Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 66 газет

03 қыркүйек 2025 ж.

№ 65 газет

30 тамыз 2025 ж.

№ 64 газет

26 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Жаны жұмсақ, жүзі жылы медбике

Жаны жұмсақ, жүзі жылы медбике

Әлемдегі ең мейірімді әрі мәртебелі мамандық – медбике. Медбике – науқас адамның жанынан табылып, тезірек сауығып кетуіне жәрдем беретін, жылы сөзімен, мейірімді жүзімен демеу болатын жан. Аманкелді ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның медбикесі Шолпан Ахметова – аялы алақан иесі. Бойында адалдық пен жауапкершілік, кішіпейілділік пен адамгершілік секілді қасиетінің арқасында адам саулығы үшін ұзақ жылдан бері қызмет етіп келеді.

Қырық екі жылдан бері ауыл тұрғындарының денсаулығына қызмет ететін ақ халатты абзал жан осы ауылда туып-өскен. Жүрек қалауымен медбике болып оқып, мамандық алған кезіндегі жас маман бір жерде табан аудармастан еңбек етіп, халықтың ықыласына ие болды. Жүрегінде мейірімі бар медбике ауылдағы үшінші аймақтың жауапты қызметкері. Денсаулық сақшысы 120 тұрғын үйдегі 615 адамның саулығын қадағалайды. Өзіне бекітілген аймақтың диспансерлік есепте тұратын 48 адамның және 14 жасқа дейінгі 124 баланың денсаулығын жіті бақылайды.

– Дертіне дауа іздеген әрбір науқасқа ең алдымен жылы сөз қажет. Бұл біздің қызметімізге қойылатын талап десек те болады. Мұны басқа мамандық иесі сезінбеуі мүмкін. Ал медбикеге қажет қасиеттің бастысы – жылы қарым-қатынас пен үлкен жауапкершілік. Өмір мен өлім арпалысқан сәтте әрбір секунд маңызды болады. Сондайда ең алдымен алғашқы көмекті дұрыс көрсетуге өмір бойы машықтандық десек артық айтқандық болмас. Есімде, алғашқы жұмысқа тұрған жылдары үйден босану болды. Жас медбикемін, жолдастарымыздың әйелі әрі көрші келіншек екінші сәбиін үйден босанып қалды. Аман-есен босанған соң емханаға әкеліп, күтімін жасадық. Негізінен ауыл медбикесі жан-жақты болады. Кез келген жағдайға дайын болу – басты ұстанымымыз, – дейді тәжірибелі медбике Шолпан Серікбайқызы.

Білікті маман алғашқы еңбек жолына қадам басқанда, қызметіне кіріскенде осындай қиын да қызықты сәтті басынан өткізген. Сондықтан оның басты қасиеті науқастың жанын түсініп, әрбір жанға құрметпен қарауды парыз санайды. Осындай қасиетінің арқасында ол ауылдастарына сыйлы, құрметті, оны танымайтын жан кемде-кем.

Күн сайын абыройлы міндетін атқаруға асығатын медбике қарбаласқа толы әрбір күнін еңбекпен өткізеді. Адал қызметі дағдыға айналып, жаны жабырқағанға қол созып жүрген, қамқор болуды санасына сіңірген білікті медбике туралы әріптестері де жылы лебіз білдірді.

– Ауылдағы амбулаторияның білікті әрі тәжірибелі маманы Шолпан Серікбайқызымен ұзақ жылдан бері бірге жұмыс істеймін. Жүрегі мейірімді жан өзінен кейінгі мамандарға бағыт-бағдар беруден жалықпайды. Ең бастысы, ізденісі мен жауапкершілігі жоғары. Қандай жаңашылдық болсын үйренуге асығады. Аймағындағы әрбір адамның денсаулығын, қандай сырқаты барын жатқа біледі, үй-үйді аралап, скринингтен өткізу үшін уақытпен санаспайды. Медбикенің жұмысына деген жауапкершілігін үлгі етеміз, жоғары бағалаймыз, – дейді әріптесі Оразкүл Түменбаева.

Шолпан Серікбайқызы ұзақ жылғы адал қызметін мінсіз атқаруда. Енді бірнеше айда зейнет демалысына шығады. Оның осы уақыт аралығында атқарған қызметі басшылық тарапынан жоғары бағаланды. Медбикенің ендігі арманы тұрғындардың сұранысы бойынша аурухана жұмысы қайта қолға алынып, жанданса, сол аумақтағы бірнеше ауыл халқының емделуіне қолайлы жағдай жасалар еді. Әзірге күндізгі стационардағы 10 төсек орында науқастар ем алып, ақ халатты абзал жандарға ризашылығын білдіруде.

Тұрғындардың денсаулығына қызмет ететін дәрігерлік амбулатория ұжымының бір мүшесі болып, науқас жанға шипалы емімен, ақжарқын көңілмен дем беретін Шолпан Серікбайқызы «болдым, толдым» деп қарап отырмайды, әрбір тұрғынның оңалуына атсалысуға асығады. Төзімділік танытып, барынша мейірім мен жылы лебіз білдіріп, дертінен айығуға себепкер болуға тырысады. Себебі жан қалауымен таңдаған саланың ыстығы мен суығының қаншалықты екенін біледі. «Ерік-жігерің мықты болса, алынбайтын қамал, аспайтын асу болмайды. Әрбір күнімді жүйелі әрі ұтымды ұйымдастыруға жәрдем беретін дәрігер мен әріптестерім бар. Ұжым шағын болса да атқарып отырған қызметіміз ұшан-теңіз. Сондықтан ем іздеп келген науқастың аяғына тік тұрып кетуіне уақытпен санаспай қызмет ете береміз» дейді Шолпан Ахметова.

Шолпан Серікбайқызы үшін мамандығына деген адалдық ең бірінші кезекте тұрады. Себебі оны қолдап отырған отбасы бар. Жұбайы Келіс ағамен бірге тәрбиелеп-өсірген ұл-қыздары бүгінде бір-бір мамандық иесі. Өсіп-өнген отбасының алтын қазығы болған сүйікті аналары осы уақытқа дейін алаңсыз жұмыс жасады. Сондықтан қолдау мен жауапкершілікті қатар сезінген жан әлі күнге дейін жұмысына деген құлшынысынан бір тайынған емес. Қызметінде қандай да бір жетістікке жетсе, ол қарапайым еңбегінің жемісі.


Бибісара ЖАНӘЛІ
03 қыркүйек 2025 ж. 320 0