Абай күні: облыс көлемінде 200-ден астам іс-шара өтуде
Қызылорда қаласындағы "Абай аллеясында" Абай күніне орай «Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ...» атты облыстық байқаудың жеңімпаздарын марапаттауға арналған іс-шара өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысушыларды атаулы күнмен құттықтады.
«Біз Абай шығармаларынан елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын тілеулес болуды үйрендік. Өркендеудің негізі білім мен ғылымда екені анық. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін қалады.
Бұл тұжырымдар қазір де өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты - биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу. Ал, біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатарда болу» - деді Шахмардан Асқарұлы.
Бұл байқауға Қызылорда қаласы мен аудандардан көркемсөз оқу және ән айту шеберлігін қатар меңгерген 16-35 жас аралығындағы талапкерлер қатысқан.
Олар Абай шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу, «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа айту, Абай әндерін орындау бойынша сынға түскен болатын.
Байқау жүлдегерлеріне арнайы Алғыс хат, бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кету керек, аймақта Абай күнін атап өтудің өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, 10-20 тамыз аралығында 200-ден астам танымдық шара ұйымдастырылады.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі