Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі кәсіп – адал табыс кепілі

Берекелі кәсіп – адал табыс кепілі

Еліміздің дамуы мен халықтың әл-ауқатының жақсаруы еңбек пен табыс көзіне тікелей байланысты. «Адал еңбекпен тапқан нан тәтті» дейді дана халқымыз. Сол сияқты берекелі кәсіп – тек материалдық игілік көзі ғана емес, ол – рухани құндылықтың, ізгі ниет пен адалдықтың айнасы. Осы тұста бизнесін өз туған өлкесінде өркендетіп отырған Шарафат Бейбітұлы – Бесарық ауылының тумасы.

Кез келген кәсіптің болашағы оны дөңгелетіп отырған адамына байланыс­ты. Бизнесті бастауда кәсіпкер түрлі қиындық пен жағдайға тап болатыны анық. Ең әуелі қаражат жағы шешімін тапса, одан әрі кәсіпке қолайлы жер мен ғимарат іздеу тағы бар. Бұдан бөлек қаншама көзге көрінбейтін мәселе де жауапкершілікті талап етеді. Осылардың барлығын әр кәсіп­кер басынан өткеретіні анық. Соның бірі – өз ауылында көлік жуу бизнесін бас­таған Шарафат Бейбітұлы. Ол ауылдағы мектепті бітіргеннен кейін, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығына оқуға түсіп, 2015 жылы ойдағыдай тәмамдаған. Еңбек жолын сол жылы «Автогаз Трэйд» компания­сында оператор-кассир болып бас­тайды. Бұл мекемеде біраз уақыт жұмыс істеп, 2022 жылы өзінің жеке бизнесіне бет бұрады.

– 2022 жылдың қазан айында ауылдағы Төлеген Белгібаев көше­­сінде орналасқан жер телімінің аукционына қатысып, жерді ұтып алдым. Солай кәсібімнің алғашқы қадамы жасалды. 2023 жылы көлік жуу орталығының құрылысы басталды. Өзімнің құрылыс саласынан хабарым болмаған соң әжептәуір қиындық туғызды. Одан бөлек жердің, кәсіптің жеке құжаттарын заңдастыру да ұзақ уақыт алды. Әр мекемеден құжат жинау біршама төзімділік пен сабырлықты талап етеді екен. Осылай бизнесім сол жылы ашылып, халыққа қызмет ете бастадық, – дейді кәсіп иесі.

Бұл бастаманың ашылғанына небә­рі екі жылдан асса да тұрақты тұтынушылар қалыптастырып үлгер­ген. Бұл бизнес түрі ауыл халқы үшін пайдалы екені сөзсіз. Негізі Шарафаттың кәсіп ашуының түпкі себебі – халыққа қолайлы қызмет түрін ұсыну болған. Сондай-ақ ауыл мен қала арасында қатынап жұмыс істеу біршама қиындық туғызған. Осылайша ауылдан кәсіп ашып, өз жұмысын жандандыруды көздеген кәсіпкер бүгінде көпшілік сұранысына ие.

Ал қазіргі таңда бизнестің тұрала­май, үздіксіз жүруі кәсіп иесіне де тікелей байланысты.

– Бүгінде күніне 15-25 көлік келеді. Бұл – орташа көрсеткіш. Менің міндетім тұтынушылар үшін барлық жағдайды жасау. Әр ай сайын өзінің белгілі бір шамадағы шығыны бар. Сондай-ақ ара­­сында арнайы аппараттар жөндеуді талап етеді. Оған да қосымша төлем бар. Арнайы көлік жууға арналған көбік аламын. Осындай біршама шы­ғын шығып тұрады, – дейді Шарафат Бейбітұлы.

Жас кәсіпкер бұл бизнесімен ғана шектелмей, өзінің жеке автокөлігімен жеткізу қызметі, аэропорттан күтіп алу қызметін де орындайды екен. Бір ғана кәсіпке қарамай, тынбай еңбек ету нағыз ер азаматтың бойынан табылуы тиіс қасиет. Міне осындай еңбекқор азаматтың бірі – Шарафат Бейбітұлы жас буынға үлгі етуге тұрарлық азамат деуге негіз бар.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

23 тамыз 2025 ж. 369 0