен ашу ойында бар.

Кез келген ісіңді сүйіп істесең, ол гүлденетіні анық. Соның бір дәлелі Айжан Асылханқызының кәсіпкерлігі. Мемлекеттен қолдау тауып отырған бизнес бағыты әрқашан өркендері анық. Тек мойымай, әрекет ете білу керек. Осындай «әрекетке берекет» деп бастау алған ісі бүгінде күн са­йын дамып жатқаны жанды жадыратары анық. Айжан Сүлейменованың қолынан шыққан тәттілер әр отбасыны қуанышқа бөлейтіні сөзсіз.


Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
26 тамыз 2025 ж. 293 0