Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаның аялы алақаны

Ағаның аялы алақаны

Менің өмірімде жақсы адамдар көп жолықты. Өкініштісі, сол жақсы-жайсаңдардың біразы қазір арамызда жоқ.
Жыр жазғаным болмаса тиіп-қашып,
Ұлылармен жүрмедім иықтасып.
Алдына да бармадым – аласартып
Алам ба деп Қадырдің биік басын, – деп жазғанымдай, оларға дер кезінде алғыс айта алмағаным үшін де өзімді жазғырам. Қазақтың «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген сөзі содан қалса керек.

Өмірдің әр белестерінде шарапаты тиген, қол ұшын созып, қолтығымнан демеген Сағадат Нұрмағамбетов, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдім­беков, Мұғалімбай Жылқайдаров, Есенғали Раушанов және тағы да басқа қазақ­тың аяулылары болатын. Бұл есімдер әрдайым жүрегімнің төрінде.

Бүгінгі әңгіме аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдаған азамат, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, белгілі әскери журналист, отставкадағы полковник Алтынбай Дәуренбеков туралы.

Біздің басымыз тоқсаныншы жылдардың басында тоқайласты. Мен «Қазақстан сарбазына» келгенде Алтекең орталық аппарат­та – Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі даңқты генерал С.Нұрмағамбетовтің баспасөз хатшысы болатын. Менің қолыма Қарулы Күштер қатарына запастан шақырылғаным туралы ақсақалдың бұйрығын да Алтекең табыстаған.
Алтынбай Дәуренбеков редакцияға келгенде өзінен бұрын дауысы, дұрысын айтсақ таудан құлаған тасқындай күлкісі естілетін. «Жақсыда жаттық жоқ» араласып кеттік. Бірақ, бетің бар жүзің бар демейтін тік мінезін де байқаған соң алыстан сыйласып жүрдім.

Ең алғашқы іс-сапар да есімде. Бір топ журналистің сапында Жаркент, Шонжы бағытындағы әскери бөлімдерге бардық. Сол жолы Алтекеңнің мықты ұйымдастырушылық қабілетімен қа­тар небір шенділер мен терезесі тең сөйлесетін, тіпті мысы басып тұратын қасиетін де байқадым.

Алғашында «Мына қызметті біз қалтамызға салып кетпейміз, сендерге қалады» деп орталық аппаратқа өз қасына шақырғанда бас тартқам. Мені екі нәрсе: Бас штабтағы қаптаған полковниктер мен генералдар, екінші ауыздығын қарш-қарш шайнаған Ал­текеңмен тіл табыса алам ба деген ой ұстап қалған. Кейін белгілі болғандай полковниктер мен генералдар да біз сияқты адамдар екен. Оның үстіне Алтекең мен қатарлы жас офицерлерге қамқор боп, шенділерді шенімізден жүргізбейтін.

Екінші қаупім де бекер боп шықты. Енді қарап отырсам екеуміз қоян-қолтық қанша жыл қызмет жасадық, сонда бір де бір рет жүз шайыспаған екенбіз.

…Мен сол беті әскери газетте қала бердім. Бір күні АҚШ-тың Солтүстік Королина штатында айға жуық болған НАТО-ның әскери жаттығуынан оралсам, редакция басшылығы «Сен енді бізде істемейсің» дейді.

Мен аң-таңмын:
– Қалайша?
– Қорғаныс министрінің бұйрығы шықты, сені орталық аппаратқа ауыс­тыру туралы.
Осылайша Алтекеңнің қол астындағы қым-қуыт әрі қызықты әскери қызмет басталып кетті.

1997 жылы Сайрам ауданында тұңғыш рет халықаралық «Ортазбат» жаттығуы өтетін болды. Оған АҚШ бастаған НАТО және бірқатар ТМД мемлекеттері қатыспақшы. Біз алдын ала келіп «Шымкент» қонақүйінде халықаралық, ал полигонда далалық баспасөз орталығын ұйымдастырдық. Қыруар шаруа атқарылды. Қашанда қаражат тапшы, тіпті ас-суға дұрыс ақша бөлінген жоқ. Алтекең болса жергілікті кәсіпкер жігіттермен тез тіл табысып, солардың бізді кетер-кеткенше күтіп, сыйлағаны есімде. Жаттығу қарсаңында қонақүйді «түнгі көбелектерден» тазартудың өзі жеке бір хикая…

«Ортазбаттың» біздегі бірінші кезеңі бітті де, екінші кезеңі Ташкент түбіндегі Шыршықта өтетін болды. Алтекең аяқ астынан шешім қабылдап, төрт автобусқа тиелген халықаралық журналистердің тобын сен бастап барасың демесі бар ма! Қазақ-өзбек шекарасындағы кеденнен өте алмай біраз қиналғанымыз болмаса, колонна аман-есен Шыршыққа жетті. Әскери тілмен айтсақ бұл мен үшін алғашқы «боевое крещение» болды.

Қысқасы, жаттығу сәтті аяқталып, Ташкенттен қайтып келеміз. Қорғаныс министрі М.Алтынбаев маған капитан шенін мерзімінен бұрын сол жолы ұшақ үстінде берген еді…

Үлкен өмір мектебінен өткен Алтекеңнен өз басым көп нәрсені үйрендім. Айта берсе Алтекеңнің жан-жағына тигізген шарапаты шаш етектен. Елге болсын деп жүретін ақеділ азаматты сол тұстағы Қазақстанның журналист қауымы сөз жоқ құрмет тұтатын.

Тағы бір мысал, кезінде Астанаға көшпеймін деп Алматыда қалып қойдым. Алтекең болса Арқаға аттанып кетті. Бірақ, министрдің бұйрығына менің де аты-жөнімді енгізген екен. Әлде түбі астаналық болатынымды іші сезді ме, кім білсін.
Сыртымнан шығарылған екі бұйрық осылайша менің өмірімді түбегейлі өзгертеді деп кім ойлаған. Оған да мұрындық болған әрине, Алтекең!

«Мына қызметті біз қалтамызға салып кетпейміз, ертең сендерге қалады» деген сөзі де кейін айна-қатесіз келді. Бүгінде Алтекеңнің тәрбиесін көрген, ізін басқан інілерінің екінші буыны әскери зейнетке шығып жатыр. Менің айтпағым – аға алақанының ыстық табы әлі маңдайымызда.

Сөйткен Алтекең алдағы қыркүйек айында жетпіске толмақшы. Катя жеңгеймен бірге алтындай қыздарын қияға қондырды, Алланың сыйы – Алмат есімді ұлы үлкен азамат болды. Бұйырса келін түсіріп, жеңгейдің қолын ұзартпақшы. Ағамыз атақ-абыройдан да кенде емес. Кезінде Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атанса, кейін «Ақпарат саласының үздігі» болып танылды. Мінсіз әскери қызметі үшін бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Ал мерейтой қарсаңында ҚР Қарулы Күштері ардагерлері ұйымының төрағасы, Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың бұйрығымен отставкадағы полковник Алтынбай Дәуренбековке «ҚР Қарулы Күштерінің құрметті ардагері» атағы берілді.

Лайым немерелер аман болып, шөбере-шөпшек сүюге жазсын, аға! Сөз соңын Жарасқан ақынның жырымен түйіндегім келеді:
Қоғам қанша өзгерсін, заман қанша
Адам өмір сүреді адамдарша.
Қара жолды ешқашан шөп баспайды,
Ізіме ерген інілер аман болса!

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ,
әскери журналист
Фото: Ашық дереккөзден
26 тамыз 2025 ж. 164 0