Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 59 газет

09 тамыз 2025 ж.

№ 58 газет

05 тамыз 2025 ж.

№ 57 газет

02 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Абай мұрасын насихаттады

Абай мұрасын насихаттады

Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай облыстық, республикалық деңгейде сан түрлі іс-шара мен байқау ұйымдастырылуда. Ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын насихаттап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіре білу маңызды. Осы орайда Қармақшы ауданында өткен «Абай әлемі» атты облыстық өнер байқауында ауданның абыройын асқақтатқан Абылайхан Байділдаев бас жүлде иегері атанды.

Ұлтымыздың рухани қа­­зынасы – Абай мұрасы ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақ санасын тәрбиелеуде үлкен рөл атқарып келеді. Ұлы ақынның әрбір өлеңі, қара сөзі – өмір сабағы, әрбір ойы – ұрпаққа өнеге. Осы құн­дылықты жүрекпен сезініп, сахнада көрерменге жеткізе білген өнерпаздар қашан да биіктен көрінеді. Жақында өткен «Абай әлемі» облыстық өнер бай­қауына аудандардан 7 өнерпаз қатысып, бақ сынады. Іс-шара мәнерлеп жатқа оқу мен Абай мұрасынан ән айту бөлімінен тұрды. Өнер мен білімді ортаға салған байқау тартысты өтіп, аудан өнерпазы үздік танылып, Абылайхан Байділдаев жеңім­паз атанды.

– Байқаудың бірінші ке­зеңінде ұлы ақынның «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» атты өлеңін жатқа оқып шықтым. Сондай-ақ екінші кезеңінде «Көзімнің қарасы» әнін орындап, жүрекпен жеткізе алған­даймын. Дара тұлға Абай – мәңгілік тақырып. Оның сөзін айту үшін тек дауыс емес, жүрек керек. Сол жүректегі сезімді сахнаға жеткізе алсам, менің еңбегім ақталды деп білемін, – дейді өнерпаз.

Абылайхан Байділдаев – Асқар Тоқмағамбетов ауылының тумасы. Білім ордасының табалдырығын ауылдың №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектепте аттап, білім алған. Одан әрі аймақтағы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне түсіп, білімін кәсіби деңгеймен толықтырған. Еңбек жолын туған ауылының мәдениет үйінде бастаған. Қазіргі таңда талантты жас аудандық мәдениет үйінде қызмет атқарады.

Өнер жолында өзіндік із қалдырып келе жатқан жас буынның бірі ретінде Абылай­ханның жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Соның бірі – өткен жылы Ұлттық киім байқауының облыстық кезеңінде жүлделі ІІ орынды иеленген. Бұл жас талант иесінің жеткен жетістігінің бір парасы ғана. Жанды дауыста ән салғанда жүректерді шымырлататын да­уыс иесі бұған дейін де облыстық, республикалық байқауларда Сыр өңірінің абыройын асқақтатып жүр. Байқау соңында Абылайхан Байділдаевқа арнайы диплом мен бағалы сыйлық табысталды.

Өнерімен биіктен көрінген Абылайхан алдағы уақытта да тың ізденістер мен жаңа белестерді бағындырады деп сенеміз.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

09 тамыз 2025 ж. 202 0