Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадамың құтты болсын, Зерде!

Қадамың құтты болсын, Зерде!

Сыр өлкесіндегі өнерлі әулет шаңырағы көптен күткен шаттыққа бөленді. Әулеттің кенжесі Зерде Шырынхан ата-әке жолын қуып, өнер саласын меңгеруге талпыныс жасап, жоғарғы оқу орнына түсіп, аңсаған арманына құлаш сермеп отыр.

Ауданға танымал арғы атасы Садық сонау 1950-1960 жылдары О.Мәлібаев ауылындағы клубтың іргетасын қалап, сонда меңгеруші болып, абыройлы қызмет атқарған. Содан кейінгі атасы Шырынхан жастайынан өнерге құмар болып, үрмелі аспаптар оркестрінде жүріп, елге белгілі музыка маманы атанды. Кейінірек арнаулы оқу орнын бітіріп, туған жері Тереңөзекке оралып, алдымен Қалжан ахун, сонан соң А.Тоқмағамбетов ауылдарында клуб меңгерушісі, ойын-сауық отауларының мүшесі болып, түрлі мәдени шараларды атқаруға мұрындық болды. Осы аталған ауылдардың мәдени ошақтарын іргетасынан бастап қаласып, клубтардың жұмысын жандандыра білді. Тереңөзек кенті мәдениет үйінің әдіскері ретінде жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, мол тәжірибесін үйретіп, құрметті зейнет демалысына шықты. Бүгінде мәдениет саласының майталманы. Немере-шөбере сүйіп отырған ардагер ата. 

Шәкеңнің баласы Азиз Садықұлы аудандағы мәдениет саласын дамытуға қомақты үлес қосып жүрген азамат. Бүгінде аудандық мәдениет бөлімі бастығының орынбасары. Өмірлік жары Ақмарал Пернебаева аудан ғана емес облысқа танымал «Балауса» би ансамблінің жетекшісі. Енді болашағынан зор үміт күттірген қыздары Зерде ата-ана жолын жалғастырып, Алматы қаласындағы ҚазПУ-дің өнер факультетіне оқуға түсіп отыр.

– Ән де шырқап, би де билеп, музыкалық аспаптарды меңгеріп, жалпы өнер әлемінің қыр-сырын білу – бала кезден арманым. Сондықтан осы жолда ерінбей, жалықпай білім алып, ата-баба қолдауымен ойдағыдай аяқтап, туған жерге, халыққа қызмет жасасам арманым жоқ, – дейді Зерде.

Асқақ арманын аялап, өнер әлеміне басқан қадамың құтты болсын, Зерде! Өнерлі әулеттің жолын жалғастырып, еліміздің атын шығаратын жан болатыныңа сенімдімін – деп мен де аталық ақжолтай тілегімді білдіргенді жөн көрдім.


Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,
Тереңөзек кенті
13 тамыз 2025 ж. 46 0