Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас отбасыларға бағыт-бағдар берілсе

Жас отбасыларға бағыт-бағдар берілсе

Бірер ай бұрын ауданда «Отбасын қолдау» орталығы ашылып, өз жұмысын бастаған еді. Байқауымызша, орталық жұмысы қазір қалыптасып, бір жүйеге түсіп, мекеме қызметкерлері түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастыруда. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ниетте мекеме қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тілеймін.

Елімізде Отан мен отбасы егіз ұғым болып саналады. Сондықтан ұлттық құн­ды­лықты дамытумен қатар отбасылық құнды­лықты сақтау, насихаттау жұмысы қатар үйлестірілуі қажет. Ардагер ретінде «Отбасын қолдау» орталығы өз жұмысын жас отбасыларға бағыт-бағдар берумен ұштастырса деген ұсынысымды айтқым келеді. Ол үшін өмірі өнегелі ата-енелердің басын қосып, олардың ақыл-кеңесін, өмірлік мол тәжірибесін пайдалануға болады. Қазір біреу біреудің ақылын қажет етпейтін кезең секілді. Бірақ ортақ жауапкершілік, қоғамдық мүддені де естен шығармауымыз қажет. Кейде статистикалық мәліміттерге зер саламыз. «Әрбір төртінші немесе бесінші отбасы ажырасыпты» дегенді естігенде көңіліміз түсіп, терең ойға шомамыз. Бұл жас отбасылардың ашуға ерік беріп, шыдамдылықты, төзімділікті серік етпей, тез шешім қабылдауынан. Олар өздерін ғана ойламауы керек. Олар ата-анасын, шыққан жерін және келген ортасын, отбасындағы бала-шағасын да ойлауы керек. Сондықтан жас отбасыларға бағыт-бағдар беру жұмыстарын жан-жақты ұйымдастырған жөн.

Қ.ОСПАНОВА,
еңбек ардагері
Фото: Отбасын қолдау орталығы
01 маусым 2024 ж. 150 0