Берекелі кәсіп ерік-жігерден басталады

Қызылорда қаласының тумасы 1981 жылы өмірлік жары Байбол Айтбаевпен шаңырақ көтеріп, Шіркейлі ауылына келін болып түседі. Жолдасы егін шаруашылығын қолға алған кәсіп иесі. Жеке қожалықтың құрылтайшысы әрі ауылдағы егіннің дамуына, өркендеуіне орасан зор үлес қосқан жанның бірі. Алтынай Бекбатырова жаңа нәрсені бастауға ниеттеніп 2005 жылы жеке кәсіпкер болып тіркеледі. Бар күш-жігері мен шыдамдылығын осы кәсіпке арнаған. Екі баланың анасы бүгінде сол бастапқы жылдарды есіне алып, қызықты сәттерімен бөлісті.
– Сол 2005 жылы жеке кәсіпкер болып тіркелгеннен кейін, жолдасым екеуміз қолымыздағы шамалы ақшамен бастап кеткенбіз. Тура 20 жыл болыпты бұл дүкеннің ашылғанына. Осы жылдар ішінде түрлі қызық жайттар болды. Сүріндік те, құладық та, бірақ қайта тұрып, кәсібімізді тоқтатпай жалғастырдық. Міне, сол мойымай еңбек еткеннің жемісі бүгінде жаңа ғимаратқа ауысып, көркейіп жатырмыз, – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ бұл кәсіптің негізгі бастау алуына сол 2000 жылдардағы жоқшылық әсер еткенін, сонымен қатар жеке бизнесті қалыптастырудың бастамасы болғанын айтып, еске алуда. Бірақ осы жиырма жыл ішінде кәсіп иесі мемлекеттік қолдауға жүгінбеген. Ешқандай кәсіпкерді қолдау бағдарламасына қатыспаған. Тек өз еңбегі мен ерік-жігерінің арқасында бүгінде екі қабатты ғимаратқа ауысып, дүкен көлемін ұлғайтқан. Айта кетейік, бұл «Жаннұр» дүкенінде азық-түліктен бастап, тұрмыстық заттар мен киім-кешектер, күнделікті балғын дәмдер мен тәтті тоқаштар және үй-жағдайына қажетті барлық заттарды табуға болады. Сонымен қатар Алтынай Бекбатырова кәсіпкер ретінде бір адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Қазіргі таңда кәсібімізді ұлғайту мақсатында және де фаст-фуд дәмханасын ашу мақсатында «Атамекен» бағдарламасына төменгі пайыз мөлшерімен өтінім тастап көрдік. Жақында ғана тексеру комиссиясы келіп көріп кетті. Осы уақытқа дейін мемлекеттен қолдау алып көрмеп едік, енді бұйырса аламыз деп отырмыз, – дейді еңбекқор жан.
Кәсіпкерліктің жолы әрдайым тегіс емес. Қаржылық тәуекел, бәсекелестік, құлдырау – бұның бәрі кез келген кәсіпкердің алдынан шығатыны анық. Осы сәтте күш-жігері мықты жандар ғана алға жылжып, дамиды. Берекелі кәсіп – жай ғана табыс көзі емес, ол адамның ішкі жан дүниесінің, өмірге деген көзқарасының көрінісі іспеттес. Өз кәсібін сүйіп істеген адам ғана биікке ұмтылары хақ. Бүгінде осы кәсіпкерліктің шыңынан көріне білген «Жаннұр» дүкенінің иесі – Алтынай Бекбатырова. Алдағы бастамаңыз мемлекеттен қолдау тауып, кәсібіңіз өркендей берсін демекпіз.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ