Облыс әкімі Абай күнімен құттықтады
Құрметті жерлестер! Сіздерді Абай күнімен құттықтаймын! 10 тамыз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойлық жылынан бері Абай күні болып аталып келеді. Мемлекет басшысы "Абай — рухани реформатор" атты мақаласында "Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс" деп атап көрсетті.
Абай жазып қалдырған ұлағат, өсиет өзінің өміршеңдігін, маңызын, құндылығын жоғалтпай, ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Ақынның көрегендікпен айтқан терең ойлары, ілімі бүгін де өзекті.
Ол «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деп білім іздеуді, «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп кәсіп игеруді насихаттады. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп жұртшылықты бірлік пен ынтымаққа, "Адал еңбекпен мал іздемек, ол — арлы адамның ісі" деп адалдыққа шақырды. Бұл даналық сөздер ұрпақтың рухани тірегі, ізгілікке жетелейтін бағдары болып қала бермек!
Қадірлі қауым! Бүгінгі Абай күнінде қазақтың ұлттық санасын жаңғыртқан Абай ілімін бойына сіңірген ұрпағымыз өсіп-өркендей берсін деп тілеймін! Хәкім айтқан бес асыл іс — талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым бойынан табылатын жастарымыз тәуелсіз еліміздің тірегі болғай. Мереке құтты болсын!